Зообақ: жыл он екі ай бойы ғажаптар. 2018
Музей-қорықтың Солжағалық кешеніндегі зообақта көктем-жаз кезеңі басталды. Өткен жылдың соңынан бері бұл жерді мекендейтіндердің саны өскен. Бұл зообақ қызметкерлерінің жұмысын еселей түсіп отыр. Ал келушілерді соны әсерлер күтіп тұр.
Музей-қорықтың зообағында 260-тан астам жануарлар мен құстар мекен етеді. Өткен жылдың соңына қарай олардың қатары тағы үш мекендеушімен толыққан болатын. Олар эообаққа сыйға тартылған үш жабайы мысық – каракал, сервал және олардың балалары – каравал. Олар қыстай карантинде болған-ды. Каракал деген сөз түріктің «kara kulak» деген сөзінен шыққан көрінеді. Оны аударғанда «қара құлақ» деген мағына береді, өйткені, ол мысықтардың құлағының арт жағы қара болып келеді. Оған қоса құлақтарында қара қылы бар. Сол себептен де көбіне кара құлақтарды «дала сілеусіндері» деп атайды. Сервалдың – «бұта мысығының» құлағында қылы болмайды және бүкіл терісін теңбіл басқан. Табиғатта мұндай мысықтар шөл далалар мен Африка саванналарында, Кіші және Орта Азияда, Араб жарты аралында тіршілік етеді. Каракал да, сервал да жабайы табиғатта жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр. Ал зообаққа келушілер осынау ерекше жануарларды өз көздерімен көре алады. Музей-қорықтың фотографына қаравал мен оның анасы сервалды суретке түсіріп алу бақыты бұйырған екен. Сондай-ақ, олармен қатар қоңыр аю мен маралдар, сілеусін, тауыстар да суретке түсіп қалды.
«Шәкәрім – Абайдың рухани мұрагері» көрмесі. 2018
Музей-қорықта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын және философ, ұлы Абайдың немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған жаңа көрме ашылды. Көрмеде Абайдың, Шәкәрімнің және абайтанушылардың еңбектері қойылды. Олардың қатарында қажырлы ізденісінің арқасында Шәкәрім есімін халқына қайтарған белгілі шәкәрімтанушы Қайым Мұхамедхановтың зерттеулері де бар.
Сондай-ақ, көрмеде шығысқазақстандық филолог, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қабдылқайыр Құдайбергенов жас кезінде ел аузынан жазып алып, кейін орыс тіліне аударған Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасы алғаш рет көрме төрінен орын тепті. Сондай-ақ, көрмеге Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Б.К. Исиннің Абай және Шәкәрім шығармаларының желісі бойынша салған кескіндемелік туындылары ерекше ажар берді. Ал оларды Шәкәрім дүниеге келген өлкенің бай табиғаты мен ақын шығармаларындағы кейіпкерлермен тікелей байланысты орындарды өзіндік ізденіспен бейнелеген Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Г.М. Бекбердинованың туындылары әдемі толықтырған.
Менің қасиетті өлкем. 2018
2018 жылғы 27 сәуірде Солжағалық кешеннің Үлкен павильонында музейдің «Ең бастысы дарындылық туралы» атты ұзақ мерзімді жобасы аясында Сергей Суровтың «Менің қасиетті өлкем» атты фотокөрмесі ашылады.
Сергей Суров – Ленинград кино инженерлері институтының түлегі (2014 жылдан бері – Санкт-Петербург мемлекеттік кино және телевидение институты). Ол аталған оқу орнын тәмамдаған соң екі жыл Өскемендегі облыстық телестудияда кино инженері болып істеп, көп ұзамай операторлық қызмет атқарды. Облыстық телевидениеде еңбек еткен 21 жыл ішінде ол көптеген бейнетүсірілімдер де жасады. Сондай-ақ, сан саладан түсірген суреттерін облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттеріне жариялап жүрді. Қай салада да тек еңбекқорлығымен танылған ол «Мир» телекомпаниясы арқылы өлкеміздің жақсылығын паш ете білді. Аталған телекомпанияның Өскемен қаласындағы тілшілер қосыны жабылған соң «Рудный Алтай» газетінде істеді. Сергей Суров қазірде музей-қорықта маман-фотограф болып қызмет етуде.
Орыс музейі – тарихтың 120 жылы. 2018
Өскемен қаласындағы «Орыс музейі: виртуалды филиал» ақпараттық-білім орталығының мамандары Санкт-Петербургте Мемлекеттік орыс музейінің ашылғанына 120 жыл толуына орай 2018 жылғы 18 - 20 сәуірде ашық есіктер күнін өткізді.
№: 4, 10, 36 мектептердің бастауыш сыныптарының оқушылары үшін «Орыс музейі – тарихтың 120 жылы» тақырыбында фотосуреттер көрсетіліп, әңгіме өткізілді, сондай-ақ Мемлекеттік орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізілді, суретшілер туралы «Фафалямен бірге музейлер еліне» атты ертегілер циклының көрсетілімі ұйымдастырылды.
Суретті түсірген Сергей Суров
«Абай Құнанбайұлы (1845-1904)» және «Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931)». 2018
2018 жылғы 18 сәуірде сирек кітаптар және икона жазу бөлімінің қызметкерлері Кашаку Гүлжан мен Карчалова Әсел Белоусовка кентіндегі негізгі мектеп оқушыларына «Абай Құнанбайұлы (1845-1904)» және «Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931)» тақырыптарындағы жылжымалы көрмелер ұсынды.
Көрмелер Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толуына арналып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
5 «А», «Б», «В»; 6 «А», «Б», «В»; 7 «А»; 8 «А»; 9 «А» және «Б» сыныптарының оқушылары үшін «Абай Құнанбайұлы (1845-1904)» және «Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931)» тақырыптарында лекциялар оқылды.
Ғашықтар күніне орай. «Қазақ және орыс дәстүрлеріндегі махаббат туралы жырлар». 2018
2018 жылғы 16 сәуірде ғылыми-ағарту және көпшілікпен жұмыс бөлімі Қозы көрпеш пен Баян сұлу, Петр мен Феврония мысалында қазақ және орыс халықтарының махаббат және отбасылық құндылықтары туралы іс-шара өткізді.Ол Өскемен қаласындағы № 27 мектептің оқушылары үшін өткізілген болатын.
Іс-шарада махаббат туралы өлеңдер оқылып, конкурстар, сондай-ақ «Жұпты ата», «Бұлақ», «Бақытты жүрек», «Романтик-ақын» деген ойындар ұйымдастырылды, әдеби кейіпкерлер туралы сұрақтары бар викторина өткізіліп, жұмбақтар жасырылды.
Төлеу Көбдіковтің өмірі мен шығармашылығы (қор топтамасы негізінде). 2018
2018 жылғы 10 сәуірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шар қаласындағы Т.Көбдіков атындағы орта мектепте «Алмас тіл асыл сөзден нақыс салып» тақырыбында мектепттік конференция өтті.
Іс-шараның құрметті қонақтары: Халық ақыны Төлеу Көбдіковтің ұрпақтары, абайтанушы А.Қ. Омаров, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің қызметкерлері.
Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы. 2018
2018 жылғы 16 сәуірде сирек кітаптар және икона жазу бөлімінің қызметкерлері Ахмер орта мектебінің 11 «А» сыныбының оқушыларына «Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы» тақырыбында лекция оқыды. Лекция «Ұлттық ғашықтар күні» мерекесіне орай оқылды.
2011 жылдан бері Қазақстанда 15 сәуір – «Ұлттық ғашықтар күні» мерекесі болып аталады. Мереке жыл мезгілдері ішіндегі ең бір романтикалық кезең – көктемге сай келеді. Ол «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» эпосына негізделген, таза және сұлу ғашықтық сезімін көрсетуге шақырады.
Қозы Көрпеш – Баян Сұлу – XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып, XIX ғасырдың ортасында қағазға түскен қазақ халқының лиро-эпостық жыры. Поэма Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже ақындардың орындауында ауызша таралған. 20-ға жуық нұсқасының ішінен ең белгілісі - Жанақтың нұсқасы. Кеңестік дәуірде жырдың Жанақ нұсқасын 1936 жылы Мұхтар Әуезов Алматыда шығарды.
Музей-қорық қорынан алынған XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдағы шамдар мен лампалар. 2018
2018 жылғы 13 сәуірде орыс зтнографиясы бөлімінің ғылыми қызметкері Р.Ю. Нечаев «Н.К. Крупская атындағы мектеп-интернаттың» оқушылары үшін «Музей-қорық қорынан алынған XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдағы шамдар мен лампалар» атты көшпелі қайырымдылық көрмесін ұйымдастырып, өткізді. Онда музей-қорықтың қор топтамаларынан алынған, керосин лампалар, керосин және шырағдан шамдар тақырыптарын қамтыған жәдігерлер көрсетілді. Сондай-ақ, Р.Ю. Нечаев «Терезедегі жарық» тақырыбында (электр жарығы келгенге дейінгі тарих) екі қайырымдылық лекциясын оқыды. Олар суретті және бейне материалдарды басшылыққа ала отырып ұсынылды. Өткен ғасырдағы материалдық мәдениет тарихы жайлы көптеген дүниелермен танысу оқушыларға ерекше қызықты болды. Мұғалімдер аталған іс-шара туралы оң пікірлер айтты.
Пасха мерекесіне арналған жәрмеңке-көрме. 2018
2018 жылғы 8 сәуірде Достық Үйінде – ШҚО қоғамдық келісім үйінде халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің қызметкерлері Р.Ш. Мұхамеджанова мен М.А.Бемм Өскемен қаласының сәндік-қолданбалы өнер шеберлері бұйымдарының Пасха мейрамына арналған көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырып, өткізді. Жәрмеңкеге 14 шебер қатысып, өздері жасаған бұйымдарын (шпоннан, матадан жасалған бұйымдар, тоқыма бұйымдар, жұмсақ ойыншықтар, бижутерия мен т. б.) келушілер назарына ұсынды.
Экология мәселелеріне бағытталған жаңа қадамдар. 2018
Музей-қорықтың экологиялық ағарту бөлімінің қызметкерлері өткізіп келе жатқан әңгімелер мен лекциялардың басым бағыттары Шығыс Қазақстанның табиғат жағдайларының ерекшеліктері мен Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлар тақырыптарынан тұрады.
Сектор облысымыздың экологиясына қатысты мәселелерге жаңа қадам жасауды жаңғыртумен айналысады. Соған орай аталған шаруа оң шешім табуы үшін оған барлық жастағы адамдарды тартады. Сектор қызметкерлері мектептер мен колледждерге және жоғары оқу орындарына барып, оларды Головков көшесіндегі виртуалды музейге шақырады. Ал көктем мен жаз айларында экологиялық экспозиция орын тепкен Солжағалық кешеннің үлкен павильонында және музей-қорық бақтарында – тұп-тура табиғат аясында өңіріміздің фаунасы мен флорасы туралы қызықты әңгімелер өткізіледі.
Наурыз баршаның басын қосты! 2018
Музей-қорық қала бойынша ерекше тойланып өткен Наурыз мерекесін өткізуге атсалысты.
Көгілдір көктеммен ілесе келетін жыл басы мерекесі қалыптасқан дәстүр бойынша Республика алаңында болып өтті. Мерекеден бір күн бұрын, 21 наурыз күні музей-қорықтың қазақ этнографиясы бөлімінің қызметкерлері алаңда киіз үй тігіп, онда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы латын тіліндегі кітаптардың көшпелі көрмесін ұйымдастырды. Ол кітаптар Семейдің Абай атындағы кітапханасынан әкелінген еді. Олардың қатарында Абайдың «Қара сөздері», С. Мұқановтың, Б. Майлиннің, С. Сейфуллин мен Ж. Жабаевтың, сондай-ақ, Н. Гогольдің және басқалардың латын тілінде жарық көрген шығармалары бар. Өскемендегі А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана директорының кітапханалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақыт Әбенованың сөзіне қарағанда, бұл шығарылымдардың барлығы да цифрландырылған және оларды іздейтіндер болып жатса, Қазақстанның Ұлттық кітапханасы мен Семейдің Абай атындағы кітапханаларының сайтынан таба алады.
|
|