Өздерін өзі ивритше – йегудим, идишше – иди деп атайды, көпсанды этникалық қоғамдар мен субэтникалық топтардан тұратын, әлемнің көптеген елдерінде қоныстанған халық.
Бүгінде Израиль мемлекетінің ресми тілі болып табылатын иврит –еврейлердің бірінші де негізгі тілі. Диаспорада идиш көбірек тараған (неміс тілінің еврей диалекті).
Діндарлар негізінен иудашылар. Олардың негізгі қағидаларының бірі –еврей өміріндегі сенбі күнін және ең мерекелі күн – шабатты (ивр. «демалу», «сенбі») сақтау.
Жекелеген еврей этностарының мәдениеті мен тұрмысы иудаизмнің жалпы нормаларымен де, сондай-ақ оларды қоршаған этникалық көпшіліктің ықпалымен қалыптасқан бірқатар салт-дәстүрлермен де реттеліп отырған.
Еврей киімі, тұрғын жайлары мен тағамдары діннің қатаң ережелеріне негізделген.
Ресей империясының еврейлер тығыз орналасқан батыс облыстарында осы этностың өкілдерін өзіндік ерекше костюм арқылы айыруға болатын еді, одан ХҮІ ғасырдағы поляк ерлерінің сәндік киімінің элементтері байқалатын.
Еврейлер жібек немесе атлас матадан тігілген ұзын сюртук («лапсердак») киетін, оның сыртынан жалпақ қара белбеу байланатын. Дөңгелек барқыт тақия, былғары туфли, қонышына панталон салынатын ұзын шұлықтар костюмді толықтырып тұратын. Құдайға сыйыну кезінде бастары мен иықтарына мінәжат жамылғысы – талит жабатын. Сыртқы киімнің ішінен бұрыштарында цициті (ивр. «кішкентай шашақ») бар кіші талит салып жүрген.
Еврейлер сақалдарын қырмаған, басындағы шашын жұқа етіп алған және шықшыттарына бір тұтам ұзын шаш – пейс қалдырып отырған. Құдайға сыйынатын еврейдің басын кішкентай дөңгелек тақия – ермолка жауып тұрады. Еврей әйелдері европалық көйлек киген, тұрмыстағы әйелдер шаштарын қырып тастап, табиғи шашты парикпен алмастырған.
Еврейлердің дәстүрлі үйі өзіне сауда, қолөнерлік-өндірістік, тұрғын жайлар мен шаруашылық орынжайларды біріктіретін, сөйтіп немістердің «ұзын» үйінің славян құрылыс технологиясы пайдаланылған және орыс пеші бар қосындысы болып табылатын.
Ұлттық тағам көптеген діни ережелерге негізделген, олардың ең бастысы – ас туралы емдәмдік заң – кашрутты (ивр. «жарамдылық») ұстану.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|