
Қ. Қайсенов көшесі, 67 мекенжайындағы көрме павильонының №3 залында Шығыс Қазақстанда омарташылықтың қалыптасқанына 240 жыл толуына арналған «Алтайдағы ара шаруашылығы» атты көрме өтіп жатыр.
Көрме келушілерді өңіріміздегі омарташылықтың бірегей тарихымен таныстырады. Көрмеде Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық музейінің қорынан алынған 150-ден астам бірегей жәдігер ұсынылған. Олардың ішінде жасы 100 жылдан асатын көне бұйымдар ерекше қызығушылық тудырады. Атап айтқанда, науашық омарта ұясы, араларға арналған аналық ұяшықтар, балауыз кесетін пышақ, түтіндеткіштер және ара ұялары қойылған.
Сонымен қатар көрмеде қазіргі заманғы омарташылық құрал-жабдықтары, омарташылардың арнайы киімдері, ғылыми әдебиеттер, көркем туындылардың репродукциялары, сондай-ақ өңірімізде омарташылықтың дамуына елеулі үлес қосқан омарташылардың фотосуреттері де көпшілік назарына ұсынылған. Бұл жәдігерлердің барлығы омарташылық кәсіптің өзіндік ерекшеліктерін және оның уақыт өте келе қалай дамып, жетілгенін жан-жақты танытады.
Өлкеміздің күнделікті тұрмыс-тіршілігі тарихының көпшілікке беймәлім беттерімен танысуға шақырамыз!












