14 қарашада Жамбыл Жабаев ескерткішінің салтанатты ашылуы ақын атындағы саябақта өтті. Ескерткіш облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен орнатылды. Оның ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы Өскеменде мұндай ескерткіштің ашылуы қазақ халқының ұлы перзенттерінің галереясын жасауға қосылған үлкен үлес екенін атап өтті. Саябақ поэзиялық кездесулер мен байқаулар алаңына, Қазақстанның белгілі мәдениет қайраткерлерінің мұраларын тарататын орынға айналуы керек.
Алматы облысындағы Ж. Жабаев әдеби-мемориалдық музейінің басшысы, жыр алыбының немересі Салтанат Жамбылова жиналғандарды қала өміріндегі ұмытылмас оқиғамен құттықтады. Ескерткіштің ашылуына Салтанат Тезекбайқызымен бірге Жамбылдың 1945 жылы туған немересі Жеңісхан Жамбылов та келген екен.
Ескерткіштің үстіндегі мата-жабынды суси төмен түскені сол еді, қолына домбыра ұстап, таста отырған ақын көрермендердің көзайымына айнала берді. Ақынның оң қолы биікке созылып тұр. Мүсін авторлары – алматылық шеберлер Сәрсен Сейітов пен Қазыбек Дулатов. Осы жерде жыр алыбының қалың елге танымал болған «Ленинградтық өренім» атты өлеңіндегі: «Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің! Нева өзенін сүйкімді, бұлағымдай көремін» деген жолдар еске түсті.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі
Суретті түсірген Алексей Мазницын
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|