
2026 жылғы 9 қазанда Этнографиялық музейдің Солжағалық кешеніндегі Кіші павильонда «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында өңір ақындарының ҚАСУ студенттерімен әдеби-танымдық кездесуі өтті. Кездесуге Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Б. Раисова және жас ақын Д. Ауесхан қатысып, жастармен кітаптың адам өміріндегі маңызы мен әдебиеттің жас ұрпақтың дүниетанымына әсері туралы ой бөлісті. Ақындар кітап оқудың ой-өрісті кеңейтіп, адамды ізденіске және рухани кемелденуге жетелейтінін атап өтті. Сондай-ақ жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу аясында қатысушылар Кіші павильонда ұсынылған «Сирек кітаптар: ғасырлар сыры» көрмесін тамашалады.
Кітап – білімнің қайнар көзі ғана емес. Ол – уақыт пен ұрпақты жалғайтын алтын көпір, халықтың тарихи жадын сақтайтын асыл қазына.












