• Увеличить размер шрифта
  • Размер шрифта по умолчанию
  • Уменьшить размер шрифта
қор қор туралы Қор туралы

Қор туралы

Мұражай неден басталады? Бұл сауалға берілетін жауап сұрақты қоюшыға байланысты болады. Ол қала қонақтары үшін – сәулеті қызықты құрылыстардан, мұражайға келушілер үшін – мұражайдағы заттармен таныстыратын экспозициялық залдардың ерекше ахуалынан басталады. Ал қызметкерлердің өздері үшін – негіздердің негізі, мұражайдың жүрегі – оның қорынан басталады. Өйткені, кезкелген бағыттағы мұражай қызметінде мұражай заттарын сақтау бағдарламасы «басымды» бағыттардың қатарына жатады.

Мұражайлық заттарды ғылыми тұрғыдан сипаттап жазу, оларды таңбалау, сақтау орнын ұйымдастыру, түгендеу, қолда барын салыстыра тексеру – міне қор жұмысының негізгі бағыттары осылар. Мұражай қызметтерінің ішіне кіретін: мұражай заттарын толықтыру, сақтау, зерттеу және таныстыру сияқты шаруалардың ең маңыздысы сақтау деп атап айтуға болады.

Бұл орайда мұражай заттарын сақтау дегеніміз «затты сақтау» және «зат туралы ақпаратты сақтау» деген түсініктердің қосбірлілігін тұспалдайды, өйткені олардың маңыздылығы бірдей.

Мұражайлық затты оның табиғи түрінде сақтау үшін арнайы тәсілдер қолданылған, оларға: сақтауға арналған үйжайларды ұйымдастыру, осы үйжайларды арнайы жиһазбен жабдықтау, құлыптап, дабыл жүйесін орнату және т.б. енеді.

Мұражайда мұражайлық заттар туралы ақпаратты сақтаудың бірыңғай жүйесі дәл осылай жұмыс істеуі тиіс: бұл – есепке алу құжаттары, қор құрылымы, есепке алу әдістемесі мен тәртібі, жауапты сақтаушылар институты және т.б.

Мұражай қызметкерлерінің алдында мұражай заттары жайындағы ақпаратты сақтау жүйесін қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келтіру міндеті тұр. Осы проблеманы шешу барысында мұражай қызметкерлеріне мұражайда қалыптасқан және нұсқаулықтарда жазылмаған көптеген қалыпты емес жағдайлардан шығатын жол іздеуге тура келеді, өйткені олардың әрбір мұражай үшін өзіндік ерекшелігі бар.

Есепке алудың мемлекеттік жүйесінің мән-жайы «Мұражай құндылықтарын есепке алу және сақтау жөніндегі нұсқаулықта» баяндалған. Сонымен қатар, әрбір мұражай өз мұражайының ерекшеліктерін, оның дәстүрлерін, жинақтамасының құрамын, қорының ғылыми және есепке алыну дәрежесін ескере отырып ішкімұражайлық нұсқаулықтарын жасайды. Дегенмен негізгі бес ереже барлық мұражайлар үшін өзгеріссіз қалады, олар:

- негізгі қорды бөлу;

- түсімдерді тіркейтін тігілген әрі мөрленген кітаптар мен беттері номерленген түгендеу кітаптарының болуы;

- актілер және актілерді тіркеу кітаптары арқылы түсімдерді және мұражай заттарының кезкелген қозғалымын тіркеу;

- жауапты сақтаушылардың болуы;

- сараптау қор-сатып алу комиссиясының болуы.

Осы жүйенің болуы:

- мұражай қорының және мұражай қоры туралы ақпараттың заң жүзінде қорғалуын қамтамасыз етеді;

- мұражайдың қандай материалдарды сақтайтынын, саны қанша екенін, олардың қайда орналасқанын және олар үшін кімнің жауап беретінін кезкелген уақытта білуге мүмкіндік береді;

- есепке алу құжаттарына жалған ақпараттың енгізілуіне жол бермейді, әрі қажет болған жағдайда жоғалған ақпаратты қалпына келтіруге көмектеседі.

Қор-сатып алу комиссиясының шешімімен бір немесе басқа қорға жатқызылған мұражай заттары тіркеуден өтеді (негізгі және ғылыми-қосалқы қор түсімдері кітаптарында 1 саты).

Бұл ретте әрбір жеке зат негізгі немесе ғылыми-қосалқы қор түсімдері кітаптары бойынша қайталанбайтын жеке номер алады (н.қ.ТК және ғққ ТК).

Бүгінде мұражай қоры – бұл айтарлықтай ауқымды да күрделі шаруашылық, оған 50 000-нан астам мұражайлық заттар кірген. Заттар материалдық-заттық принцип бойынша, яғни мұражай заттарының материалына және олардың мәндік орнына байланысты коллекцияларға бөлінеді.

Қор жылына орта есеппен 3000 – 5000 мұражайлық заттармен толығып отырады.

Шығыс Қазақстан облыстық мұражай-қорығы Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар басқа да елдер халқының этнографиялық және тарихи-мәдени мұрасын паш ететін сирек жинақтамаға ие.

Бүгінде «Маталар» және «Ағаш» коллекциялары мұражайдың ең маңызды коллекциялары болып табылады, олардың әрқайсысында 5 мыңнан астам зат бар. Бұлар – киімдер, кілем-киіз бұйымдар, рушниктер мен белбеулердің бірегей коллекциясы. Қазақтардың тоқымашылық бұйымдары – басқұрлар, баулар, алашалар, қоржындар және тағы басқалар келушілердің қызығушылығын тудыруда.

Қазақтардың сәндік-қолданбалы өнерінің ең көне түрлерінің бірі – ағаш оюмен шұғылданатын шеберлердің өнері. Мұражайдың қорында жүкаяқтар, сандықтар, кебеже, сондай-ақ әртүрлі ыдыс-аяқ – қымыз құюға арналған тегене, ожау және тағы басқалар сақталуда.

Ежелгі орыс өнеріне тән сипаттың, оның өзіндік ерекшелігінің, жоғары руханилығының бәрі икондарда барынша көрініс тапқан. Мұражайда майлы бояумен жазылған және темпералық кескіндеме техникасында орындалған 300-ден астам икона бар. Коллекция мұражайдың облыс аудандары бойынша экспедицияларға шығуы және жеке адамдардан сатып алуы жолымен жинақталды. 1986 жылдан бастап, бірнеше жыл бойы олардың 70-і Мәскеу қаласының реставрациялық шеберханаларында қалпына келтірілді. Мұражай қорынан қалпына келтірілген 30 икона Мәскеу қаласының  А.Рублев атындағы мұражайында өткен «ХҮІІІ – ХХ ғасырлардағы шет аймақтық иконалар» атты көрмеге қойылған болатын.

Икондардың көпшілігі – ескідәстүршілдердің тұрмысында пайдаланылған ескідәстүршілдік ескерткіштер. Мұның өзін олардың өлкемізге қоныстану тарихымен түсіндірген жөн. Солардың ішінде халықтық, кейде шаруа иконы деп те аталатындардың орны бөлек. Қарапайымдылыққа ұмтылу – осындай  икондардың негізгі стилистикалық ерекшелігі деп есептеуге болады..

«Икона – бұл құлаққа арналған сөздей, көзге арналған, және де сауаттыларға арналған кітаптай, сауатсыз адамдарға арналған» – деп жазады Иоанн Дамаскин.

Деревня шеберлері дәстүрлі сюжеттер мен бейнелерді өз беттерінше суреттеп, иконографияға еркін түрде қараған. Олардың  өздерінің  сүйікті сюжеттері – шаруаның мұқтажына қамқорлық жасайтын аспан жанашырлары болған. Георгий – «Егорий», Илья пайғамбардың бейнелері ерекше құрмет тұтылған. Ең кең тарағаны Николай Чудотворец әулие еді. Николай әулие бейнеленген икондардың мұражай қорындағы саны 35-ке таяу.

Ескідәстүршілдердің арасында әулие Кирик пен Улита, Зосима мен Савватий өте кең тараған әулиелер болған. Мұражай қорында сирек кездесетін сюжетті икона бар – онда әулие Зосима мен Савватий әдеттегідей өздері негізін қалаған монастырьдің тұсында емес, ұңғыланған омартаның жанында бейнеленген. Бұл икона құдайға құлшылық етушілер арасында осы әулиелерді, ең алдымен, омарташылыққа қамқоршы ретінде қабылдайтын халықтың түсінігін бейнелейді.

Өңір аумағында сузундық жазба (Сузун селосы – оңтүстік-сібір елді мекені, онда икона жазу кәсіпшілігі болған) икондары болған.

Икондардың көпшілігінің көлемдері шағын («пядничные»), дегенмен храмдық, үлкендері де бар. Олардың арасында өте қызықты «өмірлік» икона ХҮІІІ ғасырдағы «Никола Можайский», сондай-ақ Иисус Христос 12 апостолмен бейнеленген ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы «Құпия кеш», ХҮІІІ ғасырдың «Табытқа салу» атты икондары және басқалар бар.

Славяндардың кітаптық мәдениетінің кириллдік бірегей ескерткіштері – мұражайдағы бүкіл жинақтаманың ең құнды коллекцияларының біріне жатады, олар ХҮІІ ғасырдың І жартысы – ХХ ғасырдың басымен мерзімделген. Шын мәнісінде бұл коллекция Шығыс Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар еліміздің де інжу-маржаны деуге болады.

Тақырыптық тұрғыдан алғанда бұл негізінен діни әдебиет болып табылады, олар өз қатарына таураттық мағынадағы кітаптарды (Апостолдар, Таураттар, Псалтырьлер және басқалар), дұғалық кітаптарды (Акафистер, Часовниктер), адамгершілікке үйрететін әдебиетті (Диоптра, Цветник), сондай-ақ әулиелердің өмірі жайлы кітаптарды енгізген.

Осы тәріздес кітаптарды дайындау техникасы әртүрлі: қолжазбалар, баспалық басылымдар мен гектографтар. Бұл ретте сыртқы безендірілуі де қызығушылық туғызуда: тері мұқабасында батырмалар мен қапсырмалар бар, сондай-ақ металл окладтың түрлі-түсті қалқалы эмалі мен кескіндемесі бар.

Коллекцияда 390 сақталу даралығы бар, олардың ішіндегі ең құндысы қолжазба және көне баспа кітаптары, ал кейінгі ХІХ ғасырдағы – ХХ ғасыр басындағы басылымдардың саны көбірек, олар Вильно, Киев, Мәскеу, Санкт-Петербург, Почаев, Орал және басқа қалалардың ескідәстүршілдік, әрі православиелік баспаханаларында басылып шыққан.

Мұражай-қорықтың қорындағы араб жазуымен шығарылған кітаптар коллекциясы мамандардың ғана емес, сонымен қатар түркі халықтарының рухани мәдениетіне ден қоятындардың да қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Коллекция ХІХ ғасырдың І жартысы – ХХ ғасыр басы аралығымен мерзімделеді. Кітаптар негізінен Қазанның, Орынбордың, Уфаның, Ташкенттің және басқа қалалардың баспаханаларында араб графикасы негізінде араб, түрік, татар, қазақ және басқа тілдерде басып шығарылған. Бұл дәстүрдің тамырлары ғасырлар тереңіне, яғни түркі тілдес халықтар жекелеген халықтарға бөлінбей, ортақ әдеби ескерткіштер жасаған заманға бойлаған. Коллекцияда 100-ге таяу сақталу бірлігі бар. Олардың ішінде Құрандар мен басқа да діни-құқықтық әдебиет, шариғаттар жинақтары, хадистер, дұғалар, тұмарлар басты орын алады. Зайырлық мазмұндағы кітаптардың саны аз. Негізінен бұлар – татар медреселеріне арналған оқу құралдары және көркем әдебиет. «Хиса Саиф Мүлік» (кітаптың атауын және 1894 жыл деп мерзімделуін Шығыс Қазақстан облысының бас имамы, араб тілінің маманы Ибрагим қажы Қарнақбаев айқындаған) дастаны – Қазан қаласында 1807 жылы қазақ тілінде шығарылған «Сейфіл Мәлік» атты тұңғыш баспа кітаптың кейінгі басылымдарының бірі болып табылады. Араб өрме жазуының бір түрі – бірқалыпты иілімі мен дөңгелектенген сызықтары бар «насталик» қолтаңбасы басты әшекейі болып есептелетін қолжазба айрықша қызығушылық тудырады, бұл жазуды каллиграф мамандар тек қолжазба туындыларында ғана пайдаланған.

Мұражайдың бүкіл жинамасындағы аса сирек коллекциялардың біріне  ХҮІІ ғасырдың І жартысы – ХХ ғасыр басымен мерзімделетін ставян кітаптік мәдениетінің ескерткіштері жатады. Коллекцияда 300-ден астам бірлік бар. Бұлардың дені ескідәстүршіл қолжазбалар мен гектографияландырылған басылымдар, ескібаспалық кітаптар мен құдайға құлшылық етушілік-діни мазмұнда кейіннен шыққан басылымдар.  Византиялық ағайындылар, славян ағартушылары Кирилл мен Мефодий ойлап шығарғаннан кейін ІХ ғасырдан бастап Ежелгі Русьте қолданылған ескі славян әліппесі – кириллица коллекцияның айқындаушы белгісі болып  табылады. 1708 – 1710 жылдары І Петрдің жарлығы бойынша қаріп пен баспаға жүргізілген реформаға қарамастан шіркеу әдебиетін шығарған кезде кириллица 1917 жылға дейін қолданыла берген. Коллекциядағы басқа кітаптардың ішінде 1909 жылғы «Священное Евангелие» бөлекше орын алады.

Алтай станицасының «Священное Евангелиесі» айтарлықтай танымал кітап. Ол мұражай залдарында бірнеше рет көрмеге қойылды, қаланың көптеген жылжымалы көрмелерінде және одан тыс жерлерде де көрсетілді. Республикадағы осы бірегей, тіпті жалғыз басылымды ХХ ғасыр басының полиграфиялық кереметі деуге болады. Көне фолиант әдеттегіден тыс көлемімен және безендірілу байлығымен (медальондардың айналасында евангелистердің кескіндемелік портреттері мен інжілдік сюжеттері бар, қалқалы эмальды және нәзік бедерленген көлемді оклад) көрмелерге келушілердің назарын өзіне аудартады. Ол – кәсіби шеберлердің Қазан төңкерісі қарсаңындағы тамаша туындысы. Осындай кітаптар өткен жүзжылдықтың басында Мәскеуде «Синодтың  рұқсаты бойынша» православтық храмдар үшін шығарылған екен. Олар напрестолдық ретінде пайдаланылған.

Бүгінде мұражайда сақталатын Қасиетті Інжіл кезінде Семей облысының Алтай станицасы – қазіргі Катонқарағай ауылындағы әулие Құдайананың Жамылғысы атындағы православ шіркеуіне сән беріп тұратын.

Станицаның негізі 1869 жылы қаланған. Н.Ядринцевтің естеліктері бойынша 1886 жылдың өзінде онда аралас халық: қазақтар, қырғыздар, шаруалар тұрған. Орыс үйлері бой көтерген көшелердің бойымен арық ағып жататын.

Басқа зерттеуші және жергілікті священник Б.Герасимовтың ғасыр басындағы ғылыми еңбектерінде «Алтайская станицасының» Катоннан әрі қарай 1,05 шақырым жерде орналасқаны туралы дерек берген. Онда төрт көшегде орналасқан 143 түтін болған. Станица жасыл желекке оранған және курорт ретінде ертеден атағы шыққан. Онда 2-ші деңгейлі мектеп пен ағаш шіркеу бар еді. Қасиетті Інжіл тарихымен байланысты Әулие Құдайана жамылғысы атындағы шіркеу осы болып табылады.

Мұражайдағы нумизматика коллекциясы да айтарлықтай бай, онда ХҮІІІ – ХХ ғасырлардың 600-дан астам монеталары бар. Мұражай қорында Ресейдің І Петрден ІІ Николайға дейінгі барлық дерлік императорларының монеталары көрініс тапқан. Түрлі оқиғалар құрметіне шығарылған рубльдер де қызықты. Мұражайда сақталған монеталар –  орыстардың жауынгерлік даңқ ескерткіштері (1812 жылғы Отан соғысындағы жеңістің 100 жылдығы құрметіне І Александр кеэінде соғылған рубльден бастап Романовтар үйінің 300 жылдығына орай 1913 жылы шығарылған мерейтойлық рубльге дейін) және Мәскеу Олимпиадалық ойындарының қарсаңында 1977 – 1980 жылдары алтыннан (номиналы 100 сом), платинадан (150 сом), күмістен (5 және 10 сомдық) құйылған кеңес монеталары.

Облыс тұрғындарының көп ұлтты (ШҚО-да 105 ұлттың өкілдері тұрады) құрамы, сондай-ақ мұражайдың кәсіптік бағыты 1989 жылы мұражай жанынан ШҚО халықтары мен азсанды этнотоптары бөлімін құруға себеп болған еді.

Немістер – облыстағы саны көп этнотоп. Көпшілік неміс тұрғындардың көшіп кеткеніне қарамастан 1999 жылдың басында облыста 18 мың неміс тұрған болатын. Ғылыми-зерттеу және жинамашылық жұмыс нәтижесінде мұражай жинақтамасы мұражайлық заттардың айтарлықтай санымен толықты, олардың көпшілігі этнографиялық жағынан құнды, неміс диаспорасының өзіндік мәдениетін барынша айқындап тұр. Бұлар – неміс ісмерлерінің шебер қолдары сүйіспеншілікпен жасаған жиһаздар, үй қажеттеріне қажет нәрселер, некелік әшекейлер коллекциясы, әйелдердің ұлттық мәнерде орындалған қолөнерлік бұйымдары, фотосуреттер.

Мұражайдың басқа коллекциялары:

- ұсақ мысқұйма пластика (ХҮІІ ғасыр – ХХ ғасыр басы) – 293 зат;

- фарфор коллекциясы (Император зауыты, Гарднердің, Поповтың, Корниловтың, Кузнецовтардың және басқалардың зауыттары, ХҮІІІ ғасыр – ХХ ғасыр басы) – 1000-нан астам бірлік;

- қола және шойын құйма (ХҮІІІ ғасыр – ХХ ғасыр басы) – 200-ден астам бірлік;

- бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдар (ХҮІІІ ғасыр – ХХ ғасыр басы) – 200-ден астам жәдігер.

Қазіргі кезде бөлімде 8 адам еңбек етеді. Бұлар – бөлім меңгерушісі, есепке алу құжаттамасымен шұғылданатын 2 маман, 4 сақтаушы, 1 қараушы. Әрбір қызметкердің материалдық-жауапты сақталымында 10 000-нан астам мұражайлық заттар бар.

Сонымен қатар, мұражайда қорды қалпына келтіру бөлімі (11 адам) жұмыс істейді, оның қызметкерлері мұражай бұйымдарын қалпына келтірумен шұғылданады.

Мұражай-қорық сақтамасының алаңы 564 шаршы метрді құрайды. Сақтау жүйесі – жеке-жеке, яғни оңаша үйжайда бір материалдан немесе сақтау нормативі бойынша өте жақын бірнеше материалдардан жасалған бұйымдар сақталады. Оның ішінде заттар қолданысы, мазмұны, көлемі, мүкәммалдық номері бойынша бөлініп қойылады.

Жабдық арнайы дайындалған шкафтар мен стеллаждардан тұрады. Шкафтарда маталар, фарфор, фотосуреттер, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, шыны, құжаттар сақталады. Сөрелерге – кітаптар, икондар, металл, керамика, кескіндеме, тұрмыстық заттар, ағаш бұйымдар қойылған. Бағалы металдардан жасалған бұйымдар сейфтерде сақталады.

Сақтама күзет-өртке қарсы дабылдағыш жүйемен жабдықталған, терезелерінде қосарланған торлар. Сонымен бірге тәулік бойы күзетіледі.

Мұражай мемлекеттік дәрежеге ие болғаннан кейін оған 1968 жылы құрылған мектеп мұражайының қорынан ондаған бірлік икондар, күміс бұйымдар, жүздеген белбеулер, сүлгілер (рушник), сарафандар, тұрмыстық бұйымдар берілген болатын. Барлығы 5000-нан астам жәдігер. Жәдігерлерді кезкелген жерде, тіпті тамбурде шымылдықпен ғана жауып қойып сақтаған. Соның өзінде бір де бір жәдігер жоғалған жоқ. Кезінде мектеп мұражайы бас сақтаушысының қызметін 7-сынып оқушысы Виктор Подгорбунский атқарған-ды, ол жәдігер жинап қана қоймай, сонымен бірге оларға арналған сөрелерді өзі жасады. 250 оқушының барлығы дерлік мұражай ісімен шұғылданған болатын. Мұражайға облыстық мәртебесі берілген кезде көптеген оқушылар (А.А.Яковлев, С.В.Нечитайло) Өскемен қаласына көшіп келді және осы күнге дейін қызмет етуде.

1978 жылы, мұражай мемлекеттік болған кезде Антонина Николаевна Полторанина сақтаушы етіп тағайындалған еді. Ал 1979 жылдан 1995 жылға дейін Клавдия Кондратьевна Семенова бас сақтаушы болды. Мұражай заттарын сақтау, бірқалыпта ұстау, қалпына келтіру ісін ұйымдастыру үшін көп шаруа тындырылды. Коллекцияларды есепке алу ісі реттелді. Клавдия Кондратьевна мұражай қорында үлгілі тәртіп орнатты деуге болады.

Облыс орталығына көшкеннен кейін қор коллекциялары бірнеше жыл бойы негізгі мұражайдан 100 шақырым жердегі Бутаково селосында сақталған болатын. Тек 1987 жылы, қорға арнайы үйжай бөлінгеннен кейін ғана барлық коллекциялар Өскеменге жеткізілді.

1968 жылы құрылған мектептік мұражай бүгінде ҚР үкіметінің қолдауы арқасында жүйелі әрі серпінді дамып келе жатқан ірі сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорыққа айналды.

Осы мұражай-қорықтың ерекшелігі – халық сәулетшілігі, мәдениет және табиғат ескерткіштерінің бір жерде ғажап топтастырылғанында.

Осы мұражай-қорықтың ерекшелігі – оның ұжымына мұражай саласындағы мүмкін болатын теориялық және практикалық проблемалардың бүкіл кешенін бір уақытта бірден шешуге тура келеді. Бұл дегеніміз – әрі жалпы даму стратегиясы, экспозициялар жүйесін құру, әрі ағаш және тас ескерткіштерді қалпына келтіру, әрі экология, әрі табиғи ортаны мұражайландыру, әрі уақыт ағымында жоғалып кеткен ауылдарды қалпына келтіру.

В.П.Лабецкая,

Ж.Ж.Қайырбекова,

орысшадан аударған Р.Б.Қайырбаева

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …