
9 қазанда А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенциясын (2003 ж.) іске асырудың озық тәжірибесімен алмасуға арналған өңіраралық семинар өтті. Семинарға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А. С. Садырбаев, ЮНЕСКО сарапшылары, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарының мәдениет саласындағы жергілікті атқарушы органдарының өкілдері қатысты.
Семинар барысында материалдық емес мәдени мұраны сақтау, түгендеу және кеңінен насихаттау мәселелері қарастырылып, Шығыс Қазақстан облысында атқарылған жұмыстардың практикалық нәтижелері таныстырылды. Тақырыптық баяндамалармен Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитет төрағасының орынбасары Р. Р. Музафаров, сондай-ақ сарапшылар В. В. Шахгулари мен Ж. Н. Шайгозова және ғалым-этнографтар сөз сөйледі.
Семинар Қазақстанның бес пилоттық облысында материалдық емес мәдени мұра элементтерін түгендеуге бағытталған ЮНЕСКО-ның техникалық грантын іске асыру аясында өткізілді.














