Мұра – бұл адамдардың өткен дәуірден қалған және болашақ ұрпаққа құнды һәм аса құрметті нәрсе ретінде берілетін мәдениеті мен өмірінің құбылыстары. Олай болмаса кейінгі толқын толыққанды өмір сүруге қажетті мағыналарды, идеяларды, құндылықтарды қайдан алады? Ата-баба мұрасы – бай отбасылық дәстүрлер. Ал отбасы – кез-келген қоғамның басты құндылығы. Бұл – салиқалы үй, балалар мен немерелер, қиын сәттерде көмек қолын созып, күш-қуат беретін ең қымбат орта. Берекелі отбасы мен қиындық атаулыны бірге еңсеруге дайын болу адам үшін нағыз қорғаныс және қолдау болып табылады. Саналы адам бойындағы ең қымбат, ең маңызды нәрсе осы.
Ата-баба мұрасы: ұлттық мәдениеттің, этнографияның, тұрмыстың таңғажайып туындыларын сақтай алған Бидахмет Баяхметұлы мен Қайникамал Жақыпбекқызы Мұхаметқалиевтардың отбасы осы санатқа жатады Аталған отбасы бүгінде сол бір құнды дүниелерін музей-қорыққа сыйлық ретінде табыстап отыр. Бұл ат әбзелдерінің бөліктері: құйысқан, пыстан, қамшы және Мұхаметқали атаның айылбаспен безендірілген былғары белбеуі. Ұлттық киім: ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында алтын жіптермен тоқылған қамқа шапан, жібек көйлек, шәлі, тұрмыстағы қазақ әйелінің бас киімі – кимешек. Көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бір бөлігі болып табылатын, аса қасиетті ұғымға ие сәби бесігі өте қызығушылық тудырары сөзсіз, оны өртеуге болмайды, ондай жәйт орын алса, бір әулеттің тұқымы құрығаны болып саналады. Бесіктің аяқ астында жатуына жол берілмейді. Егер бесік қолданылмаса, оны есіктің жоғарғы жағына іліп қояды. Бос бесікті тербетуге болмайды, өйткені, жын-шайтандар өз балаларын бос бесікке жасырады деген ұғым бар.
Мұхаметқалиевтар отбасы музей-қорыққа ағаш пен металдан жасалған біраз ыдысты тапсырды, олар: табақтар, тостағандар, шөміштер, ошаққа қойылатын қазан, музей-қорық қорында әзірге баламасы жоқ үлкен самауыр, үлкен шәугім және басқа да ыдыс-аяқ жабдықтары. Жиыны музейлік маңызы бар 100-ден астам зат.
ХХ ғасырдың 30-жылдары «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» қаулы қабылданғаннан кейін, Мұхаметқали ата отбасымен Қытайға қоныс аударады. 1962 жылы Мұхаметқалиевтер әулетінің үш буын ұрпағы Отанына оралады.
Мұхаметқалиевтар әулетінің отағалары Шығыс Қазақстан облысының қазіргі Тарбағатай ауданында (бұрынғы Семей облысының Зайсан уезі Тарбағатай болысында) дүниеге келген.
Руы Тәуке – Түкі – Сарғасқа – Жөлекбай – Тоқтамыс – Әліпкел – Қадыр қажы. Қадыр қажы өз заманында данышпан, әділдігімен, халыққа сыйымды парасаттылығымен танылған Тарбағатай тектілерінің бірі. Қадыр Тарбағатай жерінен Шал қажыдан соң Меккеге алғашқылардың бірі болып барған. Ел-жұрт бұл кісіні ата жұрттың құты, рухани басшысы деп қабылдаған. Біз айтқалы отырған таңғажайып тарихы бар киіз үй осы Қадыр қажының шаңырағы. Қадыр қажы 30-35 жасқа қараған шағында бас құрап, шаңырақ көтерген. Үй мен көне мүліктерді сақтаудың құпиясын Қадыр қажының бәйбішесі - Дымгөрі, келіні Тегіске (Мұқаметқалидың бәйбішесіне) үйретіп, тапсырған. Тегіс өз келіні Сақпанға (Баяхметтің бәйбішесі - Жігітекқызы) мұраға қалдырады. Жігітекқызы Сақпан (1902-1987) жасы ұлғайғанда ұлы Бидахметтің жұбайы Қайникамал Жақыпбекқызына аманат етеді.
Бидахмет Баяхметұлы Мұхаметқалиев 1962 жылдан бастап Ақмектеп ауылында мал шаруашылығымен айналысқан. Құсбегілік өнеріне ден қойып, аң аулау кәсібімен шұғылданған. Еңбекқорлығы мен белсенділігінің арқасында 1973 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталған. Әр жылдары құрмет дипломдармен және грамоталарымен марапатталған. 1976 жылы «Социалистік жарыс жеңімпазы» болған. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Қарасу селолық советіне депутат болып сайланған.
Жұбайы - Мұхаметқалиева Қайникамал Жақыпбекқызы 1941 жылы 1 қаңтарда Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. Еңбектегі үлкен жетістіктері үшін 1976 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталған.
Бидахмет Баяхметұлымен жұбайы Қайникамал Жақыпбекқызы 10 бала тәрбиелеп өсірген ұлағатты отбасы. Балаларының барлығы жоғары білім алған, бүгінде олар түрлі салада абыройлы еңбек атқарып жүр.
1981 жылы Қайникамал Жақыпбекқызы «Батыр Ана» орденімен наградталды. КСРО-да «Батыр Ана» ордені 10 және одан да көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген аналарға берілді.
2004 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша «Алтын алқа» орденімен наградталды. «Алтын алқа» ордені – жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелеген көп балалы аналарға арналған Қазақстан Республикасының наградасы.
Қайнықамал Жақыпбекқызы – отбасының құрметті әжесі, сәндік-қолданбалы өнер шебері, қазақ халқының салт-дәстүрлерінің тамаша білгірі. Әр жылдары ерлі-зайыптылар аудандық, облыстық, Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмелеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болды, құрмет грамоталарымен және дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
1989 жылы Мұхаметқалиевтер отбасы Республикамыздың атынан Мәскеу қаласында өткен Халық шаруашылығының жетістіктері көрмесіне киіз үй апарады. Киіз үй лайықты бағаланып, ерлі-зайыптыларға диплом және бағалы сыйлық ретінде «Жигули» автокөлігі табыс етіледі.
Следующая > |
---|