2015 жылғы 5 мамыр күні мұражай-қорықта «Өз қуанышыңмен бөліс...» көрмесі ашылды – Ольга Феденеваның авторлық қуыршақтар коллекциясының көрмесі. Көрмеде полимерлік балшықтан, көпқабатты папье-машеден және басқа да материалдардан жасалған 75 қуыршақ назарға ұсынылған. Әрбір қуыршаққа өзіндік мінез-құлық, сымбат, бет-әлпет пен түр-түс тән.
Ольга Борисовна балалардың көркемөнер мектебінде оқыған, содан кейін Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық институтының көркемөнер-графикалық факультетін бітірген. Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облыстық Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайында жұмыс істейді. Ол мұражайлық көрмелерге тұрақты түрде қатысып жүреді.
Ольга Феденева кейіпкерлерінің тарихы бос уақыт өткізу үшін айналысатын қолөнерден емес, өзінің сезімін қуыршақ арқылы білдіруден басталады. Қиял мен шабыт дүниеге әкелген туындылар – көзге қораш та шынайы, асқақ та күлкілі, дегенмен әрқашан жарқын да айрықша болып келеді. Оларды кәдімгі қуыршақтар деп айтуға болмас. Сонда да оларды мүсіндік миниатюралар деп атаған жөн сияқты.
Ольга Борисовна өз кейіпкерлерінің түрлі типаждары мен мінез-құлықтарын ерекше байқағыштықпен және зор сүйіспеншілікпен жасайды. Суретшінің ерік-жігерімен дүниеге келген қуыршақтардан әркім өз бейнесін көріп, еріксізден жымиятыны сөзсіз.
Миниатюралық кейіпкерлерін жасай отырып, суретші оларға өзінің жан-дүниесінің бір бөлігін береді. Сондықтан да оның қуыршақтары қоршаған әлемді бейнелеп қана қоймайды, оны өзгертеді, оған жақсылық, түсіністік пен қамқорлық сыйлайды.
Фотосурет Алексей Мазницин