Шығыс – Қазақстан облыстық
сәулет-этнографиялық және
табиғи-ландшафтық
музей-қорығы

МУЗЕЙ-ҚОРЫҚТЫҢ ҚОРЫНДАҒЫ ТІЗІМДЕМЕЛЕР
Тізімдеме: "ҚАЗАҚ ЕР АДАМДАРЫНЫҢ ҚАЙЫС БЕЛБЕУЛЕРІ"


Кіріспе мақала

Қазақтың ұлттық киімдері ежелгі материалдық мәдениеттің бірегей көрінісі болып табылады. Қазақ киімдерінің, әсіресе ерлер киімінің ішінде белбеу оның ажырамас бөлігі болған. Сәндік киім үшін белбеу жасаған кезде тапсырыс берушілер қымбат тұратын материалдарын аямаған, ал шеберлер өз кезегінде уақытын аямаған және жұмысты барлық ынтасымен атқарған.

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының қорында ерлердің 17 қайыс белбеулері сақталуда. Олардың 3-і кісе белбеу, 2-і күміс белдік, 3-і кемер белдік, 2-і салпыншақты белбеу, бірақ кісесі жоқ, 7-і салпыншақсыз белбеу. Осы белбеулердің көрнекілік сәнді шешімі коллекцияның таңқаларлық та қайталанбас әшекейі болып табылады. Олардың жасалған мерзімі ХІХ ғасырдың соңымен – ХХ ғасырдың басы.

Кісе белбеуге тән сипат оның теріден жасалған салпыншақ-қалталары: сөмке(кісе), оқ салатын оқшантайлары, пышақтарға арналған қындар, құтыға арналған торсықша. Белбеулердің орташа ұзындығы – 150, ені 2 сантиметрден 4 сантиметрге дейін. Кіселер таналармен, жартылай асыл тастар мен түрлі-түсті шыны қондырылған түрлі пішіндегі пластиналармен безендірілген. Белбеулер әдетте 2 қабатты болып келеді, оң жағында ілгегі бар. Бұл белбеудің өте көне түрі. Оны аңшылар, әскери адамдар және көшпенді-малшылар таққан. Ш.Уәлихановтың айтуынша «белбеуді қырғыздар (қазақтар) түгелдей-дерлік таққан».

Белбеуде сөмке мен салпыншақтардың дұрыс орналасуына тоқтала кеткен абзал. Белгілі зерттеушілер И.В.Захарова мен Р.Д. Ходжаеваның пікірлеріне жүгінсек, олар: «Кісенің (белбеу) арнайы теріден жасалған салпыншақтары болған, олар сондай қайыстан жасалған баулар арқылы бекітілген. Олардың үлгісі мен орналасуы біртипті болып келеді, олар оның көнелігін көрсетеді. Оң жақта екі-үш қайыс баумен қақпақты, жартылай дөңгелек үлгідегі сөмке (қалта немесе кісе) ілінеді, оған оттық, шақпақтас, қосалқы білте, мылтық майлайтын май және мүйіз оқшантай салады. Екінші жағына сопақ және алмұрт тәрізді етіп тігілген, оқ салатын қалталар (оқшантай) және тері қын бекітіледі. Арт жағына оқ-дәрі салатын құты ілінеді» деп жазған. Белбеуді байлағанда оның бос қалған ұшын кішкене тері ілгектен немесе белбеудің салпыншақ ілінген бауынан өткізіп қояды.

Егер сөмке-кісенің үлгісі туралы айтатын болсақ, олар әртүрлі: төртбұрышты, созылған бесбұрышты үлгіде, ал Ш.Уәлихановтың жазбаларында «бәліш» пішіндісін де кезіктіруге болады. Алтайлықтар кісені «қаптарға» деп те атаған. «Қалта» терминін кісемен бірге, Ш.Уәлихановтың жазбаларында кездестіреміз. В.В. Радловша айтқанда «қалта» қазақ тілінде «тері әмиян» немесе «тіл-көзден сақтайтын тұмар мен дұғаларды өзімен бірге алып жүруге арналған әмиян» дегенді білдіреді. Сөмке-кісенің атқаратын қызметі уақыт өте келе өзгерді: өте ерте кезде өзінің дәстүрлі ролін атқарса, кейіннен бәкі салып жүруге, одан кейін әмиянға айналған-ды.

Оқ салатын қалталар негізгі «оқшантай» қызметін атқарса, сол сияқты үлгідегі сәндік қалталар «дәндәку» деп аталған.

«Белбеу» сөзінің этимологиясы туралы бірер сөз. Белбеу (белбау) құрамды сөз, бел – адамның белін білдірсе, бау – байлайтын деген ұғымды білдіреді. Бау сөзі заттың ұзындығын да білдіреді.

XIX ғасырдың ортасына қарай қазақ тұрмысының өзгеруіне байланысты кісенің үлгілері де өзгерді, салпыншақ-қалталы белбеулердің қажеттілігі біртіндеп жоғала бастады. Кісе таза сәндік роль атқара бастады. Көне белбеулер мерекелік белбеулерге айналды, сондықтан XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басындағы белбеулер жылтырақ жапсырма түріндегі әшекейлердің көптігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, салпыншақ-қалтасыз, бірақ үлгісі мен көлемі дәл бұрынғыдай қалыптағы темір айылбастары бар қайыс белбеулер пайда болды (белдік, кемер белдік, күміс белдік).

Кісеге қайта оралар болсақ, ер адамдардың белбеуі ерлерге тән маңызымен бірге, сондай-ақ иесінің әлеуметтік жағдайынан да мәлімет білдіретіндей болған. Зерттеушілердің жасаған қорытындысы мынадай: жауынгер болған әрбір көшпелі арнайы «әскери» белбеу таққан; белбеудегі жапсырмалардың саны жауынгердің қоғамдағы орнын білдірген; ол қаншалық белгілі адам болса, оның белбеуіндегі жапсырмалар да соншалық көп болған; белбеуден салбырап тұратын шеткі «кемерлік» жапсырмалардың ұзындығына ерекше мән берілген. Белбеудің бет жағындағы темір жапсырмалар оны тозудан сақтаған.

Сонымен, белбеу иесінің әлеуметтік жағдайын анықтау үшін темір жапсырмалардың тек қана санына ғана емес, оның үлгісінің, әртүрлі типтері мен өрнектерінің сәйкестігіне де мән берілген. Орта Азия халықтарының киімдері тарихының аса ірі білгірі О.А.Сухарева: «Сыртқы киімнің үстінен белбеу буыну қызмет көрсетуге және іс-әрекетке көшуге бекемдікті аңғартқан. Кәсіпкер шәкіртінің оны шебер деп жариялау рәсімінде белбеу тағуы кәсіби еңбекке дайын екендігін көрсеткен» деп жазды. Ортағасырлық миниатюраларында белбеу буынған жауынгерлер мен қызметшілер бейнеленген. Билеушілер мен діни тұлғалардың шекпендері бос түсірілген. Қасына белдері буылған садақшылар мен сазгерлер ерткен Әмір Темір ғана белбеусіз. Одан әрі автор былай деп бекітеді:...жоғарыда мысал келтірілген белбеу буыну екінші маңызда айтылған құбылыс, ал негізінде белбеу киімнің бос жүрген ұзын етегі еркін қимылдауға кедергі жасағандықтан тағылатын болған-ды». Бірақ, бұл екінші маңыздағы құбылыс өте ертеде пайда болған. Этнографтар белбеу буыну белгілі бір деңгейден келесі деңгейге өтудің белгісі деп санайды. М.В. Сазонова «жасөспірім балаға белбеуді әкесі 12-15 жаста «мәңгілікке» сыйлаған (бұл жерде Хорезм өзбектері туралы сөз болып отыр)» деп мәлімдейді. Осы сәттен бастап ол жігіт болды деп саналған, яғни келесі жыныстық өсу сатысына аяқ басқанын білдіреді. Осыдан бастап жасөспірім бөлінбеген отбасында еркектермен бірге тамақтанып, ерлер жататын бөлікке жатуға құқылы болған. Осы кезеңде жасөспірімге арналып қой сойылып, общинаның мүшелерін шақырып той жасалған. Сондай-ақ, О.А. Сухарева: «Бай әшекеймен безендірілген белбеуді баланы сүндеттеу тойына да арнап жасатқан. Хорезм өзбектерінің салтында белбеу үйлену тойында және жерлеу рәсімдерінде де ерекше орын алған. Қайтыс болған адамды ораған ақиреттің сыртынан белбеу буылған. Ол белбеу тек марқұмды жер қойнына бергенде ғана шешкен. Ол (белбеу) аза киімінің де белгісі болған» деп мәлімдейді.

Өкінішке орай, белбеудің жоғарыда келтірілген мәліметтерге қатысты қазақтарға тән қызметтік маңызы туралы мәліметтер жоқ. Дегенмен, белбеу ер адам үшін тұмар және еркектік күш-жігерінің белгісі болып табылған. Қазақтарда үй иесі қайтыс болған кезде – сырыққа оның белбеуін іліп қою салты болған. Бүгінгі күнге дейін қазақтарда қайтыс болған жақын адамның, әсіресе аталарының заттарын ардақ тұту салты етек алған. Көбінесе олар атадан қалған белбеу және қаруға қатысты болып келеді, ол заттар келер ұрпақты қолдап-қоштап жүреді деп саналады. Қазақ диаспорасы көп қоныстанған Батыс Монғолияның Баян-Өлгий аймағына жасалған экспедиция кезінде (2008 жыл), қайтыс болған ата-бабасының заттарын ардақ тұтатындықтарының айқын көрінісін байқадық. Мұнда дәстүр бойынша жазда ел жайлауға шығады, киіз үй тігіп, мал бағады. Әрбір киіз үйдің ең төрінде қайтыс болған әкесінің немесе атасының бас киімі (көбінесе шапаны), қасына міндетті түрде белбеуі ілінеді. Бұл заттарды көріп, қайтыс болған иесінің жақсы игілікті істері туралы әңгімелер естуге болады, бірақ ол заттарды сатып алуға болмайды, ол сатылмайды. Заттардың қолдап-қорғап жүретін қасиетіне адамдардың күні бүгінге дейін сенімі жоғалмаған.

Белбеуге, оны белден шешіп мойынға ілуге қатысты ұмыт бола бастаған тағы бір өте көне дәстүр бар. Бұл екі жағдайда жасалған: өте ауыр сәттерде, адам әбден қажыған, жаратқанға жалбарынар сәтте және жақын туыстың қайтыс болғанын білдіру кезінде (естірту).

Жоғарыда айтылғандай коллекцияда үш кісе-белбеу бар (тізім. №1,2,3). Олар жіңішке және ұзын (тиісінше 2,7х124см, 3х160 см, 3,5х147см). Біріншісі қалғандарына қарағанда қысқа, оның сол жақ шеті жұлынып, сақталмаған. Ілмегі оң жағында, сәндік бейнелі салпыншақтары, сонымен бірге бесбұрышты сөмке-кісе бар. Бірінші және екінші белбеу метал жапсырмалармен және тастармен әдіптелген. Металдағы ою бедерленіп жасалған, пластиналары өте жұқа сары металмен (алтын жалатылған болуы мүмкін) апталған. Үшінші белбеудегі сөмке де әдіптелгенін қосқанда тек үш пластинамен сәнделген. Аталған ұзыншақ пластиналар жұқа ақ металмен апталған, оюлап әдіптелген, ол күміс болуы мүмкін. Қалған екеуінен айырмашылығы, екінші белбеуде пышақ салатын қын бар, бұдан біз қалған екеуінде олар болмаған деп айта алмаймыз, оларда да қын болып, жоғалып кетуі де мүмкін-ді.

Енді сөмке–кісе туралы бірер сөз. Бірінші белбеудегі сөмкенің қақпағы және бір бөлімі, үшіншіде қақпағымен екі бөлімі бар (бұл сөмке-әмияннің классикалық үлгісі). Ал екінші белбеудегі сөмкенің сұлбасы ғана жасалған. Белбеудің пішілгені де қызық. Белбеу, әдетте екі қабатты болып келеді, бірақ №2 және №3 белбеулердің шеттері сыртқа қайырылған және қосылған жерлері жіңішке қайыс жіппен әдіптелеген. №1 белбеу екі бөлек белбеуден тігілген. Біздің коллекциядағы белбеулердің шеттері көбінесе ішке қарай бүктелген.

Мұражай-қорық коллекциясындағы екі белбеу – күміс белдік (№4, №5) және үшеуі – кемер белдік (№6, №7, №8). Алдымен «белдік» терминінің мағынасына тоқталу қажет. Өкінішке орай, зерттеушілер белбеулердің мұндай сипаттамасын нақтылап ашпаған, бірақ Ө. Жәнібековтің мақаласында мынадай сөздер бар: «Кісе белбеудің басқа түрлерімен, мәселен белдікпен салыстырғанда, қайыс салпыншақ-қалталары болған....». Осыдан қарағанда белдіктердің салпыншақ-қалталары болмаған. Өзімнің жеке бақылауым бойынша олар кісеге қарағанда қысқа және жалпақ болған деген болжамға келдім. Адамның белі тек бір рет буылып шеттері (ұштары) ілгекпен немесе тоғамен бекітілуі мүмкін (белдіктердің өлшемі: 4,5х124,5 см, 4х99 см). Күміс белдікке қатысты біздің жағдайда, екі үлгі де (байлау тәсілі) бар. Күміс белдікке қатысты мынаны еске саламыз, олар салпыншақсыз, күміс таналармен, жартылай асыл тастармен әдіптелген болып келеді. Кемер белдіктің үлгілері мен өлшемдеріне келетін болсақ олар да кісеге қарағанда қысқа (95, 101, 92,5 см), үлкен және ауыр екі бөлікті айылбасы бар, белбеудің жалпақтығы 8 см дейін жетеді, тиісінше жылтырақ жапсырмалары да ірі болады. Кемер белдіктің бірі (№8) үшқабатты: ішкі белдігі бар, оның үстінен шеті сыртқа қарай қайырылған тері және жоғарыда аталған кіседегідей ұзын бойымен жұқа тері таспа жапсырылған. Осы жерде В.П. Курылевтың мақаласында қазақ белбеулерінің көпқабаттылығы мен жасалаған материалы туралы мынадай ақпараты бар екенін айта кету орынды: «Н.М.Пржевальский қазақтың қайыс белбеулері жылқының немесе сиырдың терісінен екі, кейде үш қабатты болып келетінін атап көрсеткен». Аталған белдік бұл пікірдің растығын дәлелдейді, ал оның қандай теріден жасалғанын анықтау күрделірек, жәдігердің ол турасындағы сипаттауы жоқ. Дегенмен, оның қалыңдығына қарап, көпшілік жағдайлардағыдай оны ірі-қара малдың терісінен жасалған деп тошшылауға болады. Қазақ тілінде «кемер» сөзі «әшекейлі» деген ұғымды білдіреді, яғни «әшекейленген», ал түріктерде бұл сөзбен белбеудің өзін атаған.

Бірінші күміс белдік (№4) мұражай-қорықтың қорына 1987 жылы түсті. Ол 9 күміс жылтырақ жапсырма гүлөрнекпен, 27 күмістелген жылтырақ тойтарма қалпақшалар және күмістелген өсімдік тектес оюмен өрнектелген, екі пластинамен әшекейленген. Ілмек-қапсырманың көмегімен түймеленеді.

Күміс белдік (№5) біздің қорға 1995 жылы түсті. Белдік жартылай асыл тастармен (ақық, феруза) және 916 сынамалы күміс жапсырмалармен өте бай әдіптелген. Ол аталған коллекцияның және мұражай-қорық экспозициясының көркі болып табылады. Белдіктің тері және барқыт негізі бар, беткі жағы оқаланған. Айылбасы тікбүрышты үлгідегі ақ металдан (4,7x16) жасалған, аздап иілген. Айылбастың ортасында ашық тоқсары түсті тікбұрышты үлгіде (2,2x3) ақ түсті металдан жасалған үш қатарлы жақтауға ақық тас орнатылған. Сондай-ақ, айылбастың, ақ түсінің үсті екі жолақ өсімдік тектес оюмен әсемделген. Қалған бөлігінде сары түсті үш жолақ бар, ортасында араб әріптерімен қазақ тілінде жазылған «Қайсабай қажыға Отарбайдан естелік 1901 ж.» деген жазуы бар.

Екі белбеу салпыншақтары бар белбеуге жатады (№12, №13). Бірақ оларды біз кісе белбеуге жатқыза алмаймыз, өйткені олардың негізгі элементтері - сөмке-кісесі жоқ, салпыншақтары сәндік роль ғана атқарады. Белбеулердің біреуінде екі жапсырмасымен бір сәндік салпыншақ бар, ал екіншісіне шығыршық ілінген. Салпыншақтар мықты бекітілген. Ал оң жақ шетіндегісі үлгісі бойынша қынға ұқсайды. Бұл жерде дәстүрге екі түрлі сәйкессіздік аңғарылады: біріншіден, салпыншақтар әдетте белбеуде бос, еркін жылжытуға болатын, екіншіден қын белбеудің сол жақ жағында орналасуы керек-тін. Екінші белбеуде оқ-дәрі салатын торсықшаға ұқсас «Т» әрпі түріндегі салпыншақ оң жаққа орналасқан, дәстүр бойынша ол сол жақта болуы керек. Аталған белбеудің құндылығы темір шынжырмен бекітілген қыны болуы мүмкін. Сондықтан шеберді сынап қажеті де жоқ, өйткені бұл белбеу кісе өзінің маңызын жоғалтқан кезеңге жатады, ол тек сәндік болғандықтан, салпыншақтың қай жаққа орналасқаны шеберді де, белбеудің иесін де соншалық ойландырмаған болса керек. Бұл екі белбеу де, қалған 7-уі де әртүрлі үлгідегі сәндік жапсырмалармен мол безендірілген. Салпыншақтың жоқтығын түрлі-түсті шыны салынған «көздер» мен мол жапсырмалар білдірмейді. Мысалы №9 белбеуде – 54 жылтырақ жапсырма, №14 белбеуде – 46 жыпсырма, №11 белбеуде олардың саны – 45 және т.т.

Өткенсіз болашақ та бүгін де болмақ емес. Бұл аксиома. Бүгінгі күні жас ұрпақтың ата-бабамыздың салт-дәстүрін, өткен мәдениетін тым аз білетіндіктері туралы ащы шындықпен бетпе-бет келе беретініміз өкінішті. Сондықтан біздің мақсатымыз – халқымыздың дәстүрлерін сақтай отырып оны дамыту арқылы көнеден келе жатқан материалдық және рухани құндылықтарымызды болашаққа жеткізу.


Тізімдеме құрылымы:

- түсімдер кітабы бойынша №, атауы

- мерзімделуі

- материалы, техникасы

- көлемдері (см-де)

- өткізуші

- аңызы

- сипатталып жазылуы

В начало страницы © 2010 восточно-казахстанский архитектурно-этнографический природно-ландшафтный музей-заповедник