17 қаңтарда Қ. Қайсенов көшесі, 67 ғимаратында халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің ұйымдастыруымен өскемендік ісмер Елена Рыбальченконың интерьерлік қуыршақтарынан тұратын «Жүрекке шабыт келеді» атты көрме ашылды.
«Бүгін біз Елена Рыбальченконың авторлық қуыршақтарынан тұратын ғажайып әлемге тап болып тұрмыз, - деді музей-қорықтың өнертанушысы Тамара Быкова көрменің ашылу салтанатында. – Бұл топтамалар ісмердің жүрек жылуын сездіретіндей. Ол жұмыстардың әрқайсысы бізге таңдай қақтырды.
Елена Рыбальченконың қуыршақтар көрмесі музей-қорықта екінші рет өтіп отыр. Бірінші көрме 2014 жылы болған еді. Жаңа топтамада оның елуден астам қуыршағы қойылған. Олар: ертегі кейіпкерінің киімін киген Барби қуыршағы, автордың шеберлігінен туындаған басқа да лирикалық кейіпкерлер. Барлық образдарда тек әйелдер. «Біз әр қуыршақ арқылы сіздермен біргеміз, - деді Елена Юрьевна осынау іс-шараға жиналған әйелдерге қарата. – Бала кезде-ақ ханшайым, сиқырщы немесе Патшайым болуды армандамайтын қыз сирек шығар, сірә! Мен сондай армандарды қуыршақтарыма сыйғыздым».
Жалпы, бұл жұмыстардың авторы тек дизайнер немесе тігінші ғана емес, ол әрі шаштараз, әрі визажист, әрі стилист. Бұл тұрғыда оған кәсіпқойлығы көмекке келетіндей. Ол Миргород керамика техникумын тәмәмдаған. Оның үлгілері басқа елдердің жеке топтамаларында да кездеседі. Музей-қорыққа келушілерді көрме залдарынан оның қолынан шыққан Тау қожайыны-әйел, Бақа-патшайым, Көгілдір пері және басқа да әдемілік әлемінің өкілдері қарсы алады.
Салтанат барысында қуыршақтардың авторына музей әкімшілігі атынан алғысхат тапсырылды.
«Жүрекке шабыт келеді» атты қуыршақтар көрмесі ақпан айының соңына дейін жұмыс істейді.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суреттерді түсіргендер Алексей Мазницын мен Сергей Суров
< Предыдущая | Следующая > |
---|