2013 жылы 9 шілдеде Солжағалық кешеннің үлкен павильонында өскемендік фотограф Сергей Смирновтың жеке ретроспективтік фотосуреттері көрмесі ашылды.
Қазіргі заманғы фотосурет – өнердің толыққанда түрлерінің бірі. Ол өз заңдары бойынша өмір сүріп, дамуда, өзіне тән тұжырымдық және технологиялық ерекшеліктері бар. Алайда, аппаратура мен технология қаншалықты жетілдірілгенімен – бұл орайда адам: оның эстетикасы, стильді түсінуі, дүниетанымы ең басты роль атқарады.
Халықаралық, республикалық, облыстық көрмелерге қатысушы өскемендік фотосуретші Сергей Смирновтың ретроспективті дербес көрмесі оның шығармашылығының кең диапазонын: 80-ші жылдары түсірілген алғашқы ақ-қара фотосуреттерінен бастап, шебердің қолтаңбасы бірден байқалатын соңғыларына дейін назарға ұсынған.
Сергей Смирнов Тәжікстанда, әскери қызметкер отбасында дүниеге келген. 1966 жылдан бері Өскеменде тұрып, еңбек етуде. Бірнеше жыл облыстық телестудияда фотосуретші болып жұмыс істеген. Қазіргі кезде жарнамамен шұғылданып жүр және бос уақытын өзі үшін әуесқойлық қана емес, өмір салтына айналған фотосуретке жұмсайды.
«Ізгілік сәттерін ұстап қаламын...» – оның көрмелік жаңа жобасы осылай деп аталады, ол ұсынылған туындыларының тақырыбын анық көрсете білген және олардың сипатын айқын берген. Фотосуретшінің көркемдік көзқарасының өнермен үйлескен шеберлігі оған өмірді санқилы жағынан көруге мүмкіндік береді. Өзінің шығармашылығымен ол қарапайым ақиқатты паш етеді. Олардың мағынасы мынада, бақыт көптеген дүниелерден тұрады: жылы күн, мейірімді теңіз, гүлдегі шық, ормандар мен даланың көз тұндыратын көк майсасы, балалардың күлкісі, сүю және сүйікті болу бақыты, өз жақындарың үшін алаңсыздық және ертеңге деген сенімділік. Сонымен қоса, өзімізді қоршаған, ылғи да әділетті және ізгілікті бола бермейтін әлемнен жақсыны тани білу. С.Смирновтың шығармашылығы үшін болмыстың эмоциялық ақиқаты, деректің айрықша дәлдігі, бейнелердің көркемділігі тән. Оның фотокамерасының объективі адам көзі ұстай алмайтын сәттерді қағып алады. Адам өмірі осындай көптеген сәттерден – «өткен мен болашақ арасынан» тұратыны сөзсіз.
Фото Алексея Мазницина и Виктора Коржа
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|