Қазақтардың зергерлік әшекейлері
Бас киімдерге арналған әшекейлер
1. Ай түйреуіш – бас киімге арналған әшекей
ХХ ғасыр басы
800, 921 сынамалы күміс, шыны, паста
Соғу, сымкәптеу, түйіршік, бедерлеу, жозылау
8,9 х 4,4 (см)
22 г 57 мг
Ай түріндегі негізгі бөліктен және шынжырбауларға бекітілген қоңырау тәріздес үш салпыншақтан тұрады.
Негізгі бөлігі дөңгелек пішінді тұтас қасқа орнатылған жасыл таспен әшекейленген, жасыл тастың екі жағында – сары паста толтырылған тамшы тәрізді екі тұтас қас. „Ай” сұлбасының бойымен ширатпа сымкәптеу (“жіп”) өтеді, негізгі бөлігінің ортасы мен бұрыштары алты домалақ түйіршікпен әшекейленген.
Ұзындығы 4,3 см жалғағыш шынжырбаулар күрделі өрілген, ұштарында ірі шығыршықтар. Салпыншақтар ортасында дөңгелектері бар ірі қапсырмалар түріндегі өрнекпен, сондай-ақ “қаз мойын” өрнегімен сәнделген.
Саяси Жұлдыздан сатып алынған, ол 1962 жылы туған, Орта жүздегі “Керей” руы “Ителі” елінің өкілі, Үржар ауданының Көкөзек ауылында тұрады. Саяси Жұлдыз Монғолияның Баян-Өлгей қаласынан 1991 жылы көшіп келген. Ол түйреуішті 18 жасынан бастап таққан. Бұл әшекей оған Бижамал әжесінен қалған.
Баян-Өлгей қаласы. Монғолия
2004 жыл.
КП – 37 - 26118/КДМ зсв 1 – 185
№ 322 акт – 2004 жыл
2. Үкі аяқ – бас киімге арналған әшекей
ХІХ ғасыр соңы – ХХ ғасыр басы
750, 800 сынамалы күміс, перуза, маржан, шыны
Қалыптау, сымкәптеу, керту, дәнекерлеу, ию, өру
14,7 х 7,1 (см)
33 г 09 мг
Өзара сақиналармен қозғалмалы етіп жалғанған екі бөліктен және салпыншақтардан тұрады. Жоғарғы бөлігі – үшбұрышты пішінді, төменгі жағы – үкінің тырнағы тәрізді.
Үшбұрышты тілімінің ортасы дөңгелек жақтаулы мөлдір шынымен әшекейленген, бұрыштарында перуза қондырмалар. Маржан моншақтары бар шағын салпыншақтар үшбұрыштың төменгі тұсына екі жақтан – әр жаққа қос қостан бекітілген. Үшбұрыштың ұшында шығыршықты ілмек бар.
Төменгі бөлігі екіжақты, жаншылған шағын цилиндрден тұрады, оның ортасындағы сопақша қасқа ақыққа ұқсатылған қызыл-қоңыр түсті металл орнатылған. Тікбұрыштың жоғарғы жағы төрт шығыршықпен, бүйір тұстары – ұштарында S-тәрізді бұрамалары бар мәнерлі негіздермен әшекейленген.
Параллель жолақтармен өрнектелген металл жақтаудағы үкінің тырнақтары тікбұрыштың төменгі жағына орнатылған. Металл жақтауға шынжырбаулы жеті салпыншақ (ұзындығы 6,8 см) бекітілген, олардың бесеуі найза тәрізді, екеуі – қос маржан моншақты.
Кәсіби зергер әрі коллекционер Бәшіров Сержан Мұратұлынан алынған, ол 1964 жылы туған, Алматы қаласының тұрғыны, ШҚО Тарбағатай ауданының тумасы.
Қостанай облысы
2005 жыл
КП 40-26970 / КДМ зсв 1 – 190
№ 135 акт – 2005 жыл