2006 жылғы 8 желтоқсанда мұражай-қорықтың Қ.Қайсенов көшесі, 67 бойынша орналасқан ғимаратында Шығыс Қазақстан поляктарына арналған «Шыр айналған өмір» атты көрме ашылды. Көрме Қазақстанға поляктардың жер аударылғанына 70 жыл толуына орайластырылып, Шығыс Қазақстан халықтары ассамблеясының Достық үйіндегі Поляк мәдени орталығымен бірге ұйымдастырылды.
Экспозицияға мұрағаттық құжаттар, кәртішкелер, төлқұжаттар, тууы және шоқындырылуы туралы куәліктер қойылған, оларды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің ШҚО бойынша басқармасы ілтипатпен ұсынған болатын. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданы Жұмба және Ретивый кеніштеріне ХХ ғасырдың 40-шы жылдары жер аударылған жер иеленуші-поляктардың фотосуреттері, жеке заттары бар.
Дарынды суретші-сәулетші Франц Феликсович Иванчуктің (1892-1975) сурет және майлы бояу кескіндемесі техникасында орындалған еңбектері үлкен қызығушылық тудырғаны сөзсіз. 1936 жылы қуғынға ұшырап, Мәскеуден ШҚО-ның Лениногор қаласына жер аударылған ол сол жерде алғашқы изостудия ұйымдастырып, тамаша суретшілердің талай ұрпақтарын түлетіп ұшырды.
Көрмеде Риддерден шыққан әуесқой суретші – Марина Францевна Петрачкованың туындылары ерекше орын алды. 1990 жылдан бастап ол изостудияның тұрақты жетекшісі, сақтаушысы және өзінің әкесі Ф.Ф.Иванчуктің ісін жалғастырушы болып табылады. М.Ф.Петрачкова - тамаша суретші, пейзаж бен натюрморт шебері, график және акварельші.
“Шыр айналған өмір” көрмесі Шығыс Қазақстан поляктарының ХІХ ғасыр соңынан бастап осы күнге дейінгі тағдыры туралы сыр шертеді.
М.М.Резонтова
< Предыдущая | Следующая > |
---|