«Алтайдың асыл тастары» көрмесінде Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы қорының, «Востокнедра» аймақаралық аумақтық департаментінің, жеке коллекциялардың минералдары, тұрмыстық бұйымдар мен зергерлік әшкекейлері назарға ұсынылған. Мұнда барлығы 100 үлгі болды.
Ежелден бері, металды игергенге дейін адам өз өмірін асыл тастармен және өңдеуге жарайтын таспен әшекейлеген. Ашық, өңі өзгермейтін түстерге боялып, суретшінің қиялы жетпейтін қайталанбас өрнектерге ие, мөлдір кристалдарының қырларында күн сәулелі спектрдің бүкіл түстерімен жарқырайтын минералдар табиғатта бар. Бұл тастарға бейнелі атау берілген – олар асыл тастар деп аталады.
Асыл тастар – сантүрлі тастар әлемінің ақсүйегі. Асыл тастар жер қойнауында сирек кездеседі. Оларды іздеп табу және өңдеу қиынның қиыны. Сонысына қарай олардың аса сирек кездесетіндері мен әдемілері алтынмен тең, тіпті кейде одан да қымбат бағаланады. Табиғат жаратқан осынау бір қайталанбас туындылардың бірнеше жүздері ғана белгілі. Ал олардың қатарынан көбірек зерттеліп, сұранысқа ие болғандары – бірнеше ондағаны ғана.
Шығыс Қазақстан табиғи түрлі-түсті және өңдеуге келетін тастарымен ертеден бері даңқты өңір. Көз жасындай таза мөлдір сутас, әсем-жасыл хризопраз, қиялыңды жаулап алатын сантүсті зертас, ақшыл көк түсті күлгінтас, көл тұңғиығы немесе көктемгі шөп түстес зұмреттер, түтінтәріздес раухтопаз, сары балдай халцедондар, ертегідей, қайталанбас көріктас, оттай пирит, амазонит – міне қазақстандық асыл тастардың толық емес тізбесі осындай. Олар әшекейлер мен кәдесыйлар жасауға жұмсалады. Дәл осы жерде тас өңдеу мәдениетінің санғасырлық тарихындағы тәжірибе көмектеседі.
Делбегетей зұмреттерін 50-шы жылдардың аяғында геолог А.Г.Алексеев ашқан болаты. Делбегетей қазба орнын егжей-тегжейлі барлау ісі В.Ф.Кощеевтің есімімен байланысты. Полиметалл кендері қазба орындарының барлық жерлерінде пириттер кездеседі. Риддердің, Зырян мен Ертіс бойының қазба орындарында көріктастар табылуда. Ал Аягөз ауданының өз құпиясы бар. Ақжайлау бірегей геожүйесі өзіне 140 минералдың басын қосқан! Геологтар бұл жерден төрт эндемикті – гагаринитті, кенавитті, ифтисит пен кайсикхитті тапқан, олар әлемнің басқа бірде-бір жерінде кездеспейді. Ал Тарбағатай тауының сілемдерінде кеңес заманы кезінде ақықтәріздес кварц – сирек кездесетін түтінтүстес айшықты аса көрікті тас табылған. Аягөз бөктерлерінің басты құпиясы – бұл миаролдар. Көпіршік қуыстарда кристалдар – топаздар, берилдер, аквамариндер, морион (тұманды кварц)... гүлдеп тұр. Бұл кристаллдарға миллиондаған жыл болған! Уақыт көбейткен химиялық процестер ғажап дүние – қымбат бағалы тас гүлдер жасады. Асыл тасты жұлдызгүлдер, орхидеялар, бақытгүлдер.
Сантүсті әдемі бояулар, айналдырған кездегі «құбылулар», ашық жарқылдар, тас қырларын ғасырлар бойы сақтайтын беріктік – асыл тастар қатарына енген минералдарға қажетті қасиеттер. Минерал әлемінің осы өкілдері біздің өміріміөге сән береді, таңғаларлық көріністің көптеген сәттерін сыйлайды.
Асыл тастар тағы да бір ғажайып мәнге ие – ертеден бері олар қорғаушы ретінде қызмет етеді, олардың емдік қасиеттері бар деп есептеледі. Минералогия бойынша ертеде және орта ғасырда жазылған бірқатар трактаттар бар, оларда тастардың емдік және сиқырлық қасиеттері атап көрсетілген. Мәселен, 1000 жыл бұрын жазылған «Дәрілер қазынасында» фирузаның жасайтын ықпалы егжей-тегжейлі сипатталады: «жүректі нығайтып, үрейді жояды, дұшпандарды жеңдіреді... Егер, жаңа ай көргенде жанында фируза болса, онда бұл туған айда бақыт пен игіліктің болатынын білдіреді». Ертедегі үнділер раухтопаздың ағзадан жағымсыз энергияны қуатынына сенген. Үнді аңыздары түтінтүстес кварцтың тұтас кристалынан жасалған тостаған туралы сыр шертеді, ол адамдарға кезкелген аурулардан шипа болған. Қазақтарда береке мен бақыт тасы деп саналған ақық көбірек тараған. Ақық әшекейге сән беру үшін ғана емес, сонымен қатар көз тиюден қорғаныш ретінде де пайдаланылған. Сырға ертеден келе жатқан қорғаныш деп есептеледі, сондықтан да оны бала кезден бастап тағып жүрген. Шығыста кең тараған құбылыс – жүзіктер мен сақиналардың сиқырлық және тазартушылық күшіне деген сенім. Әрбір әйел жүзік немесе сақина салып жүруі тиіс болған, олай болмаса оның әзірлеген тағамы таза болмайды. Қазақтарда осыған орай мынадай мәтел бар: «Тамақ адал болу үшін, қолда жүзік болу керек».
Ақық денсаулық, өркендеу және ұзақ ғұмыр тасы болып табылады. Ежелгі Римде күлгінтасты (аметист) «киелі тас» деп атап, ол табыс, сабырлық пен игілік әкеледі, жүйкені тыныштандырады және араздықты кетіреді деп есептеген. Орта ғасырларда оны «апостол тасы» деп атаған.
Сонымен: асыл тастар әшекейлендіреді, қорғайды, емдейді, қуаныш, табыс, бақыт әкеледі. Сондықтан да табиғаттың бізге мәңгілікке молынан сыйлаған қайталанбас өрнектерін қайта-қайта қызықтауға бармыз.