Жамбыл атындағы саябақтың қалпына келтірілуі жалғасуда. Саябақ ортасында қазақ поэзиясының патриархы Жамбыл Жабаевқа жаңа тұғыр мен ескерткіш орнатуға арналған алаң дайындалып жатыр. Басқа да нысандар орнатылады.
Биылғы жылы Жамбыл атындағы саябақты абаттандыру аясында Ұлы ақын ескерткішінің астына тұғыр орнатумен бірге ескерткіштің өзін дайындау және орнату жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 2 желтоқсандағы «Монументті өнердің жаңа құрылыстарын құру қағидаларын бекіту туралы» № 371 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Шығыс Қазақстан облысы Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссияның 2018 жылдың 17 қаңтарында өткен жиналыстағы шешімімен Жамбыл ескерткішінің алдын ала жасалған жобасы Қазақстандағы жаңа монументті өнер ескерткіштерін орнату жөніндегі республикалық комиссияның қарауына жіберілген. 2019 жылғы 19 наурыздағы республикалық комиссия отырысында жоба талқыланып, бірауыздан мақұлданды.
Тас үстінде домбыра шертіп отырған Жамбыл – бұл ұлы ақынның қоладан жасалған жаңа бейнесі. Авторлар – белгілі алматылық мүсіншілер Сәрсен Сейітов пен Қазыбек Дулатов. Ескерткіштің биіктігі шамамен екі жарым метрге жетеді. Қазір саябақтың ортасында жаңа ескерткіш орнату аумағы дайындалуда. Жамбылдың бұрынғы кеудемүсіні тұғырымен бірге бөлшектелген.
Айта кетейік, қазір Жамбыл саябағында ересектер мен балаларға арналған барлық жағдай жасалуда. Әртүрлі жас аралығындағы балалар өздерінің уақыттарын пайдаланатын ойын алаңдары бар. Саябақты Алтай стадионынан бөлетін тас қабырғаның жанында орындықтар орнатылып, жаттығу құрылғылары мен воркауттарға арналған алаң дайындалуда. Бұл алаңда тас төселіп, турниктер және басқа да спорт кешендері орнатылуы мүмкін. Саябақтағы барлық құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|