2011 жылғы 14 қазанда Түркияның Бурса қаласы - Өскемен қаласымен бауырлас қаласында «Шығыс Қазақстан – Еуразия кеңістігінде» атты фотокөрме ашылды, оны мұражай-қорық пен туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы дайындаған болатын.
Көрмеде ШҚО-ның көрікті табиғи, тарихи және мәдени орындарының фотосуреттері назарға ұсынылды.
Шығыс Қазақстанның қызықты мәдениет ескерткіштерінің бірі Ақбауыр археологиялық кешені болып табылады, онда тас бетінде б.д.д. Ү-ІІІ мыңжылдықта минералдық бояу – охрамен орындалған суреттер бар. Үңгірдің жанындағы жартаста қола және ерте темір ғасырында пикетаж (соғып қашау) техникасында орындалған петроглифтерді көруге болады.
Шілікті аңғарында б.д.д. ҮІІ-Ү ғасырлардың археологиясының бірегей ескерткіші – сақ тайпаларының белгілі ақсүйектері жерленген қорым орналасқан. Қорғандардың археологиялық қазбасы кезінде өте бай материал – скиф-сақтардың «аңдар» мәнерінде орындаған көптеген алтын әшекейлері табылды.
Алтайда, биік таулы көрікті алқапта археологияның тағы бір бірегей ескерткіші – б.д.д. Ү-ІІІ ғасырлармен мерзімделген Берел қорғаны орналасқан. Жерлеу құрылыстарының күрделі конструкциясы оларда жасанды тоңның пайда болуына ықпал еткен, осылайша Алтайдың ежелгі көшпенділері өмірінің бірегей куәлері – адамдар мен жылқылардың мумияландырылған сүейктері біздің күнге дейін сақталып қалған. Көптеген алтын қаңылтырлармен ат әбзелдері және киізден, теріден, ағаштан жасалған бұйымдар әшекейленген. Жауынгерлерді бейнелейтін тас мүсіндер ҮІ-ХІ ғасырлардағы түрік кезеңінің бай қорғандарымен тығыз байланысты.
Қазақ халқында Қозы көрпеш пен Баян сұлудың қайғылы махаббаты туралы дастан-аңыз ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді. Аягөз өзенінің бұрылысында ІХ-ХІ ғасырлардың керемет ескерткіші – ғашықтардың әйгілі моласы анадайдан көрінеді. Құрылыс тастан қаланған және өзгеше пирамидалық пішінде тұрғызылған. Ескерткіш мәңгіліктің, қайғылы махаббаттың және адами асқақ рухтың символы болып табылады.
Жоңғар шапқыншылығының ауыр жылдары халық есінде тарихтағы қаралы, қанды кезең ретінде ұзақ сақталып қалды. Осы қиын кезеңде тарих сахнасына халық қаһармандары: Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Наурызбай, Дәулетбай, Барақ, Танаш, Қошқарбай сынды батырлар шықты.
Халық Қабанбай батыр (азан шақырылып қойған есімі – Ерасыл) жайында көптеген көркем ескерткіштерді (дастандар, аңыздар, толғаулар, арнаулар) дүниеге келтіріп, оның даңқын мәңгілікке асқақтатты.
Қабанбай Қожақұл батырдың отбасында шамамен 1691 жылы дүниеге келген.. Жат елдік басқыншыларға қарсы күресушілердің қатарына Қабанбай 16 жасында тұрды. Шайқастарда ол ерен қайсарлық пен ержүректік танытатын. Халық басына түскен аса ауыр жылы (1723) Қабанбай Қазақ хандығының астанасы – қасиетті Түркістан қаласының қорғанысын басқарушы болып тағайындалады. Қабанбай батыр қырық жылдам астам уақыт бойы азат етушілік соғыс туы астында шайқасты. Осы уақыт ішінде 103 ірі ұрыстарға қатысты. Батырдың адал аты – Қубастың тұяғы Шығыс Қазақстан жерін де дүбірлетіп өткен.
«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған...» деген ортақ тақырыппен қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы, қазақ әдеби тілінің, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы және классигі, композитор Абай Құнанбаевтың (1845-1904), Абайдың рухани ізбасары және шәкірті, жазушы, аудармашы, тарихшы, философ, композитор Шәкәрім Құдайбердиевтің (1858-1931), қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті қазақ жазушысы, публицист, драматург Мұхтар Әуезовтің (1897-1961), жазушы, Қазақстанның Халық қаһарманы (1995) Қасым Қайсеновтың (1918-2006), жазушы, драматург, Қазақ КСР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері (1986) Оралхан Бөкейдің (1943-1993) фотосуреттері берілген.
Көрмеде, сонымен қатар, Өскемен, Семей қалаларының көріністері, Семей ядролық полигонының жабылу сәті назарға ұсынылған.
1949 жылдан 1989 жылға дейін Семей ядролық полигонында 468 ядролық сынақ жасалған болатын.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен ядролық полигон жабылды (Қазақстан Президентінің № 409 Жарлығы).
Қазіргі заманғы Қазақстан туралы сөз болғанда «бірінші рет», тұңғыш немесе жай ғана «көшбасшы» деген сөздер жиі қолданылады. Қазақстан – ТМД-да экономикалық өсу қарқыны бойынша бірінші тұр. Қазақстан – достық елдері арасында ұлттық экономикаға инвестициялар құю көлемі бойынша барша таныған көшбасшы. Қазақстан бұрынғы КСРО республикалары арасында бірінші болып мемлекеттің жаңа астанасын құрудың кең құлашты жобасын іске асырды. Қазақстан – кезең-кезеңмен жаһандық ядролық қарусызданудың стратегиясын әлемде бірінші болып ұсынған мемлекет. Н.Ә.Назарбаевтың сыртқы саясаттық көптеген бастамалары көпшілік мемлекеттер мен олардың көшбасшылары тарапынан қолдау тапты.
Президент еліміздің аймақтарында жиі болып тұрады. «Шығыс Қазақстан – Еуразия кеңістігінде» көрмесінің фотосуреттері Президенттің Шығыс Қазақстан облысы бойынша жасаған көптеген сапарлары жайында: аудандардың, Өскемен мен Семей кәсіпорындарының еңбеккерлерімен, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесулері, мектептерде, балалар бақшаларында, спорттық іс-шараларда болғандары, Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақаралық ынтымақтастықтың ҮІІ Форумы жұмысына қатысқаны туралы сыр шертеді.
«Шығыс Қазақстан – Еуразия кеңістігінде» көрмесінің ашылуында. Түркия, Бурса, 2011 жылғы 14 қазан