2003 жылғы 1 ақпаннан 4 наурызға дейін мұражай-қорықтың Урицкий (қазір Қ.Қайсенов) көшесі, 67 бойынша ғимаратында «Арарат шыңдарынан Өскеменге дейін» атты көрме жұмыс істеді, ол армян халқының материалдық және рухани мәдениетіне арналған болатын. Көрмені облыстық этнографиялық мұражай мен армян мәдени орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
1999 жылғы халық санағы бойынша Шығыс Қазақстанда 829 армян тұрады.
Көрмеге К.М. Нариманянның, С.Г.Геворкянның, В.А.Овсепянның отбасылық ескерткіштік мұра коллекцияларынан, армян мәдени орталығынан және мұражай қорынан жәдігерлер қойылды.
К.М.Нариманян өзінің әкесі Карапет Варламович Нариманянның (1870 – 1935) ХХ ғасыр басында жасаған көне ағаш келі мен келсабын, енесі Гоар Седраковна Аракилянның ұлттық бас киіммен түскен фотопортретін (1930 жыл) ұқыптылықпен сақтауда. Үй кітапханасындағы оқулықтарын: 1966 және 2001 жылдары армян тілінде шыққан «Әліппені», «Левон Мирзоян Қазақстанда. Құжаттар мен материалдар жинағы» кітабын, Дмитрий Налвалдянның альбомы мен басқаларды ұсынды.
Келермендер үшін А.О.Овсепянның 1920-шы жылдар соңында армян тілінде жазылған құжаттарын көру қызық болды. Бұлар – 1927 жылы Выгоршапат жетіжылдық мектебін бітіргендігі туралы куәлік, Ленинакан ауылшаруашылық техникумын бітіргендігі туралы 1929 жылғы 17 қазанда берілген диплом. Валентина Арютюновна Овсепян трофейлік олжа – ХХ ғасыр басындағы швейцар қалта сағаты мен «Молния» қалта сағатын отбасылық сирек ескерткіш ретінде сақтауда.
Көрмеде Армения Республикасының символикасымен және атрибутикасымен танысу мүмкін болды, оларды С.Г.Геворкян ілтипатпен ұсынған болатын.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|