
«Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында ШҚО этнографиялық музейінің қызметкерлері аты аңызға айналған жазушы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің тағылымды өмірі мен шығармашылық жолына арналған тақырыптық іс-шара өткізді.
Іс-шара спикерлері ретінде тарих ғылымдарының кандидаты Р.С. Чекетаева, тарих ғылымдарының магистрі А.А. Ислямова, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қазіргі заманғы тарихты ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Т.А. Садуакасова сөз сөйледі.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала» кітабы марафонның негізгі шығармаларының бірі ретінде жас оқырмандарға ұсынылды. Ерлікті, Отанға деген сүйіспеншілікті насихаттайтын бұл туынды өскелең ұрпақтың тарихты терең тануына және тарихи жадыны сақтауына ықпал етеді.
Этнографиялық музей қызметкері, жас суретші Қуаныш Акуовтың дәл іс-шара барысында Қасым Қайсеновтің портретін салуы кездесудің ерекше сәтіне айналды.











