Кісе белбеу
1. БТК 24 – 8600 Кісе белбеу
XIX ғасырдың соңы
Тері, метал, ақық, зертас, жозылау, бедерлеу, тойтарма
2,7 х 124
1975 жылы Лениногорск (Риддер) тарихи-өлкетану мұражайы қорынан алынды.
Белбеу жіңішке және ұзын, қайыстан жасалған, 16 темір жапсырмамен безендірілген: 3-уі - бесбұрышты, 5-уі –қырларында домалақ детальдары бар ромб түрінде, 6-уы – көлденең белдеулі тісті жіңішке фигуралар түрінде, 2-уі – көбелек түрінде. Белбеуде жіңішке таспалармен өзара бір-бірімен домбыра түріндегі жалғасқан, оқ салатын сөмкені еске түсіретін салпыншақ бар. Аталған салпыншақтар пластина және ромб түріндегі жылтырақ жапсырмалармен әшекейленген. Белбеудің оң жақ ұшына фигуралы пластина және қызыл таспен әшекейленген қақпағы бар бір бөлімді әмиян «кісе» екі таспамен бекітілген. Оң жақ ұшында ілмек-бекітпесімен пластина бар. Пластина сары түсті, мүйіз түріндегі өрнектер композициясымен әдіптелген. Кісе (сөмке) қосымша жұпты жапырақтар түріндегі 6 жапсырмалармен әшекейленген, сондай жапсырмалармен сөмкенің таспалары да әсемделген (2 данадан). Белбеудің ілгек-темірге арналған 6 тесігі бар.
2. ТК 9 – 17296 Кісе белбеу
XIX ғасырдың соңы
Тері, метал, ақық, жозылау, бедерлеу, тойтарма
3 х 160
Тұрсынов Орынғали Мұқанұлы, Семей қаласы, 1986 ж.
Көне белбеу Орынғалиға атасынан қалған, атасының айтуынша белбеу қайтыс болған жақын туысының көзі, естелігі ретінде сақталған.
Белбеу жіңішке әрі ұзын, тастармен, металмен жозыланған. Метал пластиналары жұқа металмен апталған және бедерлеу техникасымен «қошқар мүйіз» оюымен әшекейленген. Белбеуде екі салпыншақ және қын бар. Белбеудің оң жақ бөлігінің ұзындығы 14 см оюлы метал пластинамен басталады, ілмекпен аяқталады, пластинаға қызғылт түсті 2 тас орнатылған (d - 0,4см). 3-4 см шамасында біркелкі қашықтықта көлемді 14 см метал оюлы жапсырмалар жапсырылған, олар үш типті: а) сопақ үлгіде (4 дана.); б) тікбұрышты үлгіде (7 дана.); в) жоғарғы және астыңғы жағында жапыраққа ұқсас үлгіде (3 дана).
Салпыншақтың оң жақ бөлігінде екі таспамен бекітілген ұштары төмен қаратылған сөмке-кісені еске түсіретін бесбұрыш бар. Салпыншақтың өлшемі: ұзындығы 22,5 см, ені 13 см. Салпыншақтағы орталық метал пластина салпыншақтың өзі сияқты бірақ көлемі кіші, өлшемі 13,7х7 см. Салпыншақтың ортасында қызыл түсті тас (d-1,9 см) орналасқан. Сөмкеде 12 металдан жасалған фигуралы жапсырмалар: 6-уі теңбүйірлі үшбұрышты, 6-уы қырларында дөңгелектері бар төртбұрышты үлгіде. Салпыншақ белбеуге ұзындығы 10 см және ені 2,7 см екі таспамен ілінген.
Таспада көлемді әртүрлі конфигурациялы 4 метал жапсырма бар. Атап айтқанда, 6-уы ұзыншақтау, біреуі төртбұрышты, біреуі ішкі жағында жапырақтары бар шеңбер түрінде.
Белбеудің сол жақ бөлігінде бір-бірінен шамамен 7 см қашықтықта орналасқан бестұрышты көлемді 7 метал жапсырмалар бар. Ал ұшында екі қызғылт тасы (d – 0,4 см) бар ұзындығы 14,5 см оюлы метал пластинка.
Сол жақ бөлігінде бір-біріне жалғанған сопақша келген ромб түріндегі екі фигурасы бар көне салпыншақ бар. Оның ұзындығы таспаларымен қосқанда 42 см, ені 14,6 см. Салпыншақтарда 4 оюлы көлемді метал пластина бар, төменгі екі пластинаға екі тас орнатылған (d-0,8 см). Төменгі пластиналардың бұрыштары қойдың басы үлгісіндегі 6 көлемді метал жапсырмалармен әдіптелген. Салпыншақтың жоғарғы жақ бөлігіндегі екі таспада сопақтау келген тағы 6 оюлы метал пластиналар орнатылған. Белбеудің сол жақ бөлігінде екі метал пластинамен әшекейленген ұзындығы 20 см, ені 3,8 см қын бар. Қын ұзындығы 19 см таспамен бекітілген. Таспада сопақтау келген екі көлемді метал жапсырмасы бар.
3. ТК 11 – 18468 Кісе белбеу
XIX ғасырдың соңы
Тері, метал, тойтарма, бедерлеу, тігу, күміспен аптау (болжам)
3,5 х 147
Жақыпов Жақсыхан, Зайсан ауданы, Жамбыл ауылы, 1988 ж.
Тапсырушы 1905 жылы туған, Найман руының Төртуыл атасынан шыққан, Ұлы Отан соғысының ардагері. Белбеу оның әкесі, 1877 жылы туған Бекболов Жақыптан қалған. Жақсыхан ағаның сөзіне қарағанда бұрын бір күміс пластина үшін бір қой берілген екен.
Белбеу термеленген, ұзын әрі жіңішке, метал жапсырмасы бар, белбеуге екі қабатты арнайы таспалармен екі бөлімшесі бар қақпақты сөмке (қалта, кісе), сондай-ақ, оқ пен оқ-дәрі салатын қалтаның нобайын еске түсіретін алдамшы екі сөмкенің сұлбалары ілінген.
Сөмке-кісе бесбұрышты келген, сұлбалы пластинамен және 7 үшжапырақты (1-уі жоғалған) пластинкалармен әшекейленген, үш жапырақпен алдамшы сөмкелер де әшекейленген: біреуінде -5, екіншісінде -4 (1-уі жоғалған).
Оң жақ ұшында ілмек-бекітпесімен пластина, ал сол жағының ұщы иректеліп әдіптелген. Пластинаның беті жұқа қабатты ақ металмен апталған (ол күміс болуы мүмкін) және бедерлеу техникасымен «қошқар мүйіз» оюымен әшекейленген. Белбеудің ілгекке арналған 4 тесігі және 2 қайыс ілгегі бар. Сыртқы жағында ұзын бойымен қоңыр түсті тері таспа тігілген.