• Увеличить размер шрифта
  • Размер шрифта по умолчанию
  • Уменьшить размер шрифта
солжағалық кешен Хайуанаттар бағы Тропикалық түйеқұстар да Өскеменге бой үйретіпті

Тропикалық түйеқұстар да Өскеменге бой үйретіпті

80-нен астам сүтқоректі, 240-тай құс мекен етіп жатқан этноауылдағы хайуанаттар бағында қайнаған өмір. 2000 жылы Жамбыл саябағында ашылған зообақ бүгінде ұлғайып, өскемендіктер мен қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған. Қызыл кітапқа енгені бар, енбегені бар сан алуан жануарлармен қатар, тропикалық аймақтардан келген түрлі-түсті құстар да осы жерде.


Біздің жақта қоқиқаз қызармайды.

Бұл жерге де аңдар түрлі тағдыр тәлкегімен түседі екен. Шағын торда қанат қақпай, қозғалыссыз отыратын қабағы қатулы қыран құстың топшысы сыңғалы қай заман. Оны бір көргенсіз аңшылар атып, жаралап, ай далаға жалпылдатып тастап кеткен. Көк аспан бекзадасының қазіргі мекені – осы темір тордың төрт бұрышы. Шіркін, ұшарға дәрмен жоқ, еркіндік деп аталатын тәтті дүние қыран құстың  тек есінде ғана. Анау тордың ішінде қыбырлап жүрген бес-алты тасбақа да өткен жылдары шекарада тәркіленген мыңнан астам тірі контрабандалық тауардан қалған тұяқ. Оңтүстік Қазақстанның шөлейт жерлерін мекендейтін дала тасбақасы браконьерлердің ашкөздігінен соңғы он жылда айтарлықтай азайып кеткен. Айтпақшы, жуықта зообақ жаңа ерекше құспен толықты. Біздің жақта кездесе бермейтін қоқиқаз (розовая фламинго) Риддердің маңайынан табылыпты. Оның табиғаты қатал Алтай тауларына қалай келгені әзірге белгісіз. Мамандар бұл құсты ұшу маршрутынан жаңылысып, бағытынан ауытқып кетті деген уәж айтады. Қазір экзотикалық құс хайуанаттар бағынан орын теуіп, келушілердің көзайымына айналған.

- Бұл құстың бізге алғаш келгенде жағдайы тым нашар болды, тіпті, өлім аузына жақын еді, далада қардың үстінен табылған құсқа жылы ем-дом жасап, әупірімдеп аман алып қалдық, - дейді зообақ меңгерушісі Зейнетдин Шәмшиев.

Теледидардан ғана көретін қоқиқаздың түсі әзірге қызғылт емес, оның қауырсындары ұшқан кезде және теңіз жағасындағы белгілі бір ингредиеттермен азықтанғанда ғана қызыл реңкке боялады екен, біздің қоқиқазымыз әзірге сұрғылт түсті. Ұзын тұмсығын жерге салып жіберіп, азықтанып, бір аяғын суға немесе батпаққа салып, екінші аяғын көтеріп тұратын құстың асты әдейі бетондалмапты. Зообақ меңгерушісінің айтуына қарағанда, құсқа жайлы болу үшін оған қажетті ыңғайлылықтың бәрі жасалған.

Аққуға қазды қоссақ, қалай болады?

Біз барған кезде зообақ қызметкерлерінің барлығы бір тордың айналасында тарс-тұрс қызу жұмыс істеп жатты. Сөйтсек, зообақ тағы бір жаңа құспен толығыпты. Барлық жұмысшылар махаббат символы атанған қасиетті аққу құстың жаңа орнын дайындау үстінде екен. Аққу болғасын оған анау-мынау қоршау емес, айдын көлдер падишасына лайық, әдемі мекен жасап жатқан жұмысшылар еңбегіне қалай разы болмассың. Аққудың жүзетін шағын көлшігі де тордың ішінде бетонмен құйылып дайындалу үстінде.

- Бәрін жасап бағып жатырмыз, бірақ аққуымыздың көңілі көтерілмей тұр, жуықта бұл құста бір танысымыз әкеліп берді, қанаты сынған екен бейшараның. Аққудың біздің өңірде кездеспейтін түрі бұл, бұл жаққа қайдан тап болғаны тағы белгісіз, - дейді Зейнетдин Шәмшиев.

Бұл – аққудың әлі жасқа толмаған, есейіп қалған балапаны. Сол себепті қауырсыны әлі ағарып үлгермепті. Мамықтарының әр жерінен қара қошқыл түстерді аңғаруға болады. «Аққудың көгілдіріндей» деген сөз осындайда есіңе еріксіз түседі екен. Шынымен де құс өте салмақты. Басын төмен салып, қайғырып отырғанға ұқсайды. Хайуанаттар бағының қызметкерлері болса, қасиетті құстың асты-үстіне түсіп, бәйек болып-ақ жүр. Зообақ меңгерушісі айтады:

-Аққу жалғызсырап жүрген болу керек. Көңілін аулап-ақ жатырмыз. Бұған жұп керек деген соң Павлодар облысына, тағы басқа аққуы бар жерлерге телефон шалып, іздестіріп көріп едік, өкінішке қарай, сыңар таба алмай жатқаны. Ойлап-ойлап, ақыры мынандай шешімге келдім. Жуықта қаздың әппақ түрін тауып әкелдік, қаз деген аты болмаса, сырт бейнесі аққуға ұқсап тұр. Орны дайын болған соң аққу жалғызсырамас үшін екеуін қосып қоймақшымыз.

Бұл күлкілі болғанымен, шындық. Әрине, зообақ қызметкерлері аққуға қазды еріккеннен қосқалы отырғаны жоқ. Құс төресінің көңілін жұбатқысы келген жандардың амалы таусылған соң жасап жатқаны ғой.

Аюдың баласы 300-ақ грамм болып туады екен

Аю қамалған тордың маңында қашанда үймелеген халық. Теміртордың арғы жағынан мұрындарын шығарып, еріндерін үшкірейтіп, жерге құйрықтарын басып отырған аюларға қарап мырс етіп күлмеске шараң жоқ. Адамға ұқсай ма өздері, қалай? Қазақ аюды адамнан азған деп осындай түр-тұлғасына, қылығына қарап айтқан болуы керек. Бұлар - өзіміздің Маша мен Гриша. Кезінде Тарбағатай тауларынан әкелген қос қонжық Өскемендегі хайуанаттар бағының ең байырғы тұрғындары. «Эмиль» ЖШС аюлардың азығына демеушілік жасап келеді екен, зообақтағы бес аюға күн сайын дүниенің тамағы керек. «Эмиль» болса, асханадағы тамақ қалдықтары, артық сүт өнімдерін, тағы басқа жеуге жарамды азық-түлік қалдықтарын күнделікті осында жеткізіп отырады.

Зообақ меңгерушісі аюлар туралы да көптеген мәліметтерді баяндап берді. Оның айтуынша, аюлардың бет сүйегінде бір түйір бұлшық ет болмайды, көз шұңқыры да тереңде орналасқан. Сол себепті оның не ойлап тұрғанын, ыза болғанын немесе еркелегенін бет әлпетінен ажырату қиын және бұл –  өте ызақор аң. Айтпақшы, аюдың баласы дүниеге 300-ақ грамм болып келеді екен. Және бұл процесс қыс мезгілінде аюдың аналығы қатты ұйқыда жатқанда жүретін көрінеді, жарық дүниеге келген көзі жұмулы құйтақандай шақалақ, құдайдың құдіретімен қандай да бір қозғалыс арқылы енесінің омырауына жабысады. Қыс бойы ұйықтап жатқан анасының төсін еміп, көктемде бірақ оянған қонжықтың салмағы 6-7 келіге бірден жетеді екен. Табиғат жаратылысы қызық-ақ. Біздің зообақтағы аюлардың көбеймей жатуының гәбі осында екен.

- Дүниеге қонжық әкелуі үшін оларға табиғи жағдай, апан және қысқы ұйқы міндетті түрде қажет, - дейді зообақ басшысы.


Қасқырлар қалдық жемейді

Аңдардың абақтысына мәңгілік қамауға алынған дала қарақшылары – қасқырлар да осында. Ұшы қиыры жоқ кең байтақ дүниені кезіп жүріп тірлік кешетін жыртқыштардың еркіндігі шектеліп-ақ тұр. Ал бізге қызық керек. Қол созым жерден көрген көксеректерге «кә-кә» деп шытырлақ қағаздың ішіндегі қытырлақ нандарды шашып жатқан балалар мәз, әйтеуір.

- Бұлар «Эмиль» әкелген асхана қалдықтарын аюлар сияқты жей бермейді, - дейді зообақ басшысы. – Базардан сүйек-саяқ, тауықтың бастарын сатып әкеп, ботқа қылып пісіріп береміз. Тамаққа қосатын арнайы дәрумендерді аз-аздан үлкен сақтықпен араластырамыз. Тым көбейтіп жіберсек, бірден сезеді, азықты бір иіскейді де ауыздарына алмайды. Керемет ақылды хайуан екен, адамның көзіне тура қарап, ойыңды оқып тұрады, құдды бір психологтар дерсің, - дейді Зейнедтин Шәмшиев. – Жас балалардан сақтанамыз, тентек ұл-қыздардың көзінше өздерінше батырлық танытып, қоршаудан асып түсіп, түз тағысын ырылдатып қоршауды теуіп жатады. Бұл - өте қауіпті. Қасқыр аса кекшіл аң. Ертең ол өз кегін біздің жұмысшылардың қайтаруы мүмкін.

Жуықта зообақ қызметкерін түйе тістеп алып, оның ажал аузынан әрең қалғанын естеріңізге сала кетейік. Бұл хайуанаттар бағы ғой, балалар бағы емес. Мұнда еңбек етіп жүрген әр жұмысшының жанында қауіп-қатер атаулы қатар жүреді.

Қаланың балаларына ешкі де таңсық

Жуықта түйе боталапты.

- Ботасы тым сүйкімді, жан-жақтан сұқтанған көп көзді көтере алмай қала ма деп әдейі тығып қойдық, - дейді зообақ басшысы. – Бұл жердегі елік, марал, ешкі, түйенің бәрі кәдімгі үйдегі өз малымыздай болып кетті. Бірақ өз малыңды артық болса, сойып, көп болса, сатып жібересің ғой. Бұл жердегі әр жануар біздің бауыр еті баламыз. Мұнда қызмет атқаратын 16 адамды өз істерінің кәсіби шеберлері деп ауыз толтырып айтуға болады. Әр жануардың мінезі әртүрлі, солардың қас-қабағына қарап, күтіп-баптау оңай шаруа емес.

Торда тұрған өзіміздің кәдімгі ақ ешкі, қара ешкілердің маңында да балалар үймелеп алған. Халықтың ауылдан үдере көшіп, қалаға шоғырлануының бір көрінісі осы болса керек, қазақтың қара домалақтары ешкі көріп таңырқасып жатыр. Басқандары бетон, көргендері көлік пен компьютер болған бүлдіршіндер ешкіні көріп таңырқаса, біз оларды көріп таңырқадық.

Алматыдан әкелінген тропикалық түйеқұстар да Өскеменнің аса жылы емес ауа райына бой үйретіпті, бұл құстардың дене көлемі зор болғанымен, бас сүйегі тым кішкентай. Денесі үлкен, ақылы аз алып құстың бабы қиын көрінеді. Кіп-кішкентай пони жылқысы, қашыр, бұғы, бура сияқты ірі денелі жануарлар зообақ сәнін келтіріп, келушілерге қөз қуанышын сыйлауда. Шымкенттегі хайуанаттар бағы біздің бұғы маралдарға қызығып отыр екен, оларда Пржевальский жылқысы бар. Екі жақ айырбас жасағысы келгенмен, аталмыш мәселеге жол шығыны қолбайлау болып отыр екен.

Зообақ басшысы айтады:

- Халық мұнда әр келген сайын біздің аймақта кездесе бермейтін жаңа аң-құстарды көрсек деп келеді. Сол себепті басқа жақтың зообақтарымен тығыз байланыстамыз, артық жануарларды айырбастап отырамыз, ең қиыны, аңды алыс қалалардан жеткізу. Өткенде сілеусінді босатып жібердік, неге дейсіздер ғой? Оған қиын болды, ол адамның көзіне түспейтін жыртқыш аң ғой, биікке шығып алып, түспей қойды, тамақтануы да қиын. Оны қинамай орманның арасына жібере салдық.

Дарын Нұрсапаров.

Дидар г., 25 мамыр 2012 ж.

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …