7 шілде күні музей-қорықтың Солжағалық кешенінде ШҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Ертіс концерт» КМҚК шығармашылық ұжымының қатысуымен Ұлттық Домбыра күні аталып өтті.
Ұлттық Домбыра күні 2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен бекітілген болатын. «Домбыра – қазақтың жаны, - дейді Елбасы. – Біздің қазақ халқының әндері жан толқытады және оның мазмұны ерен философияға толы». Мереке «Алтай» фольклорлық ансамблінің өнерімен ашылды. Күні бойы қазақтың ескі халық аспаптарының көрмесі мен қолөнерші шеберлердің шеберлік дәрістері болды. Үлкен киіз үйде белгілі адамдардың музей-қорыққа сыйға тартқан аспаптары, оның ішінде шебер Б.Кеңшілік көшірмесін жасаған Абайдың үш ішекті домбырасы да қойылды.
Мерекеге келушілер Этноауылдың бас сахнасында «Әлем сазы» тобымен караокеге қатысу мен «Ансалдар» тобының өнерін тыңдау мүмкіндігіне ие болды. Кешке қарай мерекелік концерт болды. Оған Бәйжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, ШҚО әкімінің симфониялық оркестрі, сондай-ақ, Қазақстанның эстрада жұлдыздары – «Ұлытау» тобы, Еркін Шүкіманов пен Айбек Бекбосынов сынды белгілі әншілер қатысты.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Сергей Суров.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|