

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткен «Ең үздік музей» атты республикалық конкурстың жеңімпазы деп танылды.
Іс-шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ұлттық музейі халықаралық музейлер кеңесі қазақстандық комитетінің (Қазақстан ИКОМ) көмегімен ұйымдастырған болатын. Оған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай, Әскери-тарихи музей директоры Перизат Өтепова, республиканың еңбек сіңірген қайраткерлері, академиктер мен профессорлар, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.