Рождество күндері мұражай-қорықтың «Жастар» саябағында ашық аспан астындағы экспозицияда №№ 3, 8 мектептердің оқушылары үшін «Әлем елдері бойынша жаңажылдық саяхат» атты театрландырылған рождестволық экскурсиялар өткізілді. Экскурсияны Аяз Ата мен Ақшақар қыз жүргізді. Осы жерде балалар ғажап оқиғаларға тап болды. Өйткені біздің өлкемізде тұратын халықтардың жаңажылдық кейіпкерлері бір жерге бас қосқан екен.
Әрбір кейіпкер өз халқының Жаңа жылды қалай қарсы алатыны туралы әңгімелеп қана қойған жоқ, сонымен қатар әдет-ғұрыптарымен таныстырып, ойындар өткізді. Мәселен, славян халықтарында балалар хороводқа қосылып, ән шырқаған, қар лақтырып ойнаған. Белорустардың аяз құдайы Зюзя балаларды сақылдаған сары аязбен қарсы алып, адамдар кезінде оның көңілін қалай аулағандары жайында сыр шертті, «Заморозка» ойынын өткізді.
Татар үйінің алдында қонақтарды татар костюмін киген экскурсовод қарсы алып, өзінің кейіпкері – шекесінде мүйізі бар және денесін жүн басқан ұзын тырнақты Шурале туралы әңгімелеп берді. Балалар, сондай-ақ неміс балаларының ұйқыға жатар алдында ең көрнекті жерге шұлықтарын іліп қоятыны және Санта Клаустың түнде соларға сыйлықтар салатыны жайында білді.