Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының Солжағалық кешеніндегі «Шеберлер қаласында» «Балалыққа жол» атты сәндік-қолданбалы өнерінің көрмесі ашылды
Экспозицияда музей қоры мен жеке коллекциялардан алынған 160-тан астам экспонат қойылған.
– Жалпы, ойыншықтарды балалар да, ересек адамдар да ұнататыны белгілі, – дейді сәндік-қолданбалы өнері бөлімінің аға ғылыми қызметкері Валентина Черкашина. – Балалар үшін әр ойыншық тамаша ермек болса, ал үлкендер осынау әдемі бұйымдарға қарап, өздерінің балалық шақтарын еске алады. Бұл көрме сәндік-қолданбалы өнермен айналысатын шеберлермен тығыз байланыс орнатудың нәтижесі деуге болады. Онда негізінен әр кезеңнің ойыншықтары қойылған.
Мәселен, арғы аталарынан бері сазбалшықтан бұйым жасап келе жатқан суретші Светлана Лыкованың әр дүниесі юмормен жасалғандықтан, өзіне тартып, сананы сандалтады. Олар негізінен адамдардың, жануарлар мен құстардың мүсіндері болып келеді. Шебер «Сайқымазақтар», «Үш аю» сынды сюжеттік-сәндік панноларында жуан селеулі щеткаға сойылған ешкі ме аюдың отбасын сайқымазақтап, бекіткен.
Өскемендік шеберлер Татьяна Сазонова (тасқа әшекей салу) мен «Акварелька» студиясының жетекшісі Евгения Самойлова (папье-маше үлгісіндегі бұйымдар) көрмеге алғаш рет қатысып отыр.
Раиса Бобровскаяның жұмыстары дымкалық стильдегі ойыншықтар болып келеді. Шебер сазбалшықпен жұмыс істеуден ерекше ләззат алатындай. Сондықтан салбалшықтан мүсін жасауды ешқашан тастаған емес. Оның ең сүйікті персонаждары – дымкалық, филимоновтық және каргопольдық ойыншықтар. Ол алдымен бір нәрсенің мүсінін жасайды, күйдіреді, содан соң мелді сүтте ерітеді де, бұйымды осылардан алынған ақ «бояумен» бояйды. Раиса сазбалшық адамды емдейді, күйгелектік пен ашушаңдықтан арылтады деп есептейді.
Ал Зоя Быкованың қоғадан жасалған бұйымдары қалалықтарға жақсы таныс. Шебер балалар мен үлкендерге арнап бірталай тренингтер өткізіп, шеберлік дәрістерін ұйымдастырды. Бұл экспозицияда аталған шебердің ғана емес, оның шәкірті Наталья Королеваның киіз үйі, қойлары мен есегі және Алдар көсе сынды бұйымдары бар. 2017 жылдың символы – Тауықты Наталья Баженова жасапты.
Авторлық қуыршақтардың дені (50-ге тарта жұмыс) Татьяна Перетокинаның қолынан шыққан. СҚӨ бөлімі көп жылдардан бері онымен тығыз байланыс орнатқан. Ал ол болса өзінің талай қуыршағын музей-қорыққа сыйға тартумен келеді. Оның туған мекені – Ленинград облысының Гатчина деген жері. Блокададан кейін ата-анасымен Өскеменге келіп, қоныстанған ол балалар үйлері мен балабақшаларда істеген. Татьяна Андреевна біраз ойыншығын театрлық қойылымдарға арнап жасаса, 90-шы жылдарға таман түрлі қуыршақтар тігуді бастаған екен. Оның қуыршақтары ерекше тартымды да сұлу болып келеді және бір ерекше жұмбақ қуатпен әр адамды өзіне тартып тұрады. Оның әр қуыршағының өз аты бар, мәселен, олар Глафира, Федора, Ефросинья болып кете береді. Бір айта кетерлігі сол, шебердің бірқатар қуыршағы Санкт-Петербургтағы қуыршақтар музейінен орын тепкен.
Экспозицияда Алматы қаласының көркемсурет қорынан алынған ағаш кәдесыйлар да бар. Ол адамдар мен жан-жануарлардың, сондай-ақ, топтық композициялардың токарьлық станокта кәдімгі ағаштан жонып жасалған мүсіндері әркімге де ұнары сөзсіз.
Суретші Александр Коробковтың жұмыстары – қозғалатын ойыншықтар: иттер, жыландар мен паровоздар түрінде берілген. Ол ойыншықтарды жіпке байлап алып, сүйретуге әбден болады.
Ағаштан жасалған ертегі персонаждары мен түрлі мультфильмдердің кейіпкерлері сонау 1980-інші жылдары Өскемендегі «ОЮТАС» зауытында жасалыпты. Ол кәсіпорын өзі жабылған 1990-ыншы жылға дейін небір көркем кәдесыйларды шығарып келді.
Музей қорында Владимир Ляпуновтың қолынан шыққан кәдесыйлардың үлкен тобы бар. Олар: ұршықтар, қобдишалар мен сан түрлі ойыншықтар. Олардағы ерекше колорит пен сұлулық әр жанға күн шуағын төгіп, бөлектей жылылық сыйлайтыны даусыз.
Көрме кереметтерін Солжағалық кешендегі «Шеберлер қаласының» киіз үйлерінің бірінен көруге болады. Экспозиция жаздың соңына дейін жұмыс істемек.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Алексей Мазницын.
< Предыдущая | Следующая > |
---|