31 мамыр Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып аталып өтіледі. Музей-қорық қызметкерлері Қазақстан Республикасының ішкі істері ұлттық гвардиясының 5518 әскери бөлімінде іс-шара өткізді. Оның барысында әскерилер мемлекетіміз тармхының қасіретті беттері жайлы танып-білді.
Егемен Қазақстандағы алғашқы заңдардың бірі – ҚР-ның 1993 жылдың 14 сәуірінде қабылдаған «Жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы» Заңы. Ал ҚР Президентінің 1997 жылғы Жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күні деп жарияланды. 1921-1954 жылдары Қазақстанда 100 мың адам қудалауға ұшырап, оның 25 мыңнан астамы атылды. Республика аумағында Карлаг (Қарағанды лагері), Степлаг (Дала лагері), АЛЖИР (Отанға опасыздық жасағандар әйелдерінің Ақмоладағы лагері) сынды бас бостандығынан айырылғандардың ірі-ірі еңбекпен түзеу лагерьлері орын тепті. Музей-қорықтың ақпараттық-ағарту бөлімінің қызметкері Анастасия Григорьева әскерилерге осылар туралы әңгімелеп берді. Оның әңгімесі әскери бөлім клубында орналасқан үлкен экраннан бейнематериал және слайд түрінде көрсетіліп отырылды.
Бұдан соң әскерилер ШҚОМА мен ІІД материалдары желісінде жасалған «Алаш – үлкен жолдың бастауы» атты суретті-деректі көрмеге шақырылды. Оны музей-қорықтың сирек кітаптар және иконажазу бөлімі дайындаған-ды. Осы жерде сондай-ақ, музей-қорықтың қор топтамасынан алынған Алашорда туралы кітаптар да қойылды. Сол бір сирек кітаптар арасында «Ресей. Біздің Отанымыздың географиялық сипаттамасы. Қырғыз өлкесі» деген репринтті басылым да бар. Ал онда «Алаш» партиясы басшыларының бірі Әлихан Бөкейхановтың мақаласы шыққан. «Алаш» ұлттық-саяси партиясының қазақ халқының ілім-білім мен тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы қызмет-қарекеті жайлы сирек кітаптар және иконажазу бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Кашаку толыққанды әңгіме өрбітті.
Кездесуге төрт жүзге тарта әскери қызметші қатысты. Музей-қорықтың ақпараттық-ағарту бөлімінің меңгерушісі, іс-шараны ұйымдастырушы Шынар Кәрібаеваның пікірінше, әскерилермен өткізілетін мұндай кездесулер олардың Отан тарихына қызығушылығы мен білім-пайымдарын кеңейтері хақ. «Біз музей-қорықпен бірінші жыл әріптес болып отырған жоқпыз, - деді 5518 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, майор Айтжан Мұхамедияр. – Біздің өзара бірлесіп атқарған шаруамыз Қазақстанның әр аймағынан келіп, жедел қызмет атқарып жүрген әрбір солдатқа бөлекше әсер етеді деп есептейміз. Олар музейде болады, Солжағалық кешенді аралайды және осы жердегі клубта өтіп тұратын іс-шараларға қатысады. Олар осындай іс-шаралардың арқасында мемлекетіміздің тарихын ұмытпайтын болады.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Сергей Суров.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|