Өз атаулары – хай. Тілі – армян, үндіевропалық тілдердің дербес тармағы болып табылады. Екі үлгісі бар: батыс және шығыс, оны қазіргі Армения Республикасының халқы қолданады. Діні – монофизиттік бағыттағы христиандық. Армения әлемде христиандықты мемлекеттік дін ретінде қабылдаған бірінші ел (301 жылы).
Армяндардың ХІХ ғасыр соңы – ХХ ғасыр басындағы тұрғын үйлерінің терезелері үлкен, бір немесе екі қабатты құрылыс болып келген, шатыры жабынқышты екіеңісті, сондай-ақ ашық верандасы болған. Төменгі қабатында шаруашылық үйжайлар орналасқан.
Ерлер мен әйелдердің дәстүрлі киімі негізінен аласа жағалы жейде мен кең шалбардан тұрған, әйелдердің шалбары бүріліп, тобық тұсында бекітілген, ал ерлерде ол жалпақ шұлғаумен оралған. Сыртынан черкеска (ерлерде) және көйлек (әйелдерде) үлгісіндегі сыртқы киімнің әр түрлерін киген. Белбеу, ал әйелдер, көбінесе ұзын шарф байланған. Әйелдер міндетті түрде сәнді кестелі алжапқыш жапқан. Әсіресе, алтын жіппен өрнектелген барқыт немесе шұғадан тігілген некелік алжапқыштар әдемі болған. Мех, киіз немесе тоқыма баскиім киген, ал әйелдер – түрлі әшекейлері бар жиек салынған жамылғы жамылған.
Армяндардың ас мәзірі сан түрлі болып келеді. Хашлама, әйгілі хаш көже (дірілдектің ыстық күйінде пайдаланатын түрі), сиыр етінен пісіріліп яйни қақөрігі қосылған көже, кюфта, толма, бастурма, түрлі палау – анар (нров плав), қақталған балық (плав апхтац дзков) немесе кептірілген жеміс (чров плав) қосылған палаулар көбірек тараған. Істікте қуырылған севан форелі – ишхан хоровац армяндардың ең сүйіп жейтін асы. Хороващ – шошқа етінен әзірленген кәуәп армяндардың басты мерекелік дәмі болып табылады. Барлық тағамдарға аскөк және ашытпай пісірілген жұқа нан – лаваш міндетті түрде беріледі, лаваш осы күнге дейін балшықтан соғылған пеш – тонирде ескі технологиялар бойынша пісіріледі.