Шығыс Қазақстан облыстық мұражай-қорығының күміс коллекциясы таңқаларлық. Онда мәдениет пен өнердің керемет туындылары жиналған: қазақтар мен орыстардың зергерлік күміс әшекейлері, монеталар, икондардың окладтары, құдайға табыну заттары және, әрине, күміс ыдыс-аяқ.
Күміс бұйымдар – бұлар тек мәдениет пен өнер ескерткіштері ғана емес, сонымен қатар тарихи дереккөз, өйткені оларға соғылған таңбалардың, жазулардың, монограммалардың арқасында қызықты дүниелерді, тарихтың белгісіз беттерін ашуға болады.
Күміс ХІХ ғасырға дейін ақсүйектердің артықшылық белгісі болып табылатын. Үй коллекциясындағы күміс заттардың санына, бұлардың сапасы мен көп түрлілігіне қарап, олардың иесінің ауқаттылығы және оның қоғамдағы алатын орны жайында білуге болатын. Бұл бағалы металл коллекция жасау үшін керемет нысан болып табылады.
1788 жылмен мерзімделген ас қасық мұражайдағы ең көне күміс бұйым. Күмістің балқымасы 875 сынамалы. Қасықтың сабында мәскеулік белгісіз шебердің (оның заттары, сондай-ақ, Мәскеу қаласының Мемлекеттік тарихи мұражайында сақталуда) және 1762 – 1792 жылдар аралығында жұмыс істеген альдерман (сапа жөніндегі шебер) Алексей Косаревтің таңбалары бар. «Сапа жөніндегі альдерманның» жүрек тәрізді қалқаншадағы үш әріптен тұратын және олардың бірінші әрпі әрдайым «А» болып келетін таңбасы Мәскеуде ХҮІІІ ғасырда енгізілген. «Егер зат жақсы шеберлікпен жасалса» ғана альдерман таңба салған. Мәскеу қаласының гербі – салт атты Георгий Победоносецтің бейнесі 1741 жылдан бастап мәскеулік таңбаға айналды.
Сазиковтың белгілі фирмасының 875 сынамалы күмістен жасаған 1848 жылғы ыдысшайғышы бірегей. Үшінші гильдия көпесі Павел Федорович Сазиков Мәскеудегі фирманың негізін қалаушы. Оның филиалы 1842 жылы Санкт-Петербургте ашылған еді. 1848 жылдан бастап фирма сарай жанындағы жабдықтаушы атағын алып, Ресейдегі алғашқы орындардың қатарында жүрді, Лондон көрмелерінде бірнеше рет, атап айтқанда, күміс мүсін үшін, сыйлықтар алған болатын. Сазиков фирмасының шығармалары сату үшін шетелдерге шығарылып жүрді.
Біздің ыдыс шайғышымыздың бедерлі сымбатты корпусы ішкі жағына жалатылған алтынынан, сопақ томпақшалар тізбесі түрінде жиегінің бойымен қайталанып отыратын қарапайым өрнегі мен аласа сирағынан басқа қандай да болмасын бір әшекейден ада деуге болады.
Қобдиша
900 сынамалы күміс, ширатпа, түйіршік
Мәскеу
күміс ісінің шебері, ширатушы мещанин Василий Иванович Попов,
1849 ж.
КП 8 – 16657
Сақиналар салуға арналған шағын қобдиша (6,0 х 3,8 х 4,0 см) өзінің нәзіктігімен және әсемдігімен ерекшеленеді, ол «тазалықтан», яғни таза алтын мен күмістен жасалып, ширатпа техникасында орындалған, қоспасыз болғандықтан олардың жұмсақтығы сондай, бұлардан созылған сым өте жіңішке болып шыққан. Қобдишаны 1849 жылы Мәскеуде «91» сынамалы («91» сынама 1847 жылы белгіленген) күмістен күміс ісінің шебері, ширатпашы әрі мещанин Василий Иванович Попов жасаған, оның қолынан шыққан бұйымдар (бақыр, сыйлықтасығыш, потир және басқалар) Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік мұражайда сақталуда. Қобдиша тікбұрышты, бүйір жақтары шығыңқы келген. Түбі мен бүйір жақтарындағы пальметта түріндегі (пальманың желпуіш тәрізді мәнерленген жапырағы) торкөзді жеңіл өрнек өте нәзік орындалған. Қақпағы көп күлтелі қомақты гүлмен әшекейленген. Үлбіреген, әдемі, жеңіл, барынша салмақсыз, шағын алақанға сиятын, қайталанбайтын жылтыры көзге жұмсақ көрінетін бұл қобдиша – мұражайдың күміс коллекциясындағы таңдаулылардың бірі.
Бүйір жақтарында мәнерлі тұтқалары бар сандықша түріндегі (12,2 х 8,3 х 8,0 см) шәйсалғыш керемет, ол Мәскеуде 875 сынамалы күмістен дәстүрлі түрде жасалған, алайда, әдетте қара және көк шәй салуға арналатын екі бөлімнің орнына тек бір бөлімі бар. Таңбалаушы белгісіз шебердің таңбасында – 1883 жыл белгіленген.
ХІХ ғасырда шәй қымбат болған, сондықтан үй қызметшілері кейде оны ұрлап, шәй жапырақтарының орнына өздері дайындаған қайдағы бір шөппен ауыстырған. Әдетте шәйсалғыштар құлыпқа жабылатын, мұражайлық шәйсалғыш та сондай. Тек шағын құлып ілетін ілмегі бар жапсырма ғана сақталып қалған. Шәйсалғыштың өрнегі бай әрі санқырлы, ол оның бүкіл бетін алып жатыр және қақпағында, бүйір жақтарында қайталанып отырады.
Өрнектің жекелеген сарындары ғасырлар түкпіріне кетеді. Күрделі келген көне өрменің нышандарын өзара өрілген таспалары бар ромб тәрізді жиектемеден байқауға болады. Өрнектің ортасында екі кіндіктес шеңбер, тек қақпағының үстіңгі беті дөңес болғандықтан шеңберлердің орнына – овалдар орналасқан. Шеңберлердің айналасында жапырақтар және жемістері бар жапырақтар алқасы бар. Қапталдарының бұрыштарына да жемістері бар жапырақтар бедерленен.
Столға қоятын қоңырауша
875 сынамалы күміс, Санкт Петербург, Никольс Карл мен Плинкенің фирмасы, ХІХ ғасырдың бірінші жартысы
КП 9 - 17636
Күміс қоңырауша – төңкеріске дейінгі Ресейдегі дворяндар тұрмысының ажырамас элементі. Мұражай коллекциясында столға қоятын, ағаш тұтқалы құйма қоңырау бар, ол гүлдер мен жапырақтардан тұратын алқа түріндегі бедерлі өрнекпен, шекіме және түйіршікпен әшекейленген. Никольс Карл мен Плинке иелік еткен ірі фирма шеберханасында ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Санкт-Петербургте жасалған. Бүгінде осы фирманың шәй сервиздері, вазалары Мәскеудің Мемлекеттік тарихи мұражайында сақталуда.
Шаш күтіміне арналған сәндік жиынтық әдетте щеткадан, тарақтан және айнадан тұратын. Мұражайдың күміс жинақтамасында айна мен көлемдері әртүрлі үш щетка бар. Коллекцияның толық болуы үшін, өкінішке орай, тарақ жетіспейді. Барлық заттардың жақтаулары монограммалармен және шағын батырмалы көлемді гүлдері – раушандары бар бедерлі жиектермен әшекейленген.
Жүлделік кубок 875 сынамалы күміс, 1907 жыл,
«Оның императорлық Мәртебесі Г.И.Мария Федоровна өз қолымен тарту еткен. С.П.Зеленковқа. 1907 жылғы 25 желтоқсан» деген бедерлі жазуы бар. КП 0 – 21290
Ескерткіштік сыйлықтар мен жүлделердің арасынан Ресейдің елтаңбасы – екібасты бүркіттің ойма бейнесі бедерленген, сирағы бар, көлемі шағын кубокті көруге болады. Елтаңбаның айналасына – «Оның Императорлық Мәртебесі Г.И.Мария Федоровна өз қолымен тарту еткен» деген, төменде жалғасы – бір жолға «С.П.Зеленковқа 1907 жылғы 25 желтоқсан» деген жазу ойып жазылған. Қарсы жағында – вензель орналасатын бос жер. Мария Федоровна – патшайым, император ІІІ Александрдың зайыбы, император ІІ Николайдың анасы, дат королі ІХ Христианның қызы. Ол 1847 жылы 14 қарашада дүниеге келген, 1894 жылдан бастап жесір қалған.
Жазу кубоктің Тұрғысын селосының казагы С.П.Зеленковқа 1907 жылы сыйланғанын куәлік етеді. Бұр орайда, жерлесіміздің қандай еңбегі үшін атап өтілгенін тек болжай аламыз. Бұл кубокті мұражайға С.П.Зеленковтың қызы, Тұрғысын ауылының тұрғыны Мария Астахова тапсырған.
Жүлделік кубок 875 сынамалы күміс, Калуга Күміс ісінің шебері Николай Александрович Сапожников,
ХІХ ғасырдың 80-90-шы жылдары. Бедерлі жазу: «Шабандоздығы үшін. ІІІ Сібір казак полкі»
КП 19 – 20935
Тағы да бір назар аударарлық кубокті мұражайға В.Л.Андреев тапсырған болатын, бұл кубоктың иесі – атасы Тимофей Иванович Максимович, ол Орынбор облысының Сорочинск қаласында 1889 жылы өмірге келген. Т.И.Максимович тегінде ІІІ Сібір казак полкінде қызмет еткен болуы керек, өйткені кубокта 4 жолға: «Шабандоздығы үшін. ІІІ Сібір казак полкі» деген жазу бедерленген. Сібір казак әскерінің 1872 жылы құрылған ІІІ ат полкі біздің өлкемізде орналасқан, оның бөлімдері Өскемен қаласында тұрған.
Кубок 875 сынамалы күмістен құты түрінде жасалған, өсімдіктік ойма өрнекпен (бұтақтар, жапырақтар және гүлдер) әшекейленген. Кубоктің авторы Николай Александрович Сапожников – ХІХ ғасырдың 80-90-шы жылдары Калугада жұмыс істеген атақты 10 шебердің бірі. Оның күмістен жасалған бұйымдары, сонымен қатар Ресейдің Калуга өлкетану және Мемлекеттік тарихи мұражайларында сақталуда. Солардың ішінде икондарға ілетін вотивті (тұмар) қосымшалардың – қолдар, аяқтар, жүректер, көздер, тістер немесе тұтас фигуралар, жартылай фигуралар және бас түріндегі адам денесінің жекелеген бөліктерінің саны мол. Олардың пайда болу тарихын былай түсіндіруге болады: адамдар сырқаттарынан сауыққандары үшін алғыс ретінде адам денесінің ауру мүшелері – қол, аяқ, жүрек түріндегі бейнелерді құрбандық жасап, иконаға іліп кетіп жүрген.
Мұражай 1999 жылы «отбасылық күміс» – 800 сынамалы күмістен жасалып, 162 заттан тұратын ас құралдарын: әртүрлі қасықтар (45 дана), шанышқылар (62 дана), пышақтар (40 дана), қалақшалар (2 дана), теңіз және өзен шаяндарына арналған қармақтар (11 дана), шақпақ қантты іліп алатын қысқаш (1 дана), шай сүзетін сүзгіш (1 дана) сатып алды.
Өткізуші – Өскемен қаласының тұрғыны Валентина Евгеньевна Беньяштың айтуы бойынша күміс оған анасы жағынан атасы – Соломон Пинхуанович Левиннен (1880-1969) қалған, ол Өскеменге Кострома облысының Галич қаласынан 1959 жылы көшіп келген. Төңкеріске дейін С.П.Левин Берлинде тұрған, онда ол тіс дәрігері болып істеген. Асүйлік құралдар жиынтығы оның Ника Александровна Дерермен некелесуінің 10 жылдығына орай өзінің тапсырысы бойынша Берлинде 1910 жылы жасалған. Күмістің неміс жерінен шыққаны туралы оның сынамасынан білуге болады, өйткені Германияда күмістің тек 800 сынамасы ғана болған. Жиынтықтың барлық заттарында иесінің тегін, атын, әкесінің атын белгілейтін вензель бедерленген. «Отбасылық күміс» мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа өтіп отырған, ол мұқият күтіп ұсталған және ерекше салтанатты жағдайда ғана столға қойылатын болған.
Бет пен қолдарға арналған оймалары бар «Әулие Николай Чудотворец» иконының (12,1 х 1,0 х 19,0) бедерлі шекімелі күміс оклады өте тартымды. Фелоні (священниктің сыртқы жеңсіз киімі) төрткүлтелі гүлдер түрінде бедерленген өсімдіктік ою-өрнекпен, омофор (архиерейлердің иығын жабатын жамылғы) – әдіппен және қабыршықты өрнекпен, негізі – қалың бедерлі өсімдіктік өрнекпен әшекейленген. Жақтауы жіңішке, бедерлі, дөңгелек, біркелкі ауысып отыратын көлденең сызықтары мен крестері бар. Окладтың төменгі шеті бойында Мәскеу қаласының гербі мен белгісіз сынамашы шебердің салған таңбасы бар және 1869 жыл деп мерзімделген.
Икондар мұра ретінде қалып отырған, солар арқылы ризашылықтарын білдірген. «Николай Чудотворец» иконы анасының ұлына берген батасы іспеттес. Икона жасалғаннан кейін 30 жылдан соң ұлына сыйланған екен. Бұған иконаның сырт жағындағы «Ұлым Николайға берген батам өзіңді сүйетін анаңнан. 1899 жылғы 24 желтоқсан» деген қолжазба куә.
Мұражай жинамасында ХІХ ғасыр басындағы күміс окладты екі икона – 1802 жылғы «Әулие Құдайананың көз жұмуы» және 1819 жылғы «Әулие Савва Освященный» (9,0 х 7,0 х 0,7) деген шағын икона бар. Әулие Савва – Иорданға таяу жердегі шөлдегі монастырдің негізін қалаушы, кейін ол Савва Освященный лаврасы аталған болатын, әулие монастырь тұсында бейнеленген. Төменгі шетжағында күміс ісінің шебері Василий Яковлевтің таңбасы бар, ол 1805-1822 жылдары Мәскеуде жұмыс істеген.
«Үш святитель (әулие епископ Митрофан, Иоанн Златоуст, әулие епископ Тихон) әулиелер Иларионмен және Параскевамен» окладының сюжеті иконаның сюжетін толығымен қайталайды. Бұл оклад 1852 жылы Мәскеуде Василий Семенов негізін қалаған күміс бұйымдар фабрикасында 1868 жылы жасалған. Сынама шебері – 1862-1875 жылдары жұмыс істеген А.Свечин.
ХІХ ғасырдағы «Тамұққа түсу» түріндегі «Христостың тірілуі» иконының 12 таңбалы оклады көлемді, шекімелі, 875 сынамалы күмістен жасалған. Иконада таңбалар жоқ, өйткені күмістік қатарға біріккен қол өнершілерден басқа да күмісшілер мен алтын ісінің шеберлері айтарлықтай көп болған, олардың бұйымдары базарда сатуға арналмаған және таңбалауға жатпайтын. Олар монастырлердің, архиерей үйлерінің, шіркеулердің мүддесі үшін жұмыс істеген алтын және күміс істерінің патриархтары, «қазыналық монастырлік күмісшілер» мен «үйлік» қолөнершілер болатын.
Тағы да: мынаны атап өткен жөн, күміс коллекциядағы бүкіл осынау бір бірегей бұйымдарды мұражайға қаламыз бен облысымыздың тұрғындарынан ғана емес, сонымен қатар ХХ ғасырдың сексенінші жылдары Ленинград қаласының антикварлық комиссиялық дүкендерінен де қолжетімді бағамен сатып алу мүмкін болған еді. Соның арқасында республикамыздағы орыс күмісінің таңдаулы коллекцияларының біріне біздің мұражай ие болып отыр.
Ж.Ж. Қайырбекова
Кілегей сауыт 925 сынамалы күміс Германия ХХ ғасыр ортасы |
«Үйрек» миниатюрасы 925 сынамалы күміс ХХ ғасыр ортасы КП 37 - 26062 |
Шәй қасықтар 916 сынамалы күміс ХХ ғасыр ортасы |
Тұзсалғыш Хрусталь, 875 сынамалы күміс, алтын жалату ХХ ғасырдың екінші жартысы |
Шақша Берік Әліпбай 875 сынамалы күміс, обсидиан, қалыптау, жалған түйіршік 2005 жыл |
< Предыдущая | Следующая > |
---|