Польша Орталық Еуропода орналасқан және Ресейдің Калининград облысымен - 210 км, Литвамен -103 км, Беларусьпен - 416 км, Украинамен -529 км, Словакиямен - 539 км, Чехиямен - 790 км, Германиямен - 467 км шекаралас, теңіз бойы шекарасы (528 км). Польшаның халқын 2016 жылы 38 625 853 адам құраған. Мемлекеттік тілі – поляк тілі, ол үндіеуропалық тілдердің батысеуропалық топшаларына жатады. Поляктардың ақшалай бірлігі – злотый деп аталады, тиындары - грош болып табылады. Астанасы – Варшава қаласы. Діні – негізінен католик христиандар, араларында протестанттар да бар. Польшадан шыққан даналар: Шопен, Коперник, Иоанн Павел II, Вроблевский, М. Ненцкий, К. Ольшевский, М. Склодовская-Кюри, М. Смолуховский, Э. Страсбургер, Л. Ценковский, В. Серпинский, Ф. Ясинский.
Поляктардың дәстүрлі тұрғынжайлары – қиылған ағаштан салынған үйдің төрт еңісті шатыры жабынқышпен, жаңыршақпен, қамыспен, сабанмен, шифермен жабылған. Әр аймаққа өзіндік ұлттық киімдері тән болып келеді. Оларды тігу үшін негізгі шикізат ретінде жүн, зығыр мен кендір талшығы пайдаланылады, сондықтан да бүкіл ұлттық киімдері берік, ұзаққа шыдамды және ашық түсті болып келеді. Әйелдердің кең де бүрмелі, жолақ немесе гүл өрнекті белдемшелері (юбкалары) сирек жағдайда плисселенетін. Белдемшелердің астынан қосымша бірнеше белдемше киетін болған. Ұзын жеңді ақ жейде киеді. Биік жағалы корсаждарын кестемен әшекейлейді. Алшалғыштарының түстері, қиылуы және үлгісі ерекше болып келеді. Қыздар баскиім ретінде дала гүлдерінен жасалған гүлтәж киген немесе үшкіл орамал тартып жүреді. Аяқкиімі – баумен байланатын қызыл тері етік. Сондай-ақ кәріптас, маржан, шыны, ағаш моншақтар тағып, сәнденеді. Ерлердің костюмі: жолақ немесе біртүсті шалбарларын биік қонышты қызыл немесе қара етіктерінің қонышына салып қойып жүреді. Жалпақ манжеталары бар ұзын жеңді көйлектің сыртынан жилет киеді. Ерлердің баскиімі – қайырмасы жіңішке фетр қалпақ лентамен, ұлутастармен немесе қауырсынмен сәнделеді. Поляктардың ас мәзірі: кондитерлік тағамдары – торунь пірәндіктерімен, печеньесімен (новолятки), пончиктерімен, орамаларымен әйгілі. Қой сүтінен ірімшік (гурали) жасайды. Ұн мен колбасадан жур, ашытылған қырыққабаттан квасница, ашытылған қызылшадан баршч сияқты қышқыл көже пісіреді. Қара бидай, сұлы немесе жүгері ұнынан быламық (брыйя) әзірлейді. Бигос — ет, қақталған тағам, саңырауқұлақ, шұжық, пияз бен лавр жапырағын қосып, балғын және ашытылған қырыққабатты бықтырады. Деревняларда шошқа етін кептіреді немесе қақтайды, шұжық жасайды, сиырдың, қойдың етін тұздайды.
2016 жылы Қазақстанда тұратын поляктар санын 31938 адам құрады, ал Шығыс Қазақстандағы поляктар саны198 адам.
«Поляктар» бөлімінде ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы поляк тұрғын үйлері интерьерінің фрагменті, сондай-ақ поляктардың ұлттық костюмдері (Краков өңіріне тән) назарға ұсынылған, оларды Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының елшісі Павел Чеплак 2009 жылы сыйға тартқан. Олардың ішінде, 1882 жылы поляк тілінде шыққан Інжілдің қызығушылық тудырары сөзсіз.