2001 жылғы 10 мамырдан 15 тамызға мұражайдың Урицкий (қазір Қ.Қайсенов) көшесі, 67 мекенжайдағы ғимаратында «Орта Поволжье мен Приуралье халықтарының материалдық және рухани мәдениеті» атты көрме жұмыс істеді, ол Қазақстан Республиксы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған еді. Келермендер татарлардың, марийлердің, мордвалардың, чуваштардың, удмурттардың этнографиясымен танысты.
Көрмеге мұражай қорынан 112 бұйым, Семей қаласындағы татар қоғамдық орталығының мұрағатынан 13 зат, А.Файзулинаның жеке мұрағатынан 2 фотосурет қойылды.
Назарға алғашқы рет ұсынылғандар: татарлардың ХХ ғасыр басындағы үйлену тойылық киімі – Фатима Хикматуллақызы Гонцованың (туған жылы 1898 (?)) костюмі. Көйлектің төменгі тұсы, камзолдың жиектері оқамен өрнектелген, кеудесінде оқалы әшекей – изю.
Семейден түскен жаңа заттардың: ХІХ ғасыр ортасының жайнамазы – намазлықтың, кеуде әшекейі – изюдің, өсімдіктік өрнекпен кестеленген барқыт қалпақтың өзіндік қызық тарихы бар. Осы заттарды өткізуші Маратбек Зағидуллиннің айтуынша оның атасы Валиулла Зағидуллин ХІХ ғасырдың екінші жартысында Семейден Ташкент арқылы Меккеге аттанғанда қажылыққа осы намазлықты ала барған екен. Ал қалпақ пен кеуделік әшекей оның анасынікі.
Сондай-ақ, Марий Эл Республикасының Ұлттық мұражайынан алынған көгалдық марий әйелдерінің киімі келермендер назарына бірінші рет ұсынылды, ол мұражай қорына сыйланды. Сыйға тартылған заттардың ішінде кәдесыйлық кітаптар, б.д. ІХ – ХІІІ ғасырларындағы көне әшекейлердің көшірмелері, кесте фрагменті, марийлердің тарихы мен этнографиясы бойынша фотосуреттер мен кітаптар болды.