Қолөнершілер шығармашылығының Бекжан Батырдың 310 жылдығына (1709-1730) арналған халықаралық фестиваль-конкурсына қатысушыларды жоғары шеберлік пен жаңашылдық дараландыра түсті. Фестиваль 13 қыркүйекте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Асыл мұра» шағын бағдарламасы аясында Семей қаласында өтті. Оны ұйымдастырушылар қатарында музей-қорықтың халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімі де болды.
Фестивальға Шығыс Қазақстанның, сондай-ақ, Павлодар, Жамбыл және Алматы облыстарының қолөнершілері қатысты. Ал Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ресейден, Қытай мен Моңғолиядан арнайы шақырумен келгендер оның құрметті қонақтары болды. Іс-шараның мақсаты: Қазақстанның халықтық қолөнерін жаңғыртып, танымал ету, дарынды һәм өзіндік айтары бар шеберлерді тауып, қолдау көрсету, сонымен қатар халықтық және сәндік-қолданбалы өнердің жаңа бағыттарын анықтау, сондай-ақ, жастар бойында қолөнершілік шығармашылығына деген қызығушылықты қалыптастыру.
Конкурс бес аталым бойынша өтті. Жеңімпаздар қатарында облыс орталығының шеберлері де бар. Олар: Наталья Кузнецова («Жоғары шеберлік»), Алёна Кузьмина («Кәсіпкерлік»), Байболат Дәлентаев («Дизайндағы жаңашылдық»). Ал үздік бұйым жасаған Сергей Родионовқа бас жүлде (Гран-при) бұйырды.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|