• Увеличить размер шрифта
  • Размер шрифта по умолчанию
  • Уменьшить размер шрифта
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Рахатова Ж.Т. Семей қаласының шебері Б. Махажановтың шығармашылығындағы дәстүр мен жаңашылдық (ағаштан жасалған бұйымдардың қор коллекциясы бойынша)

Рахатова Ж.Т. Семей қаласының шебері Б. Махажановтың шығармашылығындағы дәстүр мен жаңашылдық (ағаштан жасалған бұйымдардың қор коллекциясы бойынша)

Сәндік-қолданбалы өнер шебері Махажанов Болат Хамитұлы ағаш оюдың қыр-сырын жақсы меңгерген белгілі шеберлердің бірі. Ұлттық нақышта заман талабына сай кәдесыйлық және ыдыстар жиынтығын жасап дамытып және жас ұрпаққа дәстүрлі қолөнерге деген, сондай-ақ өнер шеберлерін дайындауға зор үлесін қосып келе жатыр. Музей-қорық қорында ағаш топтамасын толықтырып тұрған бірқатар бұйымдары көз тартарлық.

 

Шығыс Қазақстандағы сәндік-қолданбалы өнердің шеберлері халықтық өнерді, мәдени байланысты және дәстүрлерді жалғастыруда. Ол өлкеміздің ежелгі қолөнерін жандандырып, көздің қарашығындай сақтап келеді. Шебердің шығармашылығынан ұлттық көзқарас, аймақтың тұтастықты, көпқырлылық байқалады. Ол өз аймағының қолөнерін сақтап қана қоймай, оларды шынайы шығармашылық ізденіспен дамытып, әрбір бұйымға жаңа өзгерістер енгізуде. Қазақтың ұлттық дәстүрін сақтай отырып, заманауи стильде ағаштан әртүрлі бұйымдарды ойып, қолөнерді дамытып, ерекше леп беріп жүрген  сәндік-қолданбалы өнер шебері - Болат Хамитұлы Махажанов 1958 жылы Семей қаласы Бородулиха ауылында дүниеге келген. Бала кезінен сурет салуды жақсы көрген, сол кезден бастап мектептегі сурет үйірмесіне қызығушылықпен қатысып, қолөнерге бейімделе  бастаған.  Алғаш жасаған бұйымы - ағаш қасық болған екен. Өсе келе ағаш оюдың әртүрлі тәсілдерін біртіндеп меңгере бастаған. Осылай қолының икемділігі арқасында ағаш жонуды да, ою оюды болса да шеберлілікпен бойына дарытады. Бойында қалыптасқан шеберлікті келешек ұрпаққа үйрету үшін сәндік-қолданбалы өнер шебері Болат Хамитұлы көп жылдан бері Семей қаласындағы «Ата-ананың қамқорынсыз қалған жетім балалар мектеп-интернатында» еңбекке баулу пәні бойынша жұмыс жасап келеді.

Шебер  алдымен өз шәкірттеріне қазақ ұлтының дәстүрін, қолөнердің маңыздылығын және өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға ден қояды. Ол әр бала ұлттық дәстүрлі қолөнер жайлы біліп жүрсе деп армандайды. Сондай-ақ шәкірттерінің қолөнерге үйретіп қана қоймай, болашақта мықты кәсіби шебер болу мүмкіндігінен құр қалмауларын ойлайды.  

Шебердің бірқатар туындысы бірнеше қалалардың музейінде көрермен назарына қойылған, ал облыстық этнографиялық музей-қорық қорында ағаштан жасалған кәдесыйлықтар, музыкалық аспаптардың әртүрі сақтаулы. Ол бұйымдар жыл сайынғы өтетін дәстүрлі облыстық көрменің ажарын ашып, ұлттық нақыштағы бұйымдардың қатарын толықтырып тұрады. Жасалу техникасына келетін болсам, аралас техника арқылы жасап ағаштың көптеген түрін қолданады. Ол алдын-ала кесу және өңдеу арқылы ағашты дайындап, кейін қымыз құюға арналған ыдыстар жиынтығын, астау, табақ және т.б. туындыларын жасап шығарады. Сондай-ақ «Ұлы дала әуені», «Дала сазы» немесе «Шыңғыс тау» деп әр жасаған затына атау береді. Болат Хамитұлы он жылдан астам уақыт республикалық, қалалық және аймақтық сайыстардың, көрмелердің белсенді қатысушысы. Ең ірісі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде шеберлігін шыңдады. Әлемдік көрмеге ерекше дайындықпен қатысқан шебер қазақтың ұлттық ыдыстар жиынтығы мен ұлттық нақыштағы кәдесыйлық бұйымдар және сюжеттік паннолар, миниатюралық мүсіндер ұсынған болатын. Сонымен қатар 2017 жылдан бастап Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі. Ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылық пен дәстүрдің жалғасын жалғастыра білген ағаш ою шебері - Махажанов Болат өзіндік ұсталық шеберлігімен қолөнерге үлесін қосып, заманауи шеберлер қатарында нық басуда.

Еңбек жолында қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, қолөнер тренингтерінде білімін толықтырып, әрдайым даму үстінде жүреді. Қалалық, облыстық және республикалық көрмелердің белсене қатысып, көптеген марапаттар мен алғыс хаттарға ие болған. Ағаш бұйымдарынан жасаған туындыларына жанашырлықпен қарап, дәстүрді сақтай отыра жаңашылдық енгізуде.

Кейіпкеріміздің және басқа да шеберлер қолданатын ағаш түрлері туралы бірақ мағлұмат: 

-          Қарағай-әр түрлі өрнегі бар әдемі қоңыр-сұр түсті ағаш. Өңдеуге жақсы келеді жылтыратылған [1-29].

-          Шырша - ақ ағаш, жеңіл және жұмсақ. Оның қасиеттері шырша өсетін аймаққа байланысты.

-          Емен-әдемі құрылымы мен түсі бар. Оның ағашының түсі әртүрлі. Емен ағашы жоғары беріктік пен қаттылықпен, беріктік пен шірікпен, иілу қабілетімен ерекшеленеді.

-          Қайың – жұмсақ, қызғылт немесе сарғыш реңі бар ақ ағаш, берік, жақсы өңделеді. Әдемі құрылымы мен құнды қасиеттері бар (температураны бір қалыпты ұстап тұрады).Қайың қабығы (жоғарғы қабаты) - жоғары беріктікке, икемділікке, шірікке төзімділікке ие.

Қазақстанда ағашты көркем өңдеумен "Өнерпаз" Жамбыл фабрикасы, жергілікті өнеркәсіп министрлігінің "Өрнек" Өскемен фабрикасы, Оютас зауыты, алты ағаш өңдеу комбинаты айналысады. Бұл кәсіпорындардың барлығы дерлік ұлттық ою-өрнектер сала отырып, токарлық бұйымдар шығарған. Ал қазір осылардың жартысы ғана өнім шығарады. Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстан өңірлерінде, сондай-ақ оңтүстік аудандарда ерекше гүлденген, яғни орман тоғайы сыңсыған, жайқалған аймақтарда [2-157] ағаш ұсталары нақыш салу, үш қырлап, шеңберлеп ою, бедерлеу әдістерін жетік меңгерген. Алайда шеберлігіне қарай бағалы әшекейлі бұйымдарды жасайтын ұсталар – «қас шебер», ол дәрежеге жете қоймағандары «балта шебер» деп те бөлінген екен. Бұйымды ерекше, нақышты ою ойып, сәндейтін ағаш ұсталарын халық арасында «Ағаштан түйін түйетін адам» деп мақтан тұтады.

Ыдыс-аяқ жасау ісі де асқан шеберлікті талап етеді. Алдымен ағашты мұқият таңдайды, ол азықтың тез бұзылмауына сеп болатын, иісі жағымды болуы керек. Көбіне ыдыс жасауға қайың ағашы пайдаланылады. Оны адыраспан түтіне ұстап, тазалап, және суға төзімді болу үшін қайнатылған май сіңіреді. Осыдан кейін  ысып, жылтырата отырып өңін кіргізеді, ою ояды. Шебердің осы әдіспен жасаған заттарының өңі өте әдемі келеді [2-158].  

Ұлттық ыдыс пішіндері азғана айырмашылылықпен жасалғаны байқалғанымен, еліміздің барлық аймақтарында бірдей екені байқалады. Тамақ ішуге арналғандықтан ыдыстардың барлық түрін көркемдеп безендіреді. Тысқы жағына ою-ойып, бояумен әрін кіргізіп, сүйек, күміс, асыл тастармен әшекейлейді. Кейбір ыдыстар таңбалық рөліне қарай ерекше сәнделеді. Мысалы ожау киелі зат саналғандықтан, оның пішінінің әдемі болуына, көбіне ілетін тесігі ойылып жасалатын иілген оюлы, нақышты сабының пластикасына зор мән береді. Дәулетті адамдардың үйінде ожаудың сабын күміспен күптеп, қымбат тастармен әшекейлейді. Қазақ ожауына тән сипат – екі бөлімнен тұратындығы. Ожауды жерге тастамайды, қашанда іліп қояды, ал жазықтық бетіне қойған болса, әсте төмен қаратпайды.

Болат Хамитұлының жасаған бейнесі ерекше, әдемі бұйымдары- эстетикалық қиялдың шарықтауының белгісі. Көркемдік феномен қатарына жататын бұл заттар халықтық өнердің бүкіләлемдік қорына бірден бір қосылған үлес. Дарынды шебердің қазақ халқының рухын көрсететін шығармашылық мұрасы аталған мәдени кеңістіктегі алар орнын объективті түсіндіруге осы өнердің ары қарай дамуына дем беруге аса қажет. Қазіргідей қолөнерге халықтың қызығушылығы артып, тамырын іздестіре бастаған кезде көркемдік нарықта Болаттың өніміне сұраныс артты. Ол жерлестерінің күнделікті қажеттілігіне пайдалануға ағаш, былғары, металды көркемдеп, өңдеп, жаңғыртып беруге үлес қосуда.  

Сәндік-қолданбалы өнер шебері - Болат Хамитұлы Махажанов (1 сурет) қазақ халқының ағаштан түйін түйген шеберлігіне тамсанып, былай дейді: «Ағашты адамзат өте ерте дәуірден бері қарай пайдаланып, бүгінге жеткен. Мұның дәлелі қазба ғылыми деректермен, ел арасындағы мұралық көне дүниелерден байқалады. Қазақ халқында ағаш шеберлігіне қатысты салт-дәстүр, сенім-наным, әдет-ғұрып ырымдар көп. Қазақ халқы ағаш шеберлерін қастерлейді. Оларды өнерлі адамдар деп біледі, мақтан тұтады. Тіпті құрал-саймандарын қастерлеп биік жерге іліп қояды,аяқ-астына тастамайды. Ата-бабаларынан бері қарай жалғасқан «қас шеберлер» көп. Олардың ағаш шеберлігі өнері атадан балаға жалғасып жатады. Ағаш шеберлері жасаған бұйымдарды киелі деп қастерлейді. Сондай-ақ ағаш ұсталардың өзіндік құрал-саймандары болады, олар ара, балға, балта, бұрғы, қашау, пышақ. Мысалы,  қазақтың дәстүрлі шеберлігінде қолданылатын басты құралдың бірі – «ара» екен».

Қорытындылай келе қазақ халқы өзінің күн көріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстың кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та құра білді. Халықтың қолөнеріне әдет-гұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш керует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау-басқұрлар тоқып, арқан, жіп есіп, көннен және илеулі теріден қайыс, таспа тіліп, өрім өріп, қолдан әр алуан ыдыс-аяқ, адалбақан, асадал, бесік және т. б. көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасады. Міне осылардың барлығын ата-бабамыздан қалған өшпес мұра ретінде бекітіп, өз бойына ағаш ұстасы деген еңбекті жас кезінен сіңіріп  дәстүрімізді жалғастырып келе жатқан шебердің бірі Махажанов Болат Хамитұлы. Әр жасайтын бұйымына ұлттық болмысты бірден көрсетіп тұратын қазақ ұлтының бай ұлттық оюларымен көмкеріп, туындысына рең береді.

  

Ол 2019 жылы музей-қорық қорына тапсырған ожаудың ерекшелігі - сабының басы архардың басымен ерекшеленіп жасалғаны.

Қымыз құюға арналған жиынтық тостаған-КП 84-38785, ожау- КП 84-38785/8 және алты кәседен- КП 84-38785/2-7 тұрады (2 сурет). Ағаштан ойылып жасалған, лажымен көмкерілген ашық-қоңыр түсті. Иректі қос-мүйіз оюымен әсемделген, ойылған екі қатар жолағы бар.

Облыстық этнографиялық музей-қорық қорында сақталған келесі бұйым «Ғасырлар құпиясы» панносы (3 сурет) КП 69-34889. Рамкасы ағаштан жасалынып, онда замш материалы тартылып бетінде пәнерден ойылған күншуақты шығыс қаласы бейнеленген. Панноның ортасында күн, ұшып бара жатқан құс,  аттың шауып бара жатқаны, қазақтың ұлттық киімін киген қыздардың билеп жүргені, қазан ошақ пен торсық, сондай-ақ аржақ шетінде шығыс үйінің көріністері әсемделген. Бір сөзбен айтқанда «Ғасырлар құпиясы» панносында бұрынғы кездің тарихын еске түсіріп шығыстың ерекшеліктерін көруге болады.    

Семей өңірінің тумасы ретінде Шығыс Қазақстан жерінің әдемі таулы жерлерін ағаштан ойып жасаған  кәдесыйға «Шыңғыстау» деп атау берген (4 сурет), онда архар мен бүркіттің бейнесі әсемделген. Таудың өзі ағаштың тамырынан жасалған қоңыр түсті, астында жалпақ тұғыры бар. Шебердің бұдан басқа музыкалық аспаптардан құралған кәдесыйлары да бар.   

Болат Хамитұлы күні кеше ғана (01.10.2021) Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 - жылдығына арналған халықтық және қолданбалы өнер фестиваль-конкурсы, мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Өскемен қаласында өткен «Шығыс кәдесыйы» атты конкурста «Инновациялық» номинациясын жеңіп алды, дипломмен марапатталды. Шебердің бұйымдары қатысушылардың арасында ерекше ұлттық нақышта және дәстүрлі қолөнерді жалғастырушы қатысушы ретінде бірден қазылар алқасының көзіне түсті. Ол  конкурсқа ерекше  көз қызығарлық, ерекше ыждағатпен, қазақтың өнерін дәріптей жасаған бірқатар бұйымдарын әкеліп, қаншама адамды тамсандырды, ықласына бөленді.

 

Әдебиеттер тізімі:

 

  1. Изделия народных художественных промыслов и сувениры. Р.А. Бардина, Москва, 1990.
  2. Шедевры Великой степи. Ш.Ж. Тохтабаева. Алматы, 2008.
  3. Көне дәстүрлерді қайта жаңғырту. Алматы, 2010.

 

Рахатова Жадыра Тоқтарбекқызы, халықтық және сәндік-қолданбалы

өнер бөлімінің  ғылыми қызметкері.

ШҚО Өскемен қаласы.

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және

табиғи-ландшафттық музей-қорығы

 

Журнал «Дәстүр» №6 (79), Қараша-Желтоқсан, 2021 жыл.

Ұлттық этнографиялық басылым 2009 жылдың қазан айынан бастап шығады.

Алматы қаласы

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …