Шығыс – Қазақстан облыстық
сәулет-этнографиялық және
табиғи-ландшафтық
мұражай-қорығы

МҰРАЖАЙ-ҚОРЫҚТЫҢ ҚОРЫНДАҒЫ ТІЗІМДЕМЕЛЕР


Қазақтардың зергерлік әшекейлері

Кіріспе мақала

Қазақ халқының зергерлік өнері ерте замандағы шеберлердің тамаша дәстүрлерін жалғастыра отырып, ғасырлар тереңіне бойлай енген. Ол этнос мәдениетін құрайтын маңызды бөліктерінің бірі болып табылады.

Қазақстанның археологиялық олжалары өткен заман зергерлерінің асқан шеберліктерін паш етеді. Мысалы, Алматы облысы, Есік қаласында табылған қалыптау, ойма, батырма, көз салу техникасында орындалған әйгілі Шілікті бұйымдары (б.д.д. 7 – 6 ғ.ғ.), киім-кешегі жануарлар бейнеленген алтын жалпақ қаңылтыр белгімен сәндендірілген (б.д.д. 6-5 ғ.ғ.) ертедегі жауынгер («Алтын жауынгер») жерленген бірегей комплекс. Өздерінен кейін «хайуанаттар стилінің» (б.д.д. ІҮ ғ.) тамаша үлгілерін қалдырған ертедегі берелдік шеберлер өз өнерлерімен таңқалдырады. Зевакино, Ақмер, Құлажорға, Славянка, Юпитер, Пчела селоларының маңындағы зираттардан әдемі ат әбзелдері, үзеңгі және белдік жиынтықтары табылған.

Әшекейлердің кейбір түрлері, мәселен, қимасында дөңгелек болып келетін білезіктер ұзақ хронологиялық кезең бойында көрініс табуда. Оларға ұқсас білезіктер қола, ертедегі темір дәуірлеріндегі зираттардан, ХІІ ғасырдағы Отырар қазынасынан табылды.

Қазақтардың зергерлік өнері кәсіби сипат алды, бұл өндіріс ерекшелігімен байланысты болды. Алтынмен және күміспен жұмыс істейтін шеберлерді «зергерлер» деп атаған, «зер» - парсыша алтын, алтын әшекей деген сөзді білдіргендіктен де «зергерлер» деп атаған. Зергерлер жеке дара жұмыс істеген, шеберліктерін көбіне өз ұрпақтарына мирас етіп қалдырып отырған.

Зергер жасайтын бұйымдардың түр-түрі бай болған: бұған әйелдер әшекейлері, киімге арналған заттар, дене тазалығының жабдықтары, асқа байланысты құралдар, киіз үйдің ағаш бөлшектерін сәндендіруге арналған белгілер, жиһаздар, ағаш және былғары ыдыстар, музыкалық аспаптар, қару-жарақтар, ат әбзелдері енеді. Материал ретінде алтын, күміс, асыл тастар, інжу, маржан, түрлі-түсті шынылар пайдаланылған. Зергерлердің басты өнімдері қоғамның барлық жіктері арасында үлкен сұранысқа ие болған әйелдердің зергерлік әшекейлері болған, бұдан эстетикалық табиғатына ғана емес, сонымен бірге салт-санаға, дәстүрге, барлық идеялық-діни кешендерге байланысты бірқатар функциялық мән-мағынасы айқын танылған.

Қазақ зергерлік өнерінің ерекшелігі шағын түрінің өзіндегі көрнектілігінде және мүсіндік айқындылығында, әшекейлерінің орналасу симметриясы, әшекейі мен негізінің алмасуында. Қазақ зергерлері металдың әдемілігіне әрқашанда білгірлікпен көңіл аударып отырған.

Кейбір деректер бойынша, қазақ зергерлері ХІХ ғасырдың басынын бастап металды, күмісті, алтынды Орта Азияның, Шығыс Түркістанның базарларынан сатып алатын болған. Сонымен бірге, материалдарды әсіресе ХІХ ғасырдың екінші жартысынан Қазақстанда көптеп келген татар көпестерінен де сатып алып отырған. Күмісті сатып алудың белгіленген бағасы болған. Күміс салмағының бір бірлігі (мысқал) 4 грамға тең келген және 20 тиын тұрған. Күміс кесек-кесекпен сатылып, былай айқындалған: күміс кесегі тайдың тұяғындай (бір тай тұяқ) – 80 мысқалға; қойдың тұяғындай көлемі (бір қой тұяқ) – 45 мысқалға; сиырдың көзіндей (бір сиыр көз) – 30 мысқалға тең деп саналған.

Күміс қымбат болса да одан жасалған бұйымдар жиі ұшырасатын. Кейде оларға алтын жалатылатын. Орыстың, қытайдың және поляктың тиын түріндегі күмістері материал түрінде жиі қолданылған. Олардан әртүрлі салпыншақтар жасалған немесе қайрақ түрінде балқытылып зергерлік өңдеу жасауға қолданылған.

Зергер өз үйінде немесе тапсырыс берушінің үйінде жұмыс істеп, ол үшін белгіленген ақысын: іске жаратылған бағалы металл құнының әр сомына бір сомнан алатын болған.

Өлкеміздің көне көз қарияларының айтуы бойынша ертеде шеберлер еңбегіне көбінесе мал: ат әбзелдері үшін – бір тай, белдіктер жиынтығы үшін - бірден сегізге дейін қой, әйелдер әшекейлерінің толық жиынтығы үшін - қырық қой, бір білезік үшін – бір қой беретін болған.

Қазақ зергерінің зергерлік бұйымдар жасау үшін арнайы құралдарының мынадай: төс, балға, іскенже, дәнекерлегіш, түрпі, егеу, әртүрлі шымшуыр, қысқаш, қайшы, шапқы, бұрғы, біз, тескіш, күмісті балқытуға арналған ұзындығы 25 см түтік, көрік, күміс сымды созуға арналған тікбұрышты тесік темір; өрнек салуға түрлі шапқылар сияқты жиынтығы болған.

Зергерлік бұйымдар жасауда қазақ зергерлері түрлі техникалық әдістер қолданған. Әшекейлерді әсемдеуде кертпе жиі пайдаланылған. Заттардың тазартылып тегістелген бетіне кескішпен қырнау арқылы ойма тор ұңғыланып, содан кейін жұқа күміс қаңылтырлар жапсырған және оларды ұрғылай отырып ойыққа кіріктірген. Сым қаптау жұмыстары тек бай тапсырыс берушілердің өтініштері бойынша орындалған. Зергерлер торлау, қаптау, бүршік бұрмалар дайындау технологиясын жақсы білген. Балқытылған күмістен сым соғып, содан кейін оны бір кесек темірдегі диаметрлері әртүрлі етіп тесілген тесіктер арқылы созған. Сымнан қажетті үлгі иген. Тор бұрамадағы өрнектердің бөліктері өзара дәнекерлеп қосылып, жапсырма мен бүршік бөлшектер металл бетке дәнекерленетін болған.

Сондай-ақ, бүршіктеу техникасы да кең таралған. Балқытылған күміс ағаштың үгітінді көмірі араластырылып темір қаңылтырға құйылады, ол сол жерде ұсақ күміс бүршіктер түрінде қатады да суығаннан кейін көмірден тазартылып, бұйымның бетіне дәнекерлеп жапсырылады.

Қазақ зергерлеріне күмісті қарайтудың бірқатар тәсілдері белгілі болған. Соның ең қарапайым түрі: бұйымның бетіне түсірілген іздерге қорғасын, мыс пен күкірт қорытпасынан жасалған сымды енгізе отырып қаққан, содан кейін бұйымды қыздырған. Қыздырудың нәтижесінде өрнекте және бұйымның негізінде қара түс пайда болады.

Зергерлік бұйымдар көбінесе тастармен безендірілетін болған. Қазақ әшекейлерінде олар «тас» немесе «көз» деп аталады. Мұндай салыстырулар кездейсоқтық емес, орнатылған тастар бәрін байқайтын, қорғайтын көз ретінде қабылданып, онда сыйқырлы күш бар деп саналған. Барлық шығыс халықтарында тастарға ғажап қасиеттер таңылған. Мысалы, фирюза жүректі күшейтеді, үрейден арылтады, жауларды жеңуге көмектеседі деп есептелген. Інжу көздің шелін кетіреді, янтарь зобты емдейді, фирюза бақыт әкеледі деген пікір қалыптасқан. Ақық ерекше кең тараған, өйткені ол игілік пен қуаныш тасы деп саналған. Бұл тас әшекей үшін ғана емес, сондай-ақ, көз тиюден қорғайтын тұмар ретінде де қолданылған. Қазақтардың түсінігінде күмістің салттық тазалық киесі бар деп есептелген.

Барлық дерлік зергерлік әшекейлер өрнектермен безендірілетін болған. Көптеген өрнектер мен түрлерінде бұрынғы діни, сыйқырлы жора-жобалар, тотемизм мен табиғатқа табынушылық қалдықтарының бейнелері көрініс берген.

Кейбір жануарлар мен құстар қасиетті, киелі деп саналған. Осылардың қатарына алдымен қой мен тауешкі жатқызылған. Еңалдымен олар рулық тотем деп есептелген. Сондықтан да зергерлік бұйымдарда қойдың мүйізі мен басы бейнесінің кездесетіні тегін емес. Мүйізді бейнелеуде оның қорғаныстық қызметімен бірге байлықтың, малдың көбеюінің белгісі ретіндегі орны ескерілген. Мүйіз тәріздес иректерге сыйқырлы мән берілудің өзі қолданбалы өнердің барлық түрлерінде ою-өрнектік композициялар құру кезінде өзіндік бір рөл атқаратын сияқты: жиектердегі ою көбінесе мүйіз тәріздес иректерден тұрады, мұның өзі тегінде отбасын, жанұяны зұлымдықтың сырттан келетін күштерінен қорғау, сонымен бірге оны байлыққа және бақытқа кенелту идеясынан туындаса керек. Зергерлік бұйымдардың көп тараған өрнектеріне күн бейнесін көрсететін, сондай-ақ, ай тәрізді «ай», «айшық» өрнектерін бейнелейтін шиыршық, бұрандалы сым, айқас сым, гүлөрнектері қолданылған.

«Қошқар мүйіз», «ашатұяқ», «түйетабан», «құсмұрын», «құсқанат» сияқты үлгілер айуанаттар үлгісіндегі бір кездегі жарқын өнердің көптеген сюжеттеріне негізделе отырып скиф пен сақ уақытының тереңіне бойлайды. Күн шапақты және геометриялық үлгілер одан да ертеректе пайда болған. «Тұмарша», «ирек», өсіндісі бар тікбұрышты фигуралар - «тарақ» сияқты әртүрлі үшбұрыштарда, «айшық» сияқты күн шапақты өрнектерде осыдан үш мың жыл бұрынғы (1:С. 30) малшылардың бастапқы өнерінің іздері білінеді.

Зергерлік бұйымдар жасауда түрлі техникалық тәсілдердің қолданылуы әртүрлі сәндік үлгілерімен ерекшеленетін заттар құрайды. Бұдан басқа, әрбір аймақ әшекейдің әр түрлерін безендіруде өз ерекшеліктерін енгізеді. Селдір таспа техникасында орындалған әшекей Солтүстік, Оңтүстік Қазақстанда басым, Орталық және Шығыс Қазақстанда да кездеседі. Мұндағы негізгі материал ретінде жаншылған таспаның артықшылығы басым. Әшекейлер тұтастай және құрама металдан жасалады.

Қалыптау және баспа өрнек техникасында орындалған әшекей Орталық, Шығыс Қазақстанда және Солтүстік Қазақстанның жартылай бөлегінде кездеседі. Әшекейдің қалыпталған элементтері барлық жерлерде бар. Солардың арасында формасының мүсіндігі ерекше сипатқа ие. Бұйым көлемді, бедерлі ою-өрнегі бар, кескіні күрделі. Көлемді пластикалық шешімін тапқан бұйымның бейнелі мазмұны өз бастауын тауып отыр. Қалыпталған бұйымда өрнектер көрінісі айтарлықтай анық, ал, басылған бұйымда – аздап көмескілеу. Өрнек басылған бұйымның заң бойынша күміс, қола, темір, мыс негізі болады. Осы топтағы әшекейлердің формасы және ою-өрнектік шешімі жағынан әртүрлілігі басым.

Батысқазақстандық зергерлік бұйымдар ою-өрнегінің геометризациясы және ірі көлемді формасымен сипатталады. Түйіршік үшбұрыш түріндегі өрнегі бар аралас баспа өрнек жиі қолданылған, әшекейлерді сәндеу үшін өрнектер және жартылай сфера, конустар, түйіршікті таспадан жасалған гүлөрнектер, қарайту түрлері қолданылған.

Солтүстік Қазақстанда безендіру арасында қарайтылған түрлі-түсті тастар салынған торлы зергерлік әшекейлер басым орын алады. Орталық және Шығыс Қазақстанда нәзік бедерленген суреттері бар құйма, қалыпталған, тегіс әшекейлер басты орында. Ал, Оңтүстік Қазақстанда құймаға, қалыптауға, шекімеге, таспаға жағылатын түрлі-түсті кіреуке басты техникалық бағыт болып табылды.

Ұсынылып отырған «Қазақ зергерлік әшекейлері» тізімдемесі (ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың ортасы) – Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығынан. Тізімдемені зерттеу объектісі мұражай-қорық қорындағы тұтастай қазақтың барлық күміс әшекейлері болды. Зерттеу жаңалығы мұражай-қорық қорындағы барлық заттар жөніндегі мәліметтер негізінде қазақ зергерлік әшекейлерін зерттеп, бір жүйеге келтіруге келіп тіреледі. Тізімдеме жасау әдістері мен принциптері әшекейлердің түрлері мен оған ұқсастарын табуға, материалдар іріктеудің ерекшеліктеріне, жасау техникаларын анықтауға негізделді. Тізімдеме нақты заттың географиялық таралуын, тұрмыстағы иелік және этнографиялық ерекшелігін анықтауды мақсат етті.

Материал Ж.Ж. Қайырбекованың «Мұражай-қорық қорынан алынған мыстан жасалған орыстың ұсақ тілімдері». ХҮІІ ғ. – ХХ ғасырдың басы. Өскемен қаласы, 2006 жыл. тізімдемесіне сүйене отырып дайындалды.

«Әшекейлерді топтау негіздері үшін көптеген белгілер бар. Дегенмен, топтастырудың алғашқы принципі – әшекейді киімге, басқа немесе денеге тағу орны бойынша топтау.

Әшекей орны адам денесінің тік бойы (басынан аяғына дейін) – жоғары/төмен – бұл конструктивті күрделі заттарды суреттеудің бірінші деңгейі» (3 :С. 55). Бұл топтастыру негізінен осы тізімдемеде пайдаланылып отыр, оған басқа, мойынға, кеудеге, қолға тағатын әшекейлердің кейбір түрлері, сондай-ақ, зергерлік бұйым ретінде киімге қадайтын ілгектер мен түймелер енгізілген.

Зергерлік бұйымдар үлгілері әшекейлердің қазақ және орыс тілдеріндегі атаулары, шығарылған уақыты, пайдаланылған материалы, орындалу техникасы, сантиметрмен берілген көлемі, грамм және миллиграммен берілген салмағы, қысқаша баяндау, түсу көздері, заттың нөмірі, акт нөмірі, бағасы енгізілген аннотациямен қамтылған.

Әшекейлердің әр түрінің және әрбір ұқсас түрінің үлгілері дайындалған уақытына сәйкес хронологиялық тәртіппен орналастырылған. Егер тізімдемеде шебер туралы мәлімет жоқ болса, онда ол шебер туралы ақпараттың болмағаны. Атауы бойынша көрсетілген аймақ жәдігердің түскен кезеңіне сәйкес келеді.

Бас киімге арналған әшекейлердің, салпыншақ әшекейлердің, сырғалардың, сырға бөлшектерінің, шашқа тағатын әшекейлердің көлемі ұзыны мен жалпақтығы бойынша берілген. Бойтұмарлардың көлемі ұзыны мен жалпақтығын, цилиндрлік бойтұмардікі – ұзыны мен диаметрін, ілгектердікі –егер биіктігі болса ұзынын, жалпақтығын, түйреуіш-түйменікі «тана» - ұзынын, жалпақтығын немесе диаметрін, түймелердікі – ұзынын, шеңберін, сақиналардікі – ішкі диаметрін және шығыршық жалпақтығын, қастың биіктігі мен диаметрін көрсетеді. Мойынға тағатын әшекейлердің - «тамақша» көлемін сипаттағанда ұзыны, жалпақтығы, жекелей алқасының ұзындығы, кеудеге тағатын әшекейдің «алқа» диаметрі, биіктігі, жеке шынжыр баудың ұзындығы ескеріледі. Білезіктердің көлемі үлкен және кіші диаметрлермен, сондай-ақ, жалпақтығымен немесе қимасының диаметрімен берілген. Тастар қондырылған әшекейлер «акқ» (алтын, күміс, қондырма), қалғандары тас салынбаған – «а,к,с» (алтын, күміс, тас салынбаған) болып белгіленген.

Тізімдемеге енгізілген зергерлік бұйымдар Қазақстанның әртүрлі аймақтарын көрсетеді. Заттардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан аймағынан, одан әрі саны жағынан Оңтүстік және Батыс Қазақстан аймақтары болып есептеледі. Кейбір заттардың тұрмыста қолданылуы мен жасалған аймағы бастапқыда белгісіз болғандықтан әшекейлердің ұқсастығына қарай салыстырма және талдау жұмыстары негізінде аймағы шамамен көрсетілді.

Өкінішке орай, адамдардың есінде қалғандары аз ғана зергер-шеберлердің есімдері. Олар: Ұлан ауданынан Рамазан, Қалиақпер Ошақбаевтар, Зайсан ауданынан Дәуітбай Қыдырбаев, Мұстапа Мұхамеджанов, Күршім ауылынан Қашырбай, Катонқарағай ауданы Катонқарағай ауылынан Жібітай, Меновное селосынан Нүриман, Таврия ауданынан Құсайын. Олардың шығармашылығы ХХ ғасырдың бірінші жартысымен тұстас келеді.

Бұрын өткен зергерлер шеберлігінің көптеген құпиялары біздің күнге дейін сақталмаған. Сондықтан әшекейлер жасау техникасы жөніндегі мәселе күрделі болып табылады және ол қазіргі заманғы зергерлердің анықтауы бойынша түсіндіріледі. Қаламыздың зергерлері Әкірам Сүлейменовтың, Евгений Борисович Гавриловтың, Ришат Сәрсенбиннің берген ақыл-кеңестері зергерлік әшекейлер жасау техниксын анықтауға көмегін тигізді. Атап айтқанда, Гавриловтың пікірі бойынша біздің аймақ білезіктерінің әшекейі көбінесе кертпе техникасында орындалған, ол фактуралық және арнайы шекімелердің, зергерлік құралдардың көмегімен соғу арқылы заттың бетіне кертпе немесе басқа да бір өрнектер түсірілген. Бұл жерде күрделі кертпе-түйіршіктеу тәсілін айырып алған жөн.

Тізімдемеде көрсетілген жүз отыз сегіз зат жеке адамдардан алынған. Солардың арасында отыз үш әшекей ШҚО Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының тумасы, кәсіби зергер және коллекционер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «ЮНЕСКО-ның Сапа белгісі» сертификатын алған Алматы қаласының тұрғыны, 1964 жылы дүниеге келген Сержан Мұратұлы Бәшіровтың туындысы.

2003 жылы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Д. Қасейіновтың 2003 жылғы 21 қарашадағы № 28 бұйрығы негізінде Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық мұражайына Алтын және бағалы металдар Мемлекеттік мұражайы қорынан зергерлік әшекейлер берілді. Осы тізімнен отыз үш зат осы тізімдемеде ұсынылып отыр. Бес әшекей көркем салондар мен дүкендерден сатып алынды.

Осы тізімдемеде жүз жетпіс алты зергерлік бұйымдар көрсетілген: екі бас киім әшекейі, екі жұп салпыншақ әшекей, он жұп сырға, екі сырға жұпсыз, сырғалардың екі бөлшегі, шашқа тағатын екі әшекей, мойынға тағатын бір әшекей, төрт бойтұмар, бойтұмардың бір үзігі, кеудеге тағатын бір әшекей, жеті ілгек, ілгектің екі элементі, екі түйреуіш-түйме, он түйме, он бес сақина, жүз бір білезік.

ШҚО Үржар ауданынан бас киім әшекейі үшін «ай түйреуіш» ұсынылған – салпыншағы бар жарты ай түріндегі түйреуіш (№ 1) және Қостанай облысынан «үкі аяқ» бойтұмары (№ 2). «Үкі аяқ» әшекейінің негізін күміске үкінің тырнағы салынып құрастырылған негіз құрайды. «Қазақтар мен қырғыздар «күн құсы» деп үкіні, сұңқарды, бүркітті, қыранды есептеген. Құстардың күміспен көмкерілген тырнағын бойтұмар ретінде тағып жүрген; балаларға көз тимес үшін бас киімдеріне тігіп қоятын болған» (2 : С. 6).

«Шекелік» салпыншақ әшекейін салтанатты жағдайларда ғана тағатын болған. Олар бас киімнің ілгегіне немесе шекедегі шашқа бекітілетін болған. Әшекейдің екі үлгісі кәсіби зергер және коллекционер Сержан Бәшіровтан алынды. Батыс Қазақстаннан түскен «шекелік» (№3,4) екі бөлікті, пішін үйлесімі күрделі, бедерлі өрнекпен жасалған. «Салпыншақтардың» екінші жұбы (№5,6) үш шиыршық сым тәрізді шеңбермен безендірілген, ол да шамалауымызша Батыс Қазақстаннан алынған болуы керек.

Құлаққа тағатын сырғалар қазақ әйелдері арасында ең сүйікті әшекейлердің бірінен саналған. Оларды бала күннен қартайған шаққа дейін таққан. Қазақ сырғалары әртүрлі үлгісімен және нұсқасымен ерекше. Тегіс ою-өрнектелген, жай және пішін үйлесімділігі күрделі, ұзын шынжыр баулы, салпыншағы бар домалақ, өрнекті тастар салынған әшекейлі, шетінде сым шашағы бар қоңырау түріндегі түрлі-түсті пасталы немесе шынылы және басқа да түрлері кең тараған.

Қазақстанда ірі сырғалар айтарлықтай кең тараған. Оларды көргендер қазақ әйелдері «күміс немесе мыс сырғалар тағады, олар үлкен болған сайын құнды болып келеді», күміс сырғалардың салмақты болып келетіні жиі кездеседі, олар құлақ сырғалығын бүлдіреді, кейде оны жырып та жібереді (4: С.169) дейді.

Осы тізімдемеде сырғаның он жұбы, екі сырға жұпсыз және бір жұп сырға бөлшектері беріліп отыр. Ұсынылып отырған қазақ сырғаларының жиынтығы Шығыс Қазақстан аймағында, сондай-ақ, Қазақстанның басқа да аймақтарында әшекейленген.

Көрсетіліп отырған сырғалардың жасалу ерекшеліктері және оларды құлаққа тағу әдістері бойынша ілгекті және мәнерлі сырғалық (имекті) деп бөлуге болады. «Ай сырғаны» - сырғалығы доға тәрізді жарты ай түріндегі сырғаны жеке топқа бөлуге болады. Екі жұп сырғаның (№19,20; №21,22) мәнерлі имегі бар. ШҚО Зайсан ауданынан түскен сырғаның шырша түріндегі сым имегі бар; Марқакөл ауданынан алынған сырғаның үлкен имек ілгегі бар. Қалған сырғалардың және сырға бөлшектерінің ілгек түріндегі сырғалығы бар. Жарты ай түріндегі сырғалар («ай сырға») Қазақстанның барлық аумағында тараған. Біздің жиынтығымыздағы Шығыс Қазақстан аумағынан түскен, жарасымды, классикалық түрдегі, тегіс жарты ай түріндегі екі жұп сырға «ай сырға» бедерлеп және кертіп әшекейленген (Ұлан, Катонқарағай аудандары).

Оңтүстік Қазақстан аумағынан (Алматы облысы) түскен «ай сырғаның» жоғары жағында бесжұлдыз таңбаланған. Бесжұлдыз түріндегі зергерлік бұйымдар Шілікті қорғанын ( б.д.д. 7-6 ғ.ғ.) қазған кезде табылған.

Қазақтар сырғаны жалпы пішін үйлесімі және стилі бойынша жасаған. Бұл жағдайда осы тізімнен сырға жиынтығындағы бірқатар нұсқаларды атап көрсетуге болады. Мысалы, «қозалы сырға», көптеген деректер бойынша көлемді, өзара дәнекерленген екі тілімнен тұратын орталық бөлігі бар сырға. Мұражай коллекциясында Шығыс Қазақстан аймағына жататын төрт жұп және бір бірден екі «қозалы сырға» бар. Барлық «қозалы сырға», бір жұптан басқасы, тастан және шыныдан жасалған салпыншақтармен әшекейленген дерлік. Осы тектес сырғаның екі жұбына алтын жалатылған. «Қошқар мүйіз» өрнегі басылған үлкендеу «қозалы сырға» (ШҚО. Күршім ауданы, №7,8) ерекше айқын көрінеді. Олар біздің тізімдегілердің арасында ең ескіден қалғаны болып есептеледі, жасалған уақыты ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы.

Торланған сырғалар жиынтығындағы ию, дәнекерлеу және түйіршіктеу техникасымен жасалған бір ғана сырға (№15,16) кәсіби зергер және коллекционер Сержан Бәшіровтен алынды. Торлы сырғалар мен тамаққа тағатын алтын жалатылған, найза тектес салпыншағы бар (№33) «тамақша» Өзбекстанның Науаи облысы Тамды ауданынан түскен. Бұл аймақта қазақ этносының өкілдері ерте уақыттан бері тұрып келеді. Олар өздерінің ата-бабаларының мәдениеті мен шеберліктерін сақтап қала алған.

Шынжыр баулы үш салпыншағы бар екі жұп сырға («салпыншақ сырға»). Оңтүстік Қазақстан аумағынан түскен сырғалардың (№9,10) үшбұрыш түріндегі орталық тілімі бар.

Бұрымға тағатын әшекей шаштың ұзыны мен қалыңдығын көрсететінінде сөз жоқ, ал, салпыншақтардың сыңғыры қара ниетті үркітіп жіберуі керек болған. «Шолпы», «шаш теңге» шаштың ұшына таман тағылатын болған. Шашты әшекейлеу негізіне «шашбау» сияқты – күрделі етіп өрілген (екі, кейде үш қатар) бау, күміс тиындар тігілген таспа, құлпырма белгі алынады. «Шашбаудың» соңында баулардан немесе күміс салпыншақтардан жасалған сәнді жібек шашақ болады. «Шашбау» шаштың түбіне тағылып, ұзына бойына түсіп тұрады. Біздің мұражайдан бұрым әшекейі «шашбау» және «шолпы» бір-бір данадан ғана ұсынылғын. «Шашбау» (№ 32) төрт қырлы күрделі өрмеден тұратын қос шынжыр бау, ол екі жағынан жапырақ түріндегі бөлшектермен әшекейленеді. «Шашбаудың» осы түрі (Оңтүстік Қазақстаннан түскен деп болжаймыз) бұрымның екі жағынан бекітіледі. «Шолпы» (№ 31) торлы әшекей және фирюзамен жиектелген ақықпен безендіру техникасында орындалған сопақ және ромбы түріндегі екі салпыншақтан тұрады. Қозғалмалы түрде біріктірілген бөлшектеріне Елизавета және Александр І-ші кезіндегі тиын ақша бекітілген. Бұрым әшекейлеріне тиын ақшалар пайдалану жиі кездескен.



«Бірқатар әшекейлер, атап айтқанда, «тұмар» және «бозбанд» сияқты бойтұмарлар ктеистік және фаллистік белгілермен байланысты болса керек. Олар Таяу және Орта Шығыста, сонымен бірге Орта Азияда да кең тараған. Оларға цилиндрлік, тікбұрышты және үшбұрышты түрлері жатады. Шамасы, бұл ғибадаттардың қалдықтары ХІХ ғасырда Орта Азия халықтарында да сақталып қалса керек-ті. Әйелдер оларды көп балалы болу үшін мойнына, омырауына немесе қолының астына тағып жүретін болған, кейде толғағы жеңіл болу үшін деп мықынына тағып жүрген. Үшбұрышты, басын төмен қаратып жасалған «тұмар» ерте кездің өзінде ктеистік белгі болған, басы жоғары қаратып жасалған «тұмар» - азаматтықтың басы дегенді білдірген. Бірге қосылған екеуі жаңа өмірдің бастауы делінген.(5: С.42; 6: С. 29-31). Егер олар бір негізде болса, онда ромб пайда болады, ол кейбір зерттеушілердің айтуынша әйел белгісі, басқалар пікірінше күн белгісі (7: С.442) екен.

Белгілі археолог Н. Веселовский тұмарлардың белгілерін былай берген: «Бойтұмарлар – көз тиюден және кез келген бәледен сақтайды. Әсіресе, тұмарға дұға оқып, денеңді емдесе, сонымен бірге жаныңды да сақтайды».

Тізімде бес бойтұмар («тұмар») және бойтұмардың бір бөлігі көрсетілген. Солардың арасында «үкі аяқ» бір дана ғана, «тұмар» жиынтығында Қызылорда облысынан бір ғана цилиндр түріндегі қолдың білезігін әдемі көмкеріп тұратын білезігі мен сақиналары бар «бес білезік» бар. «Жұқа торлы білезік» өзінің өрнектілігімен таңданарлықтай әсер қалдырады. Жалпақ білезіктердің басқа түрлерінде сәндік әшекейлер тас салу, түйіршіктер орнату, ширатпамен қаптау, бедерлеп керту сияқты безендірулермен байытылғанын байқауға болады.

Білезік соғатын қалып түрлері де болған. Олар салмақты бұйымдар жасауға қолайлы суырып алынатын темір қайрақ. Қазақ зергерлері білезіктерді ыстық және суық күйінде соғу арқылы жасаған. Олардың бірқатары күміс тілімдерден ойып алынған, күміс сымдардан өрілген, немесе үрлеу тәсілімен жасалған іштері қуыс білезіктер.

Тұтас білезік салмағы 100 грамм, тіпті одан да жоғары болған. Білезік үсті бедерлеу нәтижесінде геометриялық және бос өрнектермен әшекейленген.

Соғып жасалған, салмақты және жалпақ білезіктер Жетісуда, Шығыс, Солтүстік және Орталық Қазақстанда таралған. Батыс- қазақстандықтарға жалпақ, салмақты, ширатпамен, тастармен әшекейленген білезіктер тән. Торғай мен Қызылорда облысында ілгекті, жұқа білезіктер кездеседі, ал, Солтүстік және Шығыс Қазақстанда – салмақты, құйылған, томпақ білезік түрлерін көреміз.

Біздің мұражайдағы қазақ білезіктері дөңгелек және қимасы шаршы – «жұмыр білезік», саны алпыс алты, қалған отыз бесі –орталық бөліктен тұратын шеңбер тәрізді, сопақ, ұшы қабыспаған өрнекті немесе жалпақтығы бірдей иілген тілім түріндегі білезіктер. Барлық білезіктер қатты, яғни қозғалмайтын түрін сақтаған. Мұражайдағы қазақ білезіктерінің жиынтығындағы «жұмыр білезіктердің» салмағы – 181г 578 мг. Жалпақ білезіктердің салмағы анағұрлым жеңіл. Осы тізімдемеде жүз бір білезік енгізілген, олардың төртеуі тас қондырылған білезіктер. Білезіктердің бірінде қытай таңбасы бар, алтын жалатылған (№ 87). Білезіктердің басым көпшілігінде күмістің 500 сынамасы бар.

Қордағы Шығыс Қазақстан аймақтарынан түскен білезіктердің көп бөлегі орта жүз өкілдерінен алынған. Орта жүз қазақтары Орта, Солтүстік және Шығыс Қазақстан аумағын, сондай-ақ, оңтүстікте - Сырдарияның орталық тұсын мекен еткен. Сондықтан осындай ұқсас білезіктер жоғарыда аталған аймақтарда таралған деп айтуға болады. Білезіктердің көпшілігі әсіресе Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының тұрғындарынан және тумаларынан алынған, бүгінде олардың саны жиырма төртке жетіп отыр. Бұрынғы Семей облысы аймағынан он бір білезік түсті. Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай, Зырян аудандарынан түскен білезіктер саны аз.

Жәдігерлер аңызы бойынша көптеген білезіктер қалыңдық жасауының құрамында болған, кейбірін туыстары мен құдалары сыйлаған, немесе күйеу жігіттің үйлену тойына жасаған сыйлығы болған. Ертеде әшекейлер әдетте тапсырыс берушілердің қалауы және тілегі ескеріліп, тапсырыс бойынша жасалатын болған, кейіннен зергерлер дүкенінен сирек сатып алынған.

Біздің аймақ білезіктерінің ерекшелігі түрлері мен жасалу жолының қарапайымдылығы, өрнектерінің аса шамадан тыс болмауы. Әшекей сәні бедерлеу, қалыптау, керту техникасы арқылы жасалады.

Білезіктерді безендіруге қолданылатын айшықтар геометриялық, космогониялық, зооморфтық және өсімдіктер түрінде әртүрлі болып келген. «Құс ізі», «тышқан «зі», «құстар» өрнектері Ұлан ауданынан алынған білезіктерде жиі кездеседі. Ал, күн белгілерін, ай мен жарты ай бейнелерін, гүлдер мен жапырақтар түріндегі өсімдік тәріздес өрнектерді, сызбалар мен сызықтар түріндегі геометриялық өрнектерді облыстың барлық аймақтарының әшекейлерінен көруге болады. Зергер және коллекционер Сержан Бәшіровтың коллекциясынан алынған бірқатар ақық тастар қондырылған білезіктер (№ 37) Батыс Қазақстаннан түскен болу керек деп болжанады. Қалған даналардың негізіне үшбұрышты тілім алынған, сонымен бірге ШҚО Ұлан ауданынан түскен бойтұмардың (№ 38) үзіктері.

Батыс Қазақстан аймағынан түскен ұзын шынжыр баулы омырауға тағатын «алқа» (№ 39) Ленинград қаласындағы антиквар дүкенінен алынған.

«Қапсырма», «ілгек» түрлерінің әртүрлілігімен ерекшеленеді. Олар әдетте камзол жағасын белімен жалғастыратын болған, бірақ кейде сәндеу үшін тігінен бірқатар ілгектер қадалған. Жиынтықта жеті қос және екі жеке ілгектер элементі бар. Семейден түскен «қапсырманың» екі үлгісі (№ 42, 43) түрі жағынан балықтың бірге қосылған екі құйрығына ұқсайды. Балықтың, оның қабыршағының, құйрығының бейнесінің зергерлік бұйымдарда кездесуі тегіннен-тегін емес. Балықтар жарқын символға, яғни, атап айтқанда, суға байланысты тазалыққа жатқызылған. Бұл ілгектер қарайту техникасын қолдана отырып, өрнектермен сәндендірілген. ШҚО, сол кездегі Таврия ауданының Меновное селосынан алынған «қапсырманың» гүл жапырақтары түріндегі екі жеке элементтері де (№ 47,48) қарайту техникасын қолдану арқылы жасалған. ШҚО, Күршім ауданынан алынған бір ғана торлы ілгек (№ 45) түрлі-түсті тастармен безендіріліп, ширату техникасымен жасалған. Батыс Қазақстаннан (№46), ШҚО, Марқакөл өңірінен түскен (№ 44) ілгектерде ең басты сән беріп тұрған «ақық» тасы. Атырау облысынан түскен «қапсырма» (№41) сопақ шынылы түрде, екі деңгейдегі қаспен әшекейленіп, түйіршік үшбұрышымен сәндендірілген. Жиектеріне ортасында түйіршігі бар ақықпен немесе «ақыққа ұқсас» материалмен ерекшеленетін геометриялық композициялармен әшекей өңдеуін қолдану тек батысқазақстандық зергерлердің зергерлік бұйымдарында сақталған. Оңтүстік-Батыс Қазақстаннан түскен ілгек (№ 40) жоғары жағында күмбез төбесіндегі жалын тәріздес әшекеймен сәндендірілген.

Ілгектер, түймелер киімдерге тек кейбір бөліктерін қосу үшін ғана емес, сонымен бірге киімнің тұтастай сәнін келтіру үшін де қолданылған. Түймелер жиынтығының ондаған түрлері ұсынылған. Семейден түскен бестүйме (№ 56,57,58,59,60) конструктивті және сәндік шешімдері бойынша ұқсас. Бұл түймелердің барлығы шар тәрізді, ұзын ілгекті, шағын бір көлемде жасалған. Түйменің негізі – домалақ тас, пасты және шыны. Солтүстік-Шығыс Қазақстаннан түскен маржанмен және фирюзамен безендірілген қос түйменің (№ 54,55) түрі осындай, бірақ көлемі екі есе үлкен.

Жапырақ түріндегі төрт қырлы торлы түйменің бір ғана данасы (№ 53, Солтүстік-Батыс Қазақстан). Түймелер жиынтығының ішіндегі ең ірісі Батыс Қазақстаннан түскен шеті пирамида тәрізді (№ 51) «торсылдақ түйме». Үлкен түймелер сырт киімге арналған.

Әшекейлердің жек топтарына түйреуіш-түйме деп те саналатын «тана» жатады. Мұражай коллекциясында осы әшекейлердің екі үлгісі бар. «Тана» (№ 49, болжаммен Батыс Қазақста ) дөңгелек тілім тәрізді болып келеді. Ортасы биік, тұтас қасқа орнатылған сопақ пішінді ақықпен безендіріледі. Шағын көлемдегі, дөңгелек «тана» (№ 50, болжаммен Батыс Қазақстан), негізі қоңыр түсті «ақыққа ұқсас», түйіршіктің үшбұрышымен әшекейленген.



Қазақ сақиналары әртүрлілігімен және әшекейлігімен ерекшеленеді. 1914 жылы Торғай даласына саяхат жасаған Дм. Львович былай деп жазды: «жүзік шын мәнінде әуестікке айналған... жіңішке күміс сымнан таңқаларлықтай етіп бұралған, сол металдан әшекейленген, фирюза мен ақық бөлшектері қосылған өрнекті салпыншақ – бұлар шығыс өнері мен талғамының нағыз, аса көрнекті үлгісі» (4: С. 168).

Жүзіктер мен сақиналар кең тараған әшекейлер болған, оларды 3-4-тен, салмақты үлгілерін қоспағанда, шешпестен таққан.

Қазақтың зергерлік әшекейлерінің үлкен семантикалық жүгі болған деп санайды тарихшы Ирина Ерофеева. «Ғылыми және ғылыми-кең тараған басылымдарды хаттағанда, сондай-ақ, қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнерде негізінен өрнектердің сол бір ғана түрлерінің саны анықталады. Сонымен бірге, зергерлік әшекейлермен және баспа оттискісімен танысқан кезде дала әкімдері: өрнектер жиынтығы айтарлықтай ауқымды және әртүрлі болған дейді. Бірақ оларды, басқа да белгілер сияқты, біздің суретшілеріміз бен сәндеуші шеберлеріміз әлі де жете танып білмеген.

Өткен ғасырлардың жазба материалдарына сәйкес, баспа жүзіктердің кескін көрінісі бойынша баспа иесінің қай жікке жататынын білуге болатын болған. Сөйтіп, тамшы тәрізді түрін билеуші топтар, қасиетті жік – қожа - дөңгелек баспа жүзік, старшиналар мен батырлар – сопақ, алмұрт тәрізді және шаршы баспа жүзіктер тағатын болған» (8).

Белгілі екеніндей, сақина –шеңбер тәрізді әшекей, сәнді безендірілген, саусаққа киетін әшекей. Бағалы тастары бар сақина, қалыптасқан түрде жүзік деп аталады, бірақ бұл атау соңғы уақытта қолданудан шығып барады. Қазіргі уақытта «сақина» атауы барлық сақина түрлеріне қолданыла беретін болды. «Сақина» термині негізінен осы тізімдемеде де қолданылады. Сақина мынадай элементтерден тұрады: шығыршық, үстіңгі беті, жапсырма. Шығыршық – саусақты орап тұратын сақинаның негізгі бөлшегі. Үстіңгі беті – сақинаның бір бөлігін сәндендіріп, қоспа мен сыздығы бар қастан тұрады. Егер үстіңгі беті қоспасыз болса, оны қалқансыз дейді, мысалы, баспа сақина. Жапсырма –шығыршықты екі жағынан үстіңгі бетіне қосып тұратын сақинаның сәндік бөлшегі. Тізімдемедегі сақинаның көлемі – шығыршықтың ішкі диаметрі, шығыршықтың ең жалпағы, қас пен қалқанның диаметрі.

Осы тізімдемеде әртүрлі түрдегі және сәндік сақиналардың он бесі көрсетілген.

Солардың арасында – «құс мұрын жүзік» туралы айтайық. Құс бейнелері сәндік өнер бұйымдарын ресімдеуде тараған. Құс жақсылық күшін бейнелеген, өзін бақыт пен бостандық күші ретінде танытқан. Бес сақина «құс мұрын жүзік» тізімдемеде көрсетілген. Екі сақина Шығыс Қазақстан аймағына жатады, олардың бірі (№ 69) алтын жалатылған. Жиынтықтағы бір ғана сақина оймақты «құс тұмсық» Оңтүстік Қазақстаннан түскен (№67), осыған ұқсас сақина үлгісі, бет жағы торлы (№65), Батыс Қазақстан аймағының сәндік үлгісі.

«Құдағи жүзік» қыз енесінің қалыңдыққа деген қамқоршылық ізгі ниетіне құдағиының сыйлығы. Мұражай коллекциясында осындай екі сақина бар. Олардың бірі – сопақ қалқаны бар, күн, ай және шаян (№ 63) тәрізді сәндік өрнектер салынған Шығыс Қазақстан аймағынан түскен сақина. Екіншісі Батыс Қазақстаннан түскен екі шығыршықты салмақты сақина (№ 62). Сақинанның біріктірілген шығыршықтары екі жүрек қосылысын білдіреді. Қос шығыршықты «құдағи жүзік» Батыс Қазақстанда тараған.

ШҚО, бұрынғы Таврия ауданынан түскен үстіңгі беті ромбы түріндегі сақина (№ 74) мол түйіршіктермен жасалған. Ромб түріндегі бейнелер қазақтардың сәндік зергерлік бұйымдарында жиі қолданылған.

Әйелдер қолын «білезік» сәндендіреді, оларды бір-бірден немесе екі қолына қос-қостан, кей кезде бір қолға екі білезік тағатын болған. Білезіктер тұтас және құрамалы болып келеді. Құрама дегеніміз: шарнир тәсілімен қосылған екі-үш бөліктен тұратын - «топсалы білезік» немесе қақпақшалар арқылы қосылған - «қақпақ білезік». Қимасында дөңгелек, текше болып келетін «жұмыр білезіктер» салмақты да көрнекті болып келеді, олардың орталық бөліктері жұмыр, ал ұштары кейде жыланбас тәрізді етіп жасалады. Жиекке орнатылған тастар жылжымалы етіп жалғастырылған «тасты білезік» аса көркем көрінеді. Білезіктерді жасаудағы күрделілік пен өзіндік ой сол бұйымда шебердің аты жазылып қалғандығымен ерекшеленеді. Онда араб әрпі, қазақ тілі қолданылады. ШҚО, Тарбағатай ауданынан түскен сапфирмен әшекейленген екі білезік (№142, 143) тартымды өрнегімен көзге түседі. Бұл әшекейлер ХІХ ғасырдың ортасына жатады, сол уақытта қалған заттардың басым көпшілігі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жасалған. Бұйымдарды жасаудың стилі, техникасы қазақ зергерлерінің ХІХ ғасырдың басы мен ортасында әшекейлер жасау үшін техникалық құралдардың үлкен арсеналдарын жоғары көркем талғаммен пайдаланғандығын байқатады.

ҚР Алтын және бағалы металдар Мемлекеттік мұражайынан түскен әшекейлер қазақ білезіктерінің жиынтығын он төрт жәдігерге толықтырды. Он төрт білезіктің он екісі қос білезік болғандығы қуантарлық жай. Әшекейдің мәнерлі таяқшалармен және күн белгісімен сәндендірілген екі жұбы Шығыс Қазақстан аймағынан. Зергерлік бұйымдар әртүрлі техникаларда орындалған. Олар бедерлеу, шеку, қалыптау, қарайту, сіркелеу және басқалар. Барлық білезіктер ұштары қабыспаған, жалпақ болып келген, олардың екеуі қызыл-қоңыр ақықпен безендірілген. Өкінішке орай, жәдігерлердің алғашқы иелері туралы мәлімет жоқ. Қолданыста болған аймағы және жасалған уақыты белгілі. Білезіктер ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырға жатады.

Формалары мен әшекейінің өзара үйлесімділігімен ерекшеленетін қазақ әшекейлері халық шығармашылығының жарқын беті болып табылады, ұлттық мәдениет қазынасына енеді.



1. Асан Бахти. Шумерлер. Скифтер. Қазақтар. – Алматы, «Көшпенділер» баспа үйі, 2002.

2. С.В. Иванов. Сібір халықтарының өрнектері тарихи қайнар көз сияқты. – М.-Л., 1963.

3. Э.А. Масанов. Қазақ ауылындағы ұсталық және зергерлік қолөнері. – Алматы, 1961.

4. В.М. Массон. В.И. Сарианиди. Қола дәуірдегі ортаазиялық күйдірілген сары саз. – М., 1973.

5. Мұражай заттарын ғылыми баяндап жазу жүйесі: Анықтама. – Санкт-Петербург, Ресей Этнографиялық мұражайы. 2003.

6. А.А. Серкина. Ертедегі қытай жазуының шифрды жай жазуға айналдыру тәжірибесі. – М., 1973.

7. Н. Сычева. Орта Азия мен Қазақстан халықтарының зергерлік әшекейлері. – Мәскеу, Советский художник, 1984.

6. Г. Шымырбаева. Қазақ киімі: қажетті зерттеулер. «Казахстанская правда», 18. 11. 2005.


Тізімдеме құрылымы:


• Реттік саны;

• Заттың қазақ және орыс тілдеріндегі атаулары;

• Жасалу күні;

• Жасалу техникасы;

• Көлемі, салмағы;

• Баяндап жазу;

• Зат туралы білім қоры және аңыз;

• Жасалу орны, қолданыс аймағы;

• Мұражайға түскен жылы;

• Түскені және түгелденгені жайлы кітап бойынша сандары;

• Түскені жайындағы акт саны;

Беттің басына© 2010 Шығыс – Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы