М.Горький, 59 көшесіндегі көрме залдарында қазақстандық суретші Амандос Аканаевтың картиналары қойылған. Бұл картиналарды музей-қорыққа «Дала әйелдері – Дала арулары» қоғамдық қорының Президенті, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Р.С.Жүсіпова сыйға тартты. Бұл қордың жұмысы қазақстандық суретшілердің өнерін насихаттап дәріптеуге бағытталған.
Суретші және оның картиналарын музей-қорыққа беру туралы материалды өнертанушы Тамара Николаевна Быкова дайындады. Амандос Ақанаев 1948 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1967 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген. 2006 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Академиясының толық мүшесі. 1968 жылы ЮНЕСКО жанындағы өнертанушылар мен сыншылардың толық мүшесі. 2010 жылы Қазақстан Республикасы Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының көптеген грамоталарымен, сыйлықтарымен марапатталған. Жұмыстары әлемдегі ең ірі музейлердің топтамаларында тұр.
«Амандос Ақанаевтың көркем шежіресі» атты көрме ұсынылған жұмыстар саны жағынан шағын, бірақ мазмұны жағынан орасан кең. Суретші Еуропа өнерінің станоктық дәстүрлерін Азия көшпенділерінің көркем мұрасының күрделі пластикасымен жинақтай отырып, «неодәстүршілдіктің» қайталанбас өзіндік стилін жасады. Оның бедерлі кескіндемесі, сондай-ақ түркі сарыны мен мифтерін өзіндік ұғыну ерекше жетістік болып табылады. Шебер металл, тоқыма, ағаш сияқты материалдарды қолдана отырып, бедерлі кескіндеме техникасында жұмыс істейді. Қазақстанда танымал көркем сыншы Лаура Оразбекова «Ақанаев өз еңбектерінде бақсы-шаман сияқты еске алу мәдениетіне бой ұрады. Суреттерінде уақыт лабиринтіндегі… күлгін-қызыл, зәйтүн-жасыл, көгілдір-қара көріністер» бар деп атап өтеді. А.Ақанаевтың шығармашылығы Орталық Азияда және одан тыс жерлерде кеңінен танымал. А. Ақанаевтың еңбектері әлемнің ірі музейлерінде, соның ішінде Третьяков галереясында, Шығыс халықтарының өнер музейінде (Мәскеу), А.Кәстеев атындағы Қазақстан мемлекеттік өнер музейінде (Алматы), Президенттік мәдениет орталығында және Нұр-Сұлтан, Павлодар, Көкшетау қалаларындағы басқа да музейлерде, Вилафамес қазіргі заманғы өнер музейінде (Испания), Балтимор өнер музейінде (АҚШ) тұр, сондай-ақ жеке топтамаларда сақталған.
Оның картиналар әлемі – бұл түрлі-түсті және бейнелі түрде ұсынылған көшпелі Азия мәдениетінің орасан зор көркем шежіресі.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі
Алексей Мазницындікі