Облыс орталығы Өскемен қаласының тұрғындарының назарына «Қайдасың, қасқа құлыным» тұрақты экспозициясы ұсынылды.
Көрнекті жазушы-жерлесіміз, көркем әдебиеттегі Абай дәстүрінің мұрагері, есімі әлемге әйгілі Оралхан Бөкейдің туғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған экспозиция Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығында орналасты.
Экспозиция құрылымының негізіне Оралхан Бөкейдің: «Ардақ», «Кербұғы», «Қайдасың, қасқа құлыным?», «Қар қызы», «Қамшыгер», «Апамның астауы», «Поезд өтіп барады», «Құм мінезі», «Кісікиік», «Тортай мінер ақбоз ат» атты шығармаларының желісі бойынша Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі Болат Кәрімұлының салған акварельді туындылары арқау болған.
-Мұражай-қорық қорынан алынған этнографиялық заттар, жазушы шығармаларымен байланыстырылып, көрермендер назарына ұсынылған. Мұражай-қорық Оралхан Бөкейдің бес мемориалдық бұйымының иесі болып табылады. Олармен көрмеде танысуға болады, - деді Оралхан Бөкейдің жиені Тоқтарбек Мағзұмов.
Экспозицияның ашылу салтанатында Оралхан Бөкейдің жерлесі Әлібек Қаңтарбаев және қаламгермен замандас орыс жазушысы Александр Егоров сөз сөйледі. Сонымен қатар, көрермендер назарына Жамбыл атындағы облыстық драма театрының актерлері жазушының «Мынау аппақ дүние» қойылымынан үзінді қойып, ашылу салтанатының көркін келтірді.
Аяулым Төлеубекқызы
Өскемен г., 03 қазан 2013 ж.
< Предыдущая | Следующая > |
---|