Қазақтарға аңшылық негізгі кәсіп болмаса да, ертеден шаруашылығына демеу болған. Кедейшілікке ұшыраған бірқатар қазақтар үшін ғана аңшылық негізгі кәсіпке айналған. Елдің басым көпшілігі онымен оқтын-тектін айналысатын. Байлар үшін аңшылық ермек болған.
Ең көп тарағаны – аушы құстар: ақтұйғынмен, қаршығамен, ителгімен, бүркітпен саятшылық құру болған. Бұл құстарды жем тастап тормен немесе жылқы қылынан жасалған тұзақпен ұстаған, ал балапандарын ұядан екі-үш айлық кездерінде алған.
Ителгі, қаршығамен қоян, қаз, үйрек, дуадақ және батпақта жүретін, суда жүзетін басқа да құстарды аулаған. Бүркітті әдетте қыс кезінде түлкі мен қасқырға ғана салған. Бүркітпен саятшылық құру аса кең тараған, себебі түлкі мен қасқыр терілерінің ғана кәсіптік маңызы болған, ал оларды тек бүркіт алатын. Аушы құстарды баптау ісі ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын ерекше білімді қажет еткен. Құсбегілердің аты сайын далаға кеңінен танымал болған, олардан жастар тәлім алған. Ауқатты байлар өздеріне аушы құс баулитын құсбегі ұстаған. Ал дәулеті шағындау аңшылар құстарды өздері баптаған.
Еліктерге, қояндарға, түлкілерге және қасқырларға сондай-ақ жүйрік тазыларды да қосқан. Ірі жануарлар – маралдардың, қасқырлардың ізіне сойыл ұстап салт атпен түскен. Осы аңшылық түрлерінің барлығында да жүйрік ат мінген бірнеше салтаттылардан тұратын аңшылар тобы болатын. Бұрындары, сондай-ақ садақ пен жебе алып та аңға шыққан. Бірақ ХІХ ғасырдың ортасында-ақ бұл қару қолданыстан шықты. Қазақтардың аңшылық кәсібінің дамуына оқ дәрілі қарудың таралуы үлкен әсер етті.
Бірқатар зерттеушілер (Паллас және Ш.Уәлиханов) қазақтардың бұрын білте мылтықтар жасап шығарғанын айтады. ХІХ ғасырдың ортасында ортаазиялық хандықтардан ұзын самқал мылтықтар келді. Кейінірек зауытта өндірілген пистон мылтықтар әкеліне бастады.
Терісі бағалы аңдарды аулау кәсібі дамыды. Таулы аймақтарда аю ауланатын.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|