2004 жылғы 1 желтоқсанда мұражай-қорықтың Урицкий (қазір Қ.Қайсенов) көшесі, 67 бойынша ғимаратында мұражай-қорық қорындағы және Өскемен қаласы тұрғындарының жеке коллекцияларынан алынған музыкалық аспаптардың «Музыканың сиқырлы саздары» атты көрмесі ашылды. Көрмеге 130 жәдігер ұсынылса, олардың 58-і музыкалық аспап болды.
Мұражай коллекциясы қала және облыс бойынша сапарларға шыққанда тұрғындардан жинау арқылы қалыптасты, көпшілігін Алматы қаласындағы Орталық Мемлекеттік музей, Корей мәдени орталығы, Әзірбайжан Мәдениет министрлігі сыйлаған болатын.
Коллекцияда қазақ музыкалық аспаптарының саны басым. Көрмеде қазақ музыкалық аспаптарының 7 түрі: домбыралар, қылқобыздар, саз сырнай, шертер, асатаяқ, жетіген, тайтұяқ назарға ұсынылды.
Кавказ және Орта Азия халықтарының тар, кяманча, гавал, дойра, рубоб тәрізді музыкалық аспаптары үлкен қызығушылық туғызды.
Аспаптардың арасында сыртқы пішіні, көлемі мен жасалған материалы жағынан әртүрлі болып келген бірнеше барабаннан тұратын корей халықтық аспаптарының коллекциясы ерекше көзге түсті. Шекті шертпелі музыкалық аспап – каягымның, үрмелі – бамбук сыбызғы «дансоның» құндылығы зор.
Баршаға белгілі музыкалық аспаптарға ерекше орын берілген болатын. Бұлар – көне пианино, гитара, мандолина, скрипка, аккордеон, гармонь, балалайка.
Көрмеде фабрика өндірісінен баяғыда алып тасталған бірегей аспап – ХІХ ғасырдың фисгармониясы назарға ұсынылды.
М.Резонтова
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|