Келушілердің назарына ұсынылған «Мұзтау – менің мекенім» көрмесі көрнекті жазушы, драматург және публицист Оралхан Бөкейдің (1943-1993) 80 жылдығына арналған.
Шығыс Қазақстан жерінде дүние есігін ашқан талантты қазақ жазушысы, прозашы, драматург, ұлттық әдебиеттің классигі өз кітаптарында туған өлке табиғатының ерен сұлулығы мен осы ежелгі жерді мекендеген болмысы мықты адамдардың тірлігін романтикалық тебіреніспен жырлады.
Оралхан Бөкей – сиқыр сөздің шебері, туған жердің біртуар жыршысы. Оның барлық прозасы жақсылық пен жамандық, күш пен батылдық, шынайы және қиялдағы рухани құндылықтар туралы ойлантуға бағытталған. Онда өмірге, оның әр сәтіне деген тойымсыз, талапшыл, асқан құмарлық жеңіске жетеді.
Адам және табиғат, өмір және өлім, жалғыздық және көпшілдік, адамдардың туыстығы және өзіндік мейірімділігі – бұл оның шығармашылығының өн бойында тұтасқан мәңгілік тақырыптар.
2013 жылы Қазақстанда алғаш рет Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Болат Исин О. Бөкейдің ең үздік туындылары бойынша станоктық акварельдер циклін жасап шықты, олар Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының картиналар жинағын толықтырды және бүгін осы көрмеде ұсынылып отыр.
Көрмеде О. Бөкейдің көркем портреттері: Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Н. Аштема мен әуесқой-суретші Ғ. Сәттібаевтың туындылары, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Г. Бекбердинованың "Апамның астауы" акварелі, қысқасы, О. Бөкей туындыларының желісінде салынған суреттер қойылған.