Музей-қорықтың халықтар және аз санды этнотоптар этнографиясы бөлімінің қызметкерлері қазақтың ежелден келе жатқан алғашқы қымыздан ауыз тию дәстүріі – «Қымызмұрындық» мерекесін өткізді.
Горький көшесі, 59 мекенжайында орналасқан киіз үй жанында, карантинге байланысты барлық сақтық шараларын сақтай отырып өткізілді. Мерекені аталған бөлімнің аға ғылыми қызметкері Гүлнар Бекбердинова мен этнолог Мирхат Шәмшиев жүргізді.
Мерекені өткізудегі мақсат – қазақ халқының дәстүрлеріне, тарихы мен мәдениетіне, сонымен қатар ұлттық ас мәзіріне ден қойып, назар аудару. Әнші Қуаныш Оралбаев пен облыстық Достық үйінің «Ақбосаға» ансамблінің өкілдері мерекенің құрметті қонақтары болып, концерттік бағдарлама ұсынды.
Мереке бата беру үрдісі көрсетілген театрландырылған қойылыммен басталды. Оны халықтар және аз санды этнотоптар этнографиясы бөлімінің қызметкерлері орындады. Атап айтқанда, тостағандарға қымыз құйылмай тұрып, қазақ этнографиясы бөлімінің ғылыми қызметкері Болат Елікбай бата берген соң шашу шашылды.
Дәстүр бойынша қымыздан ауыз тигізетін мерекелік дастарқан жайылды. Мерекеге жиналғандар түгелдей музей-қорықтың тарихи-археологиялық «Ақбауыр» кешенінің қызметкерлері Сағыр елді мекенінен әкелген қымыздан дәм татуға шақырылды. Бұл мамыр айындағы тіл үйіретін уыз қымыз және 3-4 күн ашытылған құнан қымыз еді.
Жалпы қалыптасқан дәстүр бойынша қымызмұрындық мерекесі кезінде бәйге ұйымдастырылып, әртүрлі жарыстар өткізіледі. Ал аталған іс-шараны ұйымдастырушылар жылқыға, салт аттылар мәдениетіне қатысты сұрақтар қойылған «Сен қымыз жайлы не білесің?» атты викторина ұсынды. Онда бие сүтін пайдалану, қымызды дайындау әдісі және қымыздың атауларына қатысты білімділікті байқату талап етілді.
Викторина жеңімпаздары қымызбен марапатталды.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|