8 Наурыз – Халықаралық Әйелдер күні мен Наурыз мерекесі қарсаңында мұражай-қорықтың көрме залында (Қ.Қайсенов көшесі, 67) ШҚО сәндік-қолданбалы өнер шеберлері бұйымдарының көрмесі ашылды.
Көрмеге Өскемен, Семей, Зырян қалалары, Еңбек ауылы (Катонқарағай ауданы) мен Молодежный кенті (Ұлан ауданы) шеберлерінің қолдарынан шыққан әртүрлі заттар қойылған. Мұнда кесте, құрақ құрау, тоқымашылық, киіз басу техникасында орындалған бұйымдар, ағаштардың әртүрлі тұқымдарынан жасалған мүсіндер, қобдишалар, түбірпластика, тильда-қуыршақтар, кәдесыйлар назарға ұсынылған. Есімдері облыста және одан да тыс жерлерде танымал ісмерлердің қатарында Владимир Ляпунов (нақышты кәдесыйлар), Ольга Леонова (киіз паннолар), Зоя Быкова (қоғадан тоқылған кәдесыйлар), Тамара Шафран (панно, батик), Ләзат Балғазина (кілем, тоқымашылық), Байболат Дәлентаев (тастан жасалған кәдесыйлар мен әшекейлер), Сергей Трыков (қайың қабығынан жасалған бұйымдар), Наталья Баженова (қоғадан тоқылған бұйымдар), Украин ұлттық орталығының «Чаровница» (жетекшісі Раиса Федоровна Авдеева) қолөнер үйірмесінің мүшелері (кесте, панно) бар.
Семей қаласының «Айша Бибі» қазақ мәдени орталығының (жетекшісі Айман Ибрайқызы Боқбасарова) шебер ісмерлері назарға ұлттық бұйымдарды ұсынған.
Ағаштан мүсін сомдайтын дарынды шеберлерді Юрий Костанянц біріктіріп жүр. Бұл – табандылық пен төзімділікті талап ететін жұмыс, өйткені шеберге көркемдік талғам, мол идея, ұшқыр қиял қажет.
Зырян қаласы да өз шеберлерімен белгілі. 2010 жылғы Республикалық «Шебер» конкурсының финалшысы – Валерий Анисимовтың есімі Қазақстаннан тыс жерлерге де таныс. Оның қайың қабығынан жасаған бұйымдары: қорапшалар, қобдишалар, паннолар ерекше әрі қайталанбас сипат алған, сондықтан олар әрдайым көпшіліктің сұранысына ие болуда.
Тарасенко шебердің шыбықтан тоқыған бұйымдары айырқша болып келеді – бұлар себеттер, абажурлар, кресло-әткеншектер, орындықтар мен үстелдер.
Халық шебері Гүлнәр Қожамжарованың (Катонқарағай ауданы) еңбектері елімізде де, одан тыс жерлерде де белгілі. Ісмер 2009 жылы І Республикалық «Шебер» конкурсының жеңімпазы атанды. 2011 жылы ол Францияда болып, қазақтардың дәстүрлі тоқымашылығы бойынша шеберлік дәріс көрсетті.
Алматы қаласында әйгілі үйретуші Айжан Бекқұловадан сабақ алып, тәжірибе жинаған Мария Маркова киізден әйелдердің әшекейлерін, керек-жарақтарын, сәнді киім мен аяқкиім жасаудың асқан шеберіне айналды. Мария 2011 жылы Республикалық «Шебер» конкурсының финалына шыққан болатын.
Шеберлердің туындылары ізгілік пен нәзіктік, жылулық пен игілік сыйлайды, көңілге бақыт пен жарасымдылық сезімін ұялатады. Олардың қолдарынан бәрі келеді.
«Көктем лебі» көрмесі
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|