Музей-қорықта көктемнің басты мейрамы – Наурызға арналған іс-шаралар басталып кетті. Қазақ этнографиясы бөлімі оқушыларға арнап, қазақ халық ертегілері мен аңыздарындағы кейіпкерлердің қатысуымен өтетін танымдық бағдарлама әзірледі.
Мерекелік бағдарламаны алғашқылар болып Өскемендегі №1 орта мектептің оқушылары тамашалады. Жүргізушілер – бөлім қызметкерлері Алмагүл Кенжина мен Сәуле Талдыбаева балаларға мерекенің ерекшеліктері мен басты салттары жайлы әңгімеледі. Содан кейін-ақ Алдар көсе мен басқа да ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен тартымды көріністер басталып кетті. Наурыз да жаңа жыл секілді өз персонаждары бар мереке. Олар Наурыздың мифтік құдіреті, жаңа өмірдің, жаңару мен ұзақ өмір сүрудің символы. Жүргізушілердің шақыруымен жеткен ақ сақалды Қыдыр ата осынау мекеннің қожайынына, яғни, музей-қорыққа, келген қонақтарға ақ батасын беріп, барлығын келе жатқан Наурызбен құттықтады. Одан соң тәтті-дәмділерден шашу шашылды. Қонақтарға мерекенің басты тағамы – наурыз көже таратылды.
Егер Наурыз тойланатын күндері сәби дүниеге келсе, оған міндетті түрде «наурыз» деген сөзі бар ат қойған. Мысалы, Наурызбай, Наурызгүл. Осылар жайлы сөз саптаған жүргізушілер нәрестені бөлеу рәсімін – «Бесікке салуды» көрсетті.
Қазақ этнографиясы бөлімі даярлаған мерекелік бағдарламаның ерекшеліктерінің бірі балаларға рәсімдерді көрсетіп қана қоймай, олардың өздерін де сол рәсімге тартуы болды деуге болады. Балалар Наурызға байланысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, кроссвордтар шешуге, қазақтың ұлттық ойындарын ойнауға, сондай-ақ, би билеп, ән салуға атсалысты. Сөйтіп, өздерінің барлық талант-дарындарын көрсетті. Ең бір атап өтерлігі, бөлім оқушыларға арналған Наурызды мемлекеттік тілде ғана емес, орыс тілінде де өткізді.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі
Суретті түсірген Сергей Суров.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|