• Увеличить размер шрифта
  • Размер шрифта по умолчанию
  • Уменьшить размер шрифта
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Құмарова Б. Әсемдікті айшықтап…

Құмарова Б. Әсемдікті айшықтап…

Киімдердің пішілу үлгісі мен әшекейленуі - әр халықтың тарихын, мәдениетін білдіретін бірден-бір рухани байлық көзі. Ұлттық киімдер ішінде ерекше көзге түсетіні - бас киімдер.

Х1Х ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанның көпшілік бөлігіндегі әйелдердің бас киімдері екі бөліктен:  басқа киетін бірінші бөлік -кимешектен және осы бөліктің үстінен оралатын жаулықтан тұрған. Әдетте қазақ әйелдері екеуін де ақ матадан тіккен.

Бұларға қысқаша анықтама берсек, кимешек - тұрмысқа шыққан әйелдердің бас киімі. Оның бетке арналған ойығы бар, басты, кеудені және иықты жауып тұрады, ал, артқы жағы төмен  қарай жіңішкеріңкіреп, "құйрық" тәріздес болып тігіледі. Ал, жаулық - көлемі екі де екі метр шамасында тігілген шаршы. Оны әркімдер әрқалай атайды - бірі жаулық, бірі көлеміне қарай шаршы десе, үшіншілері шылауыш, тағы біреулер күндік деп жатады. Бұл атаулардың барлығы да дұрыс, өйткені, ол жергілікті жердің диалектісіне байланысты екен. Сол сияқты оның кимешектің үстінен оралу тәсілдері де әр жерде әрқалай болады.

Кимешектердің әшекейленуі де жасқа байланысты. Алғашқы кимешек тұрмысқа шығатын қыздың үйінде тігіліп, оған қыздың жас кезіндегі кеудешелік әшекейлерінің бәрі қолданған. Кимешектің екі жағын бірнеше түрлі-түсті тігіспен әсемдеп кестелеп, шытырамен, жақұттармен, ақ және ұсақ моншақтармен әшекейлейді. Осындай әдемі кимешекті 3-4 бала туғанша киіп, ал, 40-45-ке келгенде кимешектерін жәй ғана мәшін тігісімен сырып немесе кимешектің жақтарына түрлі-түсті жіптерді шалу арқылы жиек жасайды. Жиек, біріншіден,сәндік үшін жасалса, екіншіден, жақтың созылып кетпеуі үшін қажет.

Өткен ғасырларда күйеуі қайтыс болған әйелдер кимешегін күйеуінің жылдық асын бергенше теріс киіп, содан кейін оң киетін салт болыпты. Егерде мұндай әйелдер төсек жаңғыртатын болса, ол кісінің кимешегі қайтадан кестеленеді екен.

Қазақ рулары мен тайпаларының өзгеше болуына байланысты, кимешектердің әртүрлі үлгілері болыпты. Айталық, Ақмола облысының арғын руларында кимешектің ең байырғы түрінің бірі - орама кимешек болса, кіші жүздің ыстық руларында бүрмелі кимешек болған.Ал, Оңтүстік Қазақстанның көпшілік жерінде пішіні жағынан үшбұрыш тәрізденіп, төбесіне бөлек дөңгелек не сопақша төбелдірік, алдына маңдайша тігіп, ең төменгі жағын  ұзын да үшкірлеу етіп тігіпті.

Шығыс Қазақстандағы найман руларының кимешектері негізінен қысқалау пішіліп, тік бұрышының тек жоғарғы бұрыштары көлбеулеу келіп, оның екі жағына шаршы тәрізді арқа бөлігі тігіледі.

Біздің облыстық этнографиялық мұражайдың қорында отыздан астам кимешек бар. Олардың бір-бірімен ұқсастықтарымен қоса пішілу үлгілерінде, әшекейлерінде де өзіндік ерекшеліктері бар.

1989 жылы Самар ауданының тұрғыны Жақсылықов Жәмел (руы - жаубасар) шешесі Жақсылықова Зейілханның (1896 жылы туыпты) 1960-шы жылдары тіккен кимешегін өткергенде "Шешем, біздің найман руының кимешегі осылай болады" -- деп айтқанын бірнеше рет естіп едім", - деген сөздерін кезінде мекеме қызметкері өзінің экспедициялық күнделігіне жазып алыпты. Ол кимешектің алғы биіктігі 63 см., алғы бойын жазғанда үшбұрышты, ені 60 см., ал жалпы ұзындығы 1,12 см., арты дөңгеленіңкіреп жасалған. Сәндік үшін екі жағы төбесінен бастап аяғына дейін сары және күміс жіптермен оқаланыпты.

Өскемен қаласы Аблакетка кентінің тұрғыны Нұркенова Зикен арғын руынан екен. Зикен апа кимешегі мен жаулығын өткеріпті. Бұл кимешектің пішіні мол, маңдайшалы, бетіне арналған жырығы дөңес үшбұрышты, ал артқы жағы дөңгеленіп тігілген.

Мұражай қорындағы коллекциялардың ішінен "айыр құйрық" кимешектерді де кездестіресіз. Мұндай кимешектерді қызметкерлер негізінен Катонқарағай өңірінде жиі кездестіріпті. Мысалы, солардың бірін, кимешек пен жаулықты Катонқарағай ауданының Жазаба ауылының тұрғыны Балтыкенова Жамбыл ана, тағы бірін осы ауданның Ақсу ауылының тұрғыны Еңсебаева Қазиза апа өткеріпті. Қазиза апа да кимешегін тұңғыш баласы туған соң, 1928 жылдан бастап киіпті. Туған жері Топқайың ауылы. Ол кісінің де руы шоймұрын екен. Мұражайдағы кимешектердің тарихы жазылған актілерді оқысақ, кимешектердің киілуі де әр кезеңде әр қалай болғандығына көз жеткіземіз. Сонау өткен ғасырдан ХХ ғасырдың отызыншы жылдарына дейін ол көпшілік әйелдердің күнделікті бас киімі болса, 30-шы жылдардан бастап сиретіле бастайды да, 40-шы жылдары мүлдем азайып, ал 50-ші жылдары тек үлкен жастағы әжелеріміз ғана киетін болыпты. 1950 жылдың орта шенінен бастап тіптен сол әжелеріміздің өздері де оларды тек мерекелік бас киімге айналдырып, әсіресе айт күндерінде немесе қонаққа барғанда киетін болған. Бұл жөнінде бізге Катонқарағай ауданының  Таңба ауылының тұрғыны Сайкенова Күлдариға (1918 жылы туған) отызыншы жылдары тіккен кимешегі мен жаулығын өткергенде айтып еді.

Кейінгі жылдары ұлттық киімдерімізді ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінде жиі кездестіріп жүрміз. Енді осы игілікті іс алға басып, ақ жаулықты аналар қатары көбейіп, біртіндеп күнделікті киімімізге айналса екен демекпіз.

 

Б. ҚҰМАРОВА

Дидар, 07.04. 1994 ж

 

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …