Музей-қорықтың бірнеше жылдан бері Санкт-Петербургтегі Орыс музейінің филиалы болып табылатын ақпараттық-ағартушылық бөлімі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына және орыстың көрнекті қолбасшысы А.В. Суворовтың туғанына 290 жыл толуына арналған «Орыс өнеріндегі батырлар мен жеңістер» атты мультимедиялық ресурстардың VIII Халықаралық конкурсында жүлделі орынға ие болды
Аталған бөлімнің қызметкерлері бөлім меңгерушісі Шынар Кәрібаевамен бірге осы бір конкурсқа қатысуға Қазақстан-Американ еркін университеті колледжінің оқушыларын тартқан еді. Олар «Студенттер (ұжымдық жұмыс)» аталымында II орынды иеленді. Наиля Әбішеваның, Алтынай Тілеуханованың, Адэл Матниязованың, Зинаида Накалюжная мен Виктория Ушакованың мұрындық болуымен «Соғыс портреті. Жеңіс келбеті» атты мультимедиялық фильм әзірленді.
«Ересектер (жеке жұмыс)» аталымы бойынша III орын «Өмір үшін от кешкендер. Бас имейтін қала» атты сайты үшін Олеся Маратқызы Байғонысоваға бұйырды. Бұл жұмыс кәсіби деңгейде аталып өтіп, Орыс музейінің барлық филиалдарына ұсынылды.
Наурыз айында Санкт-Петербургтегі Орыс музейінде конкурсқа қатысушыларды марапаттайтын салтанатты рәсім өтуге тиіс еді. Алайда, музей-қорықтың өкілдері де шақырылған бұл іс-шара коронавирус пандемиясына орай жарияланған карантинге байланысты кейінге қалдырылды.
«Өмір үшін от кешкендер. Бас имейтін қала» сайты Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын тойлау шеңберінде жасалған болатын. Ол 1941 жылдың 8 қыркүйегінен 1944 жылдың 27 қаңтарына дейін қоршауда қалған Ленинград қаласы тұрғындарының ерлігіне арналған.
«Біз сайт тұрақты болмауы керек деп есептейміз, - дейді бөлім меңгерушісі Шынар Кәрібаева, - сол себепті сіздерден, біздің келушілерімізден сайтқа ақпарат салуды ұсынамыз. Бәлкім, сіздер аталарыңыз бен арғы аталарыңыздың осынау шаһарды қорғағанының куәсі ретіндегі фотосуреттермен, тарихымен және хаттарымен бөліскілеріңіз келетін болар. Біз олардың тарихын білуге және өзгелерді де олардың тарихымен таныстыруға бейілміз. Осы сынды ақпарат болып жатса оны ukam@rusmuseumvrm.ru электронды поштасына жібере аласыздар».
Музей-қорықтың баспасөз қызметі
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|