2011 жылғы 30 қазанда Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорықтың М.Горький көшесі, 59 мекенжайдағы ғимаратында Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасы елшілігінің көмегімен ұйымдастырылған «Қазақстан. Кеше мен бүгін» атты көрме ашылды. Көрмеде поляк зерттеушісі Константин Николаевич де Лазаридің (1869-1930) түсірген бірегей фотосуреттері назарға ұсынылған болатын. 1897 жылғы халық санағы кезінде ол Жетісу облысы Лепсі уезінің бастығы болған және санаққа қатысқан. 1897-1898 жылдары К. де Лазари Ұлы Петр атындағы антропология және этнография мұражайына Жетісу облысының Лепсі уезі мен Ақмола облысының Көкшетау уезі қазақтарының мәдениеті және тұрмысы бойынша фотоматериалдардың үш коллекциясын жолдаған. Фотоколлекцияда қазақ қыздары – қалыңдықтардың сәукеле киіп түскен суреттері бар, бұлар осындай бас киімдер бейнеленген алғашқы фотосуреттердің бірі болып табылады.
Бүгінгі Қазақстанды бейнелейтін қазіргі заманғы фотосуретшілердің, «Кристалл» фотоклубы мүшелерінің еңбектері көрмені айрықша толықтырып тұрды. Мұражай-қорықтың қорындағы ХІХ ғасыр соңы – ХХ ғасыр басындағы қазақтардың этнографиясы бойынша бұйымдар үлкен қызығушылық туғызуда. Бұлар – әйелдердің күміс әшекейлері, бас киімдер, тұрмыстық заттар мен саятшылық құстарымен аңшылық құруға арналған керек-жарақтар.
Көрменің ашылуына Польша Республикасының Қазақстан мен Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Яцек Ключковски, Польша Республикасы елшілігінің ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесшісі Павел Есса қатысты.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|