Мектеп автобусымен таңғы сағат 9-да мектепке келдік. Мұнда бізді құшақ жая қарсы алып, шай берді және мерекелік әбігерлік басталды. Иә, қателескен жоқпын, расында да мерекелік. Бізді күтіп жүріпті, толқыныспен әзірленіпті. Ең алдымен мектеп мұражайымен таныстырды. Экскурсовод балалар жақсы дайындалған көрінеді: Ескідәстүршілдер үйі туралы әңгімелеп, интерьерін көрсетті; мұндағы стендтер туған селоларының тарихы жайында, Ұлы Отан соғысына қатысқандар туралы сыр шертеді. Мұражайда барлығы сүйіспеншілікпен, шығармашылық тұрғыда жасалған.
Экскурсиядан кейін «Орыс ақыны Е.В.Курдаковтың өмірі және шығармашылығы туралы» атты жылжымалы көрмені жедел түрде безендірдік – ол мұражай-қорық қорындағы коллекциядан алынған жәдігерлерден, Курдаковтар отбасының мұрағатындағы кітаптардан, фотосуреттерден, Е.В.Курдаков коллекциясындағы фотоколлаждар мен түбір мүсіндерден ұйымдастырылды. Ақынның қызы Ю.Е.Курдакованың салған суреттері көрмеге қойылды. Мектеп оқушылары Ю.Курдакованың туындылары туралы ыстық лебіз білдірді.
Е.Курдаковтың 70 жылдығына орай мектеп рекреациясындағы үлкен стендте «Жүрек пен жан дүние құпиясы» атты экспозиция әзірленді. Мектеп оқытушылары үлкен дайындық жұмысын жүргізіпті. Аталған көрменің тұсаукесері болды: балалар ақынның өмірбаяны туралы айтып берді, өлеңдер, диалогтар оқылды, музыка қалықтап, бейнематериалдар көрсетілді. Тұсаукесерде мұражай-қорық қызметкерлері: Ю.Курдакова, М.Ларионов, Н.Петрова сөз сөйледі. Курдаков шығармашылығы жөніндегі, өлкетану бойынша кітаптар топтамасы мектепке сыйға тартылды. Залда орнаған шығармашылық ахуал, шабыттты да лирикалық көңіл-күй бізді таңқалдырды. Мұның бір рет қана жасалған іс-шара емес, филологтар (ұйымдастырушы – Ольга Ивановна Маршалкина) мен бүкіл ұжымның байсалды да ойластырылған жұмысының қорытындысы екенін сезіндік.
Содан кейін «Өзін өзі тану» кабинетінде дөңгелек үстел басында мектеп конференциясы еркін жағдайда өтті. Көкейтесті мәселелер: Е.Курдаков лирикасындағы шығармашылық тақырыбы, ақынның көркемдік әлеміндегі құстар бейнесінің мәні, өлеңдер мен прозадағы періштелердің символикалық бейнесі, Абай өлеңдерінен аудармалар, Евгений Васильевич өлеңдеріндегі табиғат және рухани сауықтыру тақырыбы және басқалар талқыланды. Балалар Ю.Курдакова мен Н.Петроваға көптеген қызықты сұрақтар қойды. Сұхбат екі сағатқа таяу жалғасты. Өздерінің сүйікті ақыны – Евгений Васильевич Курдаков шығармашылығындағы күрделі мәселелер туралы мектеп лқушыларының соншалықты қызығушылық танытып, проблемаларды терең сезіне отырып, саналы да еркін пікір білдіргендеріне таң қаласың. Әрине, ең алдымен бұл талантты, өз істеріне берілген ұстаздардың сіңірген еңбегі екені сөзсіз. Олардың осынау бір рухани ахуалды, оқушыларлың дүние тануға және оны шығармашылық тұрғыда ой елегінен өткізуге деген ұмтылыстарын мектепте ұзағынан сақтап қалуларына тілек білдіргіміз келеді. Конференция қорытындысын шығарғаннан кейін, балалар өз қолдарымен жасаған кәдесыйларын қонақтарға сыйға тартты.
Н.П.Петрова
< Осының алдындағы |
---|