Халықтың өздерінше атауы - азербайджанлылар. Тілі - әзірбайжан тілі, түркі тілдерінің оңтүстік-батыс тармағына жатады. Шиит ағымындағы ислам діні.
ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы әзірбайжандардың қонысы әктастан салынған төбесі жазық немесе екі жағында еңісті қаңылтыр жабынқыш шатыры мен қалқаланған ашық дәлізі бар бір қабатты үй, онда ас дайындаған, тамақтанған және демалған. Ең жақсы бөлме қонақтарды қабылдауға арналған. Ол үйдегі кілемдермен және ең қымбат, жаңа заттармен жабдықталды.
ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы ерлердің дәстүрлі киімдеріне іштен киетін жейде (кейнек), шалбар (иштан, шалбар), тар жеңі бар қынама бел бешпент (дон) жатады, ал қыста - қой терісінен тігілген тон (крюк) киеді. Жейденің сыртынан газырлерге арналған (қаруға арналған оқ тұратын және оқ сақталатын ағаш түтікшелер) қалташалармен әшекейленген черкес шапан киді. ХIХ ғасырдың соңында газырлер өзінің мәнін жойды да, әшекей ретінде сақталды. Ерлер костюмін ерекше тұқымды бағлан терісінен, ең қымбат бұхар қаракөлінен тігілген бөрік толықтырып тұрды.
Әйелдер киімі іштен киетін туника тәрізді жейдеден, белдемшеден және қысқа шалбардан тұрады. Сыртынан ұзын, түймесіз көйлек (дон) және қысқа шекпен (архалук) киді.
Әзірбайжандардың дәстүрлі тағамдары түрлі етті, сүтті, ұннан жасалған тағамдарымен, көкөніс және жеміс молшылығымен ерекшеленеді. Танымал тағамы: қой етінен жасалған догва, питти (бұршақ пен картоп қосылып, арнайы құмырада дайындалған ет), ярпаг-долмасы, кюфта-бозбаш. Ең көп тараған тамақтарына (голубец түріне жататын жүзім жапырақтарына оралған) долма жатады. Тәттілеріне - түрлі халуалар, шакер-бура және пахлава (ішіне жаңғақ салып, бал қосып пісірілген) жатады.
Сопақша келген чурек-фетир және лаваш - жұқа шелпектер пісіреді. Мерекелік дастарханның ең басты тағамы плав (палау) болып табылады, палаудың әзірбайжандарда 50-ден аса түрлері бар. Сусындардан айран мен қара шайды ұнатады.