Иранның көлемі жағынан үшінші шаһары – Исфахан қаласының сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің бұйымдары көрмеге қойылды. Бұл қалада көбінесе кілем, тоқыма бұйымдар мен қолдан жасалатын заттар өндіріледі. Иран шеберлері өз халқының дәстүрлеріне ерекше құрметпен қарап, өз өнерін ұрпақтан ұрпаққа беріп отырады. Исфахан шеберлерінің қолдарынан шыққан жапқыштар мен асжаулықтардағы әсем өрнектер көрерменнің көз жауын алады. Сәндік паннолар мен талеңкелер, құмыралар мен вазалар, қобдишалар, әртүрлі қорапшалар орындалу шеберлігімен және мәнерімен таң қалдырады. Көрмеде, сондай-ақ тарих, сәулет жөнінде, ирандықтардың қазіргі заманғы өмірінен сыр шертетін фотолар мен репродукциялар көрермендердің назарына ұсынылды.
Иран Ислам Республикасы елшілігінің мәдени өкілділігі осыдан 17 жыл бұрын Қазақстан аумағындағы өз қызметін бастаған болатын. Бас офисі осыдан 4 жыл бұрын еліміздің жаңа астанасына қоныс аударып, мәдениет, өнер, білім, ғылым және басқа да көптеген салалардағы ынтымақтастықты ойдағыдай жалғастырып жүр.
Фотосурет Алексей Мазницин
< Предыдущая | Следующая > |
---|